29 Мамыр, 2017

Қайсар рухты қарғалдақтар

569 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызғалдақтар, сарғалдақтар... Әсем әннің арқауына айналған әдемі гүлдер. Аттары әмбеге аян. Ал, енді көктемде көк белдерді көмкеретін осы­нау көркем өсімдіктердің тұқымы ерек туысы – қарғалдақтар туралы көп біле бермейміз.

Қайсар рухты қарғалдақтар

Өйткені, ол асқар Алтай, еңселі Еренқабырға, әлем шатырындай әйдік Памир секілді сеңгір таулардың адам аяғы жете қоймайтын жерлерінде өседі. Ақ қарда қауызын ашады. Қақаған суығыңа қарамайды. Табиғаттың тылсымына таңданбасқа шараң жоқ. 
Адамды ауыр мұңға батыратын АЛЖИР музейінің табалдырығын аттаған бойда-ақ бірден көзге түсетін көрнекті композицияда бейнеленген – қара тасты қақ жарған жалғыз тал жауқазынды көргенде көңілім құлазыса да, оптимистік ойға берілдім. Қатал табиғаттың қаһарынан қаймықпайтын қарғалдақтар мен тағдырдың тасыр соққысынан тайсалмаған қайсар мінезді тұтқын әйелдердің арасынан ұқсастық тапқандай болдым. 
Кешегі кеңестік кер замандағы солақай саясаттың кесірінен тұлпар мініп, ту ұстаған талай тұлғаларымыз жалған жаламен жазықсыз атылғаны белгілі. Аңырап артында қалған бала-шағасы «отанын сатқан опасыздар отбасының мүшелері» есебінде қуғын-сүргінге ұшырады. Кең-байтақ КСРО халықтар түрмесіне айналды. Қаралы Қарлагтың 26-шы нүктесі – АЛЖИР соның бір айғағы. Мұнда негізінен күйеулерінің «қылмысы» үшін нақақтан күйген мұңлықтар жазасын өтеді. Сондай-ақ, 37-нің ойранына ұшыраған қаптаған қайраткерлердің әпке-қарын­дастары, тіпті қаршадай қыздары да осы лагерьге айдалды. 
Алаш арыстарының аяулы жарлары аяусыз азап шекті бұл арада. Арқаның ақырған аязы, ақ түтек боранымен алыса ауыр жұмыстар істеді. Қабырғалары қайысып қамыс шапты, масаға таланып мал бақты. Одан қалса тігін цехтарын ашып, майдандағы әскерге киім-кешек жөнелтті. Өздерінің аш-жалаңаш екен­деріне қарамай, өзгелердің жағ­дайын жақсартуға аянбай атсалысты. 
Ең бастысы, етегінен ұстаған арыс­тай азаматтарынан оларды ешкім айныта алмады, беттің арын белдеріне түймеді. Қорлық-зорлықтың қисапсыз қиындықтарына мойымады. Қарақан бастарының қамымен адалдықтың ала жібін аттамады. Ар-намыстарын арзан пендешілікке айырбастамады. Келер күндерден күдер үзбей күрескерлікпен күн кешті. Тоталитарлық жүйенің тоңмойын жендеттері айтқандарына көнбеген «асауларды» жуасытудың небір айла-тәсілдерін ойлап тапты. Қулық-сұмдықпен құрылған бұл қақпаннан құтылу әрине оңай емес еді. 
Аранға түскен арулардың арасында кімдер болмады десеңізші? Атақты әртістер де, айтулы ақындар да, қызыл өкіметті құрысқан биліктегі бибілер де, қазан-ошақ қасындағы қарапайым әйелдер де абақтының атала көжесінің дәмін бірге татысты. Кейде осынау нәзік жандылардың замана зұлматына қалай төтеп бергендеріне қайран қаласың. Суықта солмайтын қарғалдақтардай сталиндік репрессияның ызғарынан ықпай, қайғы-қасіреттің сұрапыл дауылына қажыр-қайраттарын қарсы қоя білген асқақ рухты аналардың ерен ерлігіне бәріміз бас июге тиіспіз. 
Саман кірпіштен салынған сал­қын барактарда тұрған байқұс қыз-келін­шектер жақын маңдағы жергілікті жұрт­тың қамқорлығын сезініп, секем­шіл жүректеріне сенім дәнін септі. Қиын-қыстау кезеңде де кісілік қасиет­тердің кіндігі үзілмегеніне іштерінен шүкіршілік етті. Қараңғы түнектің түбі­нен жарық сәуле көргендей көкі­рек­терінде көмексі үміт оянды. Тұтқын­дар еңбек ететін Жалаңаш көлінің жаға­сындағы қалың қорықтың ішіне Жаңа­жол ауылының тұрғындары әдейі­леп қалдырып кеткен құрт-ірім­шік, сүт-айран, тары-талқан сияқты тағам­дар аштықтан бұралған бұрымды бей­бақ­тардың өзек жалғауына септі­гін тигізгенін шерлі шежіреге айнал­ды­р­ған өлең жолдарын оқығанда еріксіз елжірейсіз.
Айтпақшы, бұдан бес-алты жыл бұрын, сол уақыттың өзінде АЛЖИР-дің ең соңғы тұтқыны саналған астана­лық Анна Григорьевна Енданова-Ни­за­муддинованың жанары жасқа шылана ағынан жарылып «жер бетінде қазақтай қайырымды халық жоқ. Өздері жарым құрсақ жүріп, талғажау етер таба нандарының жартысын бөліп бізге бергенін ұмытсақ адамдықтан мүлдем ада болғанымыз» дегені әлі есімнен кетпейді. Мен мұны қашаннан мейірімді қазақтарға алғыстарын айтқан өзге ұлт өкілдерінің шын жүректен шыққан сөзі ретінде қабылдадым. 
...Сормаңдай болып сотталған сол жандардың көз жасымен суарылған қалың ағаш бүгінде арнайы күтімге алынған. Ескінің көзіндей кәрі емен­дердің басына ұя салған қара қарғалар­дың қарқылы жылаған жылдардың азалы жырын жеткізіп тұрғандай... Төменгі жақта тұтқын әйелдер алыстан арқалап қамыс тасыған таптаурын жолдың сорабы әлі сайрап жатыр.

Талғат Батырхан,
«Егемен Қазақстан»