Ұлттық академиялық кітапханада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесі ашылды.
«Халық үшін, ел үшін аянбай тер төкті» деген сөз біреулерге жалған патриотизм сияқты естілуі мүмкін. Және де ондай азаматтар кешегі кеңестік кезеңнің тұсында өмір сүрген болса, күдіктене қараушылар тіптен көп болуы заңды құбылыс. Бірақ қалай десек те тарих сабақтастығы саналы ғұмырын туған халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған адал да әділетті жандардың санадағы саңлақ бейнесін қайта жаңғыртып, мұрасын мұқалтпай жеткізуде толайым міндет атқарып жатқанына куәміз. Алып таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні тәрізді, соңындағы сом туындыларымен мәңгі жасамақ сондай тұлғаның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығына орай өткізілген шараның өнегелі өрнегі өшпек емес. Өнегелі деп айтып отырған себебіміз, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында есімі ерекше ардақталуы тиіс екі ғалым болса, соның басында қашанда ұлттық мәдени мұраны сақтап қалуға барынша тер төккен Өзбекәлі Жәнібековтің есімі тұратыны зиялы қауымның талассыз мойындар шындығы. Басқосуда сөз сөйлеген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, ақын Фариза Оңғарсынова, белгілі жазушы Төлен Әбдік, Парламент Сенатының депутаты Ақан Бижанов, Мәдениет министрлігі Тарихи-мәдени мұралар басқармасының бастығы Базарбай Алтаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейден Жолдасбаев сынды кезінде Өзекеңмен бірге қызмет істеген, дәмдес болған адамдардың шерткен сырлары мен көрсетілген деректі фильмнен кейінгі ұрпақ тың деректерге қанығары сөзсіз.
Этнограф-ғалымға деген құрмет пен ізет аз деп айтуға тағы болмас, оның есімін иеленген өнер ұжымы, білім ордасы, көшелер тұрғанда әрине, қайраткер тұлғаға ел-жұртының сүйіспеншілігі асқар таудай көрінері сөзсіз. Алайда ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында өткенге тағы да көз жүгіртіп, зер салу міндет десек, әлі де кешегі күннің жетпей жатқан жаңғырығы мол екенін жоққа шығара алмаймыз. «Мерзімді басылым беттерінде», «Қазақ этнографиясының жанашыры», «Рух сардары», «Өзбекәлі Жәнібеков және ұлттық құндылық» дейтін бөлімдерден тұратын кітап көрмесі оқырманды ғажайып тағдырдың мөлдір бастауларына жетелей түсері анық. «Жолайрықта» кітабының қысқаша түсініктемесіндегі «Қазақ қоғамының айналадағы ортаны эстетикалық тұрғыдан игерген іс-тәжірибесімен тікелей байланысты халық сәулеткерлігіне арналған, қазаққа қатысты этнографиялық әдебиетте алғаш рет жылжымалы баспана мен тұрақты мекенжай үлгілерін ғылыми жағынан жіктестіргенімен ғана емес, оларды мемлекеттік есепке алу, қалпына келтіру, қорғау, өнегелі тұстарын қазіргі тұрмысқа пайдалану арқылы халқымыздың өткен өміріне, тұрмыс-салтына, наным-танымына, талғамына, өндіргіш күштеріне, құрылыс мәдениетіне ілтипатпен қарауға ынталандыратын дүние» деп көпшілікке берілген аз-кем мағлұматтың өзінен ғалымның ұлттық сәулет өнері тарихын баға жетпес құнды туындымен толықтырғанын көреміз. Бір бұл ғана емес, 1990 жылы оның басқаруымен «Арқас» қоғамы дүниеге келіп, Қазақстанның тарихы мен мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткенде, республиканың әр өңірінен рухани қамқорлыққа зәру қаншама көне жәдігерлердің табылғанын жұртшылық әлі жадынан шығара қойған жоқ. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасындағы іс-шаралардың бірқатары сол кездің өзінде іс жүзіне асырыла бастағанын растайтын тарихи айғақтар көптеп табылады. «Қазақ қолтумасының мәдениеті», «Алтын домбыра туралы аңыз», «Уақыт керуені», «Жаңғырық», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы», «Қазақтың ұлттық киімі» «Уақыт керуен» секілді тамаша этнологиялық кітаптарының қай-қайсысын алып қарасаңыз да, мәдениет пен тілдің, дәстүр мен әдет-ғұрыптың жаңа дәуірмен жалғасуына өлшеусіз тер төккен нағыз еңбекқор адамның тынысын сезесіз. Ол көптеген облыстарда этнографиялық мұражайлардың ашылуына, айтыскер ақындардың дәстүрлі жыр додасының жалғасуына, халқымыздың ұлттық мерекесі – Наурыздың республикалық деңгейде тойлануына бірден-бір ұйытқы болған мәдениет пен өнердің таза жанашыры еді десек те, оған мысалдар жетіп артылады.
Тәуелсіздік мерекесі мен қайраткер тұлға мерейтойының биыл қатарласып келіп жатуының өзі бекер емес. Елдік мәселені ту еткен турашыл бейнесімен есте қалған азаматты жырға қосқан ақын Фаризаның кеште оқыған өлеңі сол биікке халқының мәңгі тағзымы іспетті еді.
Маңдайына біткен халқымның,
Дара тұлға едің, жан аға!
Сөнгендей көкте алтын күн,
Түнерді бүгін дала да.
Жайсаңдар кетті,
Кім қалды?
Сәуле себуші ең санаға,
Сұңқардай сұлу тұлғаңды,
Сұм ажал алып бара ма.
Сүйсінсең жүзің нұрланып,
Жалғандық сезсең, шарт сындың.
Өнерлі болса, тұлға ғып,
Жас балаға да бас бұрдың.
Жарамсақтарды жасқадың,
Шындықты айтудан қашпадың.
Қандай сайларда жүрсең де,
Биіктерге елді бастадың, – деген жолдардан тұлғаның кескін-келбеті ой төріне шынайы кестеленер еді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.