Қазақстан • 26 Мамыр, 2017

Түркі тілінің халықаралық мәртебесі туралы мәселе қозғалды

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Ұлы дала» II гуманитарлық ғылымдар форумы аясында әлемнің 20-дан астам мемлекетінен келген 300-ге жуық ғалымдар мен сарапшылар түркі мәдениеті мен мұрасы, ғылыми интеграция, әдемдік өркениет, мемлектеттердің экономикалық дамуы төңірегінде өз ойларымен бөлісті.

Түркі тілінің халықаралық мәртебесі туралы мәселе қозғалды

Мәселен, АҚШ-тағы Мичиган штаты университетінің Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры Норман Грэм «Әзербайжан, Қазақстан және Ресейдегі экономиканы әртараптандырудың саяси экономиясы» деген тақырыпта жасаған баяндамасында табиғи ресурстарды экспорттаудың тиімділігі, мемлекетті экономикалық жағынан дамытудың негізгі факторлары, елдердің еңбек өнімділігін арттыру, капитал нарығының өсуі секілді мәселелер жайында өз ойын ортаға салды. Әсіресе, Әзербайжан мен Қазақстанның экономиканы диверсификациялау бағытында ұстанған саясатына жан-жақты тоқталды.

ЮНЕСКО істері жөніндегі Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы Өжал Оғыздың «Түркі тілінің халықаралық қауымдастық өміріне енуі» тақырыбындағы баяндамасында айтылған ойлар да құнды көрінді. «Өздеріңіз білетіндей, қазір  әлем жаһандану үдерістерін бастан кешіп жатыр. Біз үшін оның өзіндік мәні мен әсері бар. Неге, себебі, бүгінде жойылуға аз қалған тілдерді сақтау мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Ал ондай тілдер жойылса не болады? Онда тек халықаралық тілдер ғана қалады. Сондықтан, біз осы өзекті мәселе туралы жан-жақты ойланып, айрықша назарда ұстауымыз керек», – деді Өжал Оғыз.

Бір атап өтерлігі, бұл күнгі форум аясында Халықаралық Түркі академиясының соңғы жылдары жарыққа шығарған кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»