27 Қыркүйек, 2011

Салех биліктен кетуге келісетіндей

291 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Йемен президенті Али Абдулла Салех Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтас­тығы кеңесі ұсынған өзінің биліктен кетуі туралы ұсынысты қабылдайтын жоспар құрғаны туралы мәлімдеді. Мемлекеттік телевизияға берген сұхбатында ол вице-президент Абдураб Мансұр Хадиге оппозициямен жоғары­дағы жоспарға қол қою туралы келіссөз жүргізу өкілеттігін бергенін атап көрсетті. Салех жақын арада елде президенттік, парламенттік және жергілікті сайлаулар болатынына үміттеніп отыр. Бірақ ол дәл қай кезде ресми түрде орнынан кететінін нақтылаған жоқ. ҚОСЫМША МАНДАТ ӘПЕРДІ 25 қыркүйекте  болып өткен Франция сенатының сайлауында оппози­ция­лық солшыл партиялар өздерін тұңғыш рет көпшілік орынмен қам­тамасыз етті. Алдын ала дерек бойын­ша, 348 орынның 170-інің тағдыры шешілген сайлау солшыл коалицияға 24-тен 26-ға дейін қосымша мандат әперді. Осылайша солшыл партиялар сенаттағы көпшілікке 1958 жылдан бері тұңғыш рет қол жеткізе алды. Байқаушылардың пікірінше, сайлау нәтижелері 2012 жылдың мамырындағы президенттік сайлау алдында социалистердің позициясын айтарлықтай нығайтатын болады. Ел президенті Николя Саркози сайлаудың қоры­тын­дыларынан көңілі қалғанын ашық білдірді. ТЕЛЕАРНА СТУДИЯСЫН БАСЫП АЛДЫ Грек студенттерінің бір тобы жексенбі күні кешкісін мемлекеттік NET телеарнасының студиясына басып кірді. 50 адамнан тұратын топ телеарна басшылы­ғы­нан жоғары білім беру реформасына қарсы наразы­лық­тарын білдіру үшін өздеріне эфир берілуін талап етті. Телеарна басшылығы студенттердің талабын орындаудан бас тартып, кешкі жаңалықтар шығарылымын эфирден алып тастау туралы шешім қабылдады және оның орнына деректі фильм көрсетті. Ал парламент жанына жиналған жастарды қуып тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды. Жалпы, Грекияда әлеуметтік-экономикалық жағдай күн өткен сайын күрделене түсуде. МЕДВЕДЕВ ҮКІМЕТІНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ Ресей вице-премьері,  қаржы министрі Алексей Кудрин Дмитрий Мед­ведев­тің үкіметінде жұмыс істемейтінін мәлімдеп отыр. Мен өзімді жаңа үкіметтен көрмеймін. Бұл жерде мәселе маған ешкімнің ұсыныс жаса­ға­ны-жасамағанында да емес, дейді ол. А.Кудриннің айтуынша, өзінің қазіргі президентпен арадағы пікір қайшылығы оған жаңа үкіметке баруға мүмкіндік бермейді. Ол қандай қайшылық дегенге келсек, экономикалық саясаттағы, оның ішінде әскери мақсаттарға айтарлықтай қаржы қажет ететін саясатқа қатысты қайшылықтар көрінеді. Вице-премьердің пікірінше, В.Путин президенттікке сайланған жағдайда, реформаларды белсендірек жүргізетін болады. ЛАҢКЕСТІК ТОПТАР ҚҰРДЫ ДЕП АЙЫПТАДЫ Пәкстан сыртқы істер министрі Хина Раббани Хар Кабулдағы АҚШ елшілігіне шабуыл үшін мойнына жауапкершілік алған «Хаккани» тобын АҚШ-тың Орта­лық барлау басқармасы секілді арнайы қызметтері ұйымдастырған деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, ОББ-ның басқа да лаңкестік топтармен байланысы бар. Бұған дейін АҚШ билігі «Хакканиді» Пәкстанның ведомствоаралық барлау қызметі қолдап отыр деп айып таққан болатын. Пәкстан өзінің лаңкестермен байланысы жоқ екенін айтып ақталған еді. Енді Хина Раббани Хар мұндай айыптаулар тыйылмайтын болса, АҚШ-пен  одақтастық қатынасы үзілетінін мәлімдеді. ХАЛЫҚТЫ ҮШІНШІ ТӨҢКЕРІСКЕ ШАҚЫРДЫ Қырғызстан президенттігіне тіркеу туралы процедурадан 20 үміткер табысты өтті. Үміткерлерді тіркеу 24 қыркүйекте аяқталған болатын. Барлығы сайлауға қатысуға 83 кандидат ниет білдірсе, іріктеліп тек 20-сы ғана қалды. Кандидаттардың көпшілігі 30 мың қол жинай алмаса, бірқатары 100 мың сом көлеміндегі кепілдік ақша таппаған. Мемлекеттік тілді білу туралы емтиханнан сүрінгендері де бар. Кейбір үміткерлер өз ұсыныстарынан саяси сарынмен бас тартты. Сондай жолы болмағандардың бірі Кубанычбек Апас отандастарын көшелерге шығуға үндеп, іс басындағы билікті тағынан тайдыруға шақырды. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Кенияда 72 жасқа қараған шағында 2004 жылғы Нобель сый­лы­ғының лауреаты Вангари Маатаи қайтыс болды. Ол – Но­бель­дің бейбітшілік сыйлығын алған алғашқы африкалық әйел. АҚШ 2009 жылы Израильге құпия түрде 55 GBU-28 басқарылатын авиабомба берген. Бұл туралы The Daily Beast басылымы жария етті. Түркіменстан бас прокуратурасының 5 қызметкері Ресей азаматтары болғандықтары үшін қызметтерінен босатылды. Олардың қандай лауазымдар атқарғандықтары нақтылан­байды. Үкімет әскерлері дүйсенбіге қараған түні Сирияның орталық бөлігіндегі Растан қаласын қоршауға алды. Олар шаһарға бағыттап түрлі қарудан оқ жаудырған. 26 қыркүйекте болған сауда-саттық барысында алтынның бағасы 6,4 пайызға түсіп, унциясы үшін 1552 доллар төленді. Сөйтіп, бағасы шарықтау шегіне жеткен үш аптадан бері алтынның құны 19 пайызға арзандады. Кабулдағы АҚШ елшілігін атқылау салдарынан бір Америка азаматы опат болса, тағы біреуі жарақат алған. Оқ жаудырған Ауғанстан азаматы көрінеді. Ол да оққа ұшыпты. Ресейліктер қаржы рыноктарындағы жағдайдың ушығуына байланысты жаппай доллар сатып ала бастаған. Соңғы екі аптада қолма-қол валютаға сұраныс 30 пайызға дейін өсіп кеткен. Интернет материалдары негізінде әзірленді.