Жамбыл облысының Сарысу ауданы жұртшылығына ұлағатты ұстаз, үлкен жүректі абзал жан Сембин Донданың есімі кеңінен танымал. Жас кезінен түрлі заман ауыртпалықтарын көп көрген ол 1932-1933 жылдардағы ашаршылықта сонау Арқа жері – осы күнгі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданынан үдере қоныс аударған ағайындарымен бірге қазіргі Сарысу ауданының Жайылма ауылына келіп ірге көтереді. Бұл орайда, Сарысу ауданы басшыларының бірі болған Ажақай Сембиннің Донда інісінің болашағына оң жол сілтеп, оның жақсы білім алуына жағдай туғызғанын да атап өткен абзал.
Сөйтіп, ол Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищеде білім кәусарынан сусындайды. Дондекең өзінің ауызекі естеліктерінде сол кезде сабақ берген ұстаздарының өз істеріне бар жан-тәнімен берілген жандар екенін ерекше ілтипатпен еске алып: «Өздері сондай қарапайым, білімді әрі таза жүретін. Әр іс-қимылдарынан ерекше бекзаттық, дегдарлық болмыстары айқын сезіліп тұратын. Сөйлеген сөздері, адамдармен қарым-қатынастары сондай ұнасымды еді. Мен есейіп оқысам да, өзімнен жас шамалары сәл-ақ ілгері ұстаздар қай жағынан болса да өздерінің бар болмыс, тұлғасымен биік тұратын. Білімге сусап барған біздер соларға еріксіз еліктедік. Жатпай-тұрмай оқыдық. Ұстаздарымызға қарап бой түзедік, жақсысынан үйренуге барынша ынталандық. Одан біз еш кем болған жоқпыз. Еркін далада қалыптасып қалған кейбір кеміс мінез-тірліктеріміздің оғаш тұстары өзінен-өзі оңдалып, орнықты қалыпқа түсіп жатты», – деп жылы жымиып айтқан әңгімесі есімізде қалыпты.
Донда Сембин, шын мәнінде ұстаз деген ұлы ұғымның қалыбына толық сиятын тұлға еді. Арнайы оқу орнын бітіріп келген маман өзіне жүктелген жауапкершілігі мол жаңа қызметті абыроймен атқарды. Орта мектепті білікті кадрлармен толықтыруды қолға алды. Заман қиыншылықтарына қарамастан мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мол күш жұмсады.
Сөйтіп жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталды. 1942 жылдың аяғында әскерге алынып, қан майданда толарсақтан саз кешіп, қаскөй жаумен жан аямай шайқасты. Үшінші Украина майданының 288-атқыштар полкында екі жылдан астам соғысты. Ол қызмет еткен полк наурыз айының аяғында Украинаның Николаев, Одесса бағытында батыл шабуылға шықты. Сол Николаев қаласын азат ету барысындағы кескілескен ұрыста Дондекең ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Майданда бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталып, Бас қолбасшы Сталиннің алғыс хатын алды. Ол Мәскеудегі әскери госпитальдардың бірінде ұзақ емделген соң туған ауылына оралды. Білікті басшыларға, мамандарға сусап отырған аудандық оқу бөлімі Донда Сембинді өзінің мектебіне директор етіп қайта тағайындайды. Ол осы орында 1956 жылдың жаңа оқу жылына дейін жемісті еңбек етті. Оның педагогикалық қабілет-қарымының кеңінен ашылуы да осы жылдарға сәйкес келеді. Осы білім ошағының табалдырығын алғаш аттап, білім нәрімен сусындаған КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің 1995 жылы жарық көрген «Майраның әні» атты кітабында Донда Сембин туралы әдемі естелік жарияланған еді. «Мектепке алғашқы барған сәттің өзі ұмытылмас бір оқиға еді. Оқуға соншалықты ынталы едік. Оның бірнеше себебі бар болатын: біріншіден, оқып адам болсақ, мынау бейнетті тіршіліктен құтыласың, өзін ғана емес, шешеңді де құтқара аласың, екіншіден, ең тура мағынасында айтқанда, төрт-бес сағат мектепте болу – сонша уақыт ауыр бейнеттен құтыласың деген сөз, оның үстіне, дер кезінде иін қандыра алмаған ойын атты бала жанының ең қымбат қажеттілігіне аз уақыт болса да мүмкіндік болатын еді. Қарапайым ғана, шатырсыз тоқал тамнан салынған мектеп дүниедегі ең зәулім, ең сәулетті ғимарат болып көрінетін. Менің де апам тігіп берген шүберек боқшама қағаз-қаламымды салып алып, мектептің босағасынан алғаш аттаған сәтім... Сірә, өмірімде сондай салтанатты сәтті, ғажайып мекенге алғаш қадам басқан кездегі жан толқынысын басымнан өткізіп көрмеген болармын. Бұрынғы бұлыңғыр тіршілік артта қалып, ең бір жарқын болашақ осы мектептің табалдырығынан басталғандай сезімде тұрдым. Директор Донда ағайды қатты сыйлап, қатты қорқатын едік. Былайша айтқанда, біздің Сталин сол кісі болатын. Әрине, ол қатал болып, ешкімнің басын жарып, көзін шығарғанын көргеніміз жоқ, тіпті дауысын көтеріп біреуге ұрысқанын да естімеппіз. Алайда оқушыларды былай қойғанда, тіпті мұғалімдердің өздері ол кісі келе жатқанда бас киімдерін шешіп, сәлемдесетін. Бәлкім, соншалықты кісілігінен, бәлкім өзін өзгеге сыйлата білетін ерекше қасиетінен... Кейіндері институтты бітіріп, тіпті жұрт тани бастаған тұсымызда да ол кісіні көргенде баяғы кезіміздей бас киімді жұлып алып, сәлемдесер едік. Сексенге келіп қайтыс болған кезде бүкіл ауыл ғана емес, ел болып құрметтеп, соңғы сапарға шығарып салды. Бойымызда азғантай болса да кісіліктің жақсы қасиеті болса, бәлкім, сол ағалардың жылдар бойғы ерен еңбектерінің нәтижесі шығар», – деп тебірене жазады Асанәлі Әшімов.
Даңқты өнер иесінің осы естелігінің өзі-ақ үлкен ұстаздың адами келбетін, ғибратты болмысын толық ашқан деп сенімді айта аламыз.
Осы жылдары бұл мектепте аға буын ұстаздар, Донда ағамыздың замандастары Ібіжан Сушин, Ілияс Байдәулетов, Сман Көшеков, Рақыш Жәкина секілді аяулы ұстаздар жас ұрпақтарды білім нәрімен сусындату үшін талмай еңбек етті. Ұлағатты ұстаз Донда Сембин басқарған орта мектептен 1945 жылы бүкіл аудан бойынша тұңғыш рет 6 шәкірт онжылдық білім алып шықты. Олардың қатарында мектеп директоры болған, талай жыл Сарысу ауданының білім бөліміне жетекшілік еткен, Талас аудандық партия комитетінің хатшысы, одан соң Жамбыл облыстық мәдениет бөлімін ұзақ жылдар басқарған аяулы азамат Алдаберген Сәрсенбаев, түрлі салаларда елеулі еңбек еткен, басшылық қызмет атқарған Әбдіғаппар Түсіпбеков, Кәрім Бөпежанов, Ыбан Нұрпейісов, Орынбек Мәуленов, Әмзебек Күржіков бар еді.
Докеңнің тағы бір ерекшелігі, қазақ тілін ерекше меңгеріп, оқыту методикасының өте жоғарылығында еді. «Одан дәріс алған оқушылардың ешқайсы да жәй бейсары болып кете алмаушы еді. Ол оның мектеп директоры болғандығынан емес, оның кәсіби қасиетінде еді», дейді көрнекті профессор Әбдеш Қалмырзаев. Ал қазақ тілінің зерек маманы Айдархан Құсайынов: «Маған қазақ тілін ғылыми тұрғыда зерттеуге бағыт-бағдар берген құрметті ұстазым Донда Сембин», деп еске алады.
«Донда ағамыз болашақты дұрыс меңзеген. Сол кезде өшіп бара жатқан ұлттық тілімізді сақтауға еңбегін сіңірген қайраткер деп айтуымыз керек. Еңбегі қазіргі егеменді заманда, мемлекетімізде ұлттық тілдің шарықтаған кезінде жанды», дейді әйгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков.
Д.Сембин 1957 жылы Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері белгісімен марапатталса, 1969 жылы оған Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім атағы берілді. Үлкен отбасының ұйытқысы болған Докең мен отыз жылдай бақытты отбасылық ғұмыр кешкен Күмісай апаның ұлдары ұяға, қыздары қияға қонды. Донда ағайдың 5 ұл, 2 қызының өмір жолдарынан ата-аналарынан алған тәрбиенің адалдығы, тазалығы, тектілігі көрініп тұр.Үлкен ұлы Болат Сембин университетті жақсы аяқтап, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Әділет генерал-майоры Болат Қазақстан Республикасының көлік прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Қазіргі уақытта Қазақ гуманитарлық заң университеті акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын атқарады. Қанат атты ұлы 1987 жылдан бері қарай Сарысу ауданының Жайылма ауылының әкімі болып жемісті қызмет етіп келеді. Ал Мұрат болса аудандық орман шаруашылығы мекемесіне басшылық жасады. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз ұрпағының бәрі үлгілі жандар.
Донда Түсіпұлы – үлкенге іні, кішіге аға бола білген, өз бойындағы білімі мен тәжірибесін жастар бойына сіңіре білген үлкен ұстаз. Ол өмірден өткен соң өзі басқарған мектептің ұстаздар қауымы бір ауыздан білім ошағына оның есімін беруге ұсыныс жасаған болатын. Бұл жоғарыдан қолдау тапты.
Бүгінде Донда Сембин атындағы мектеп ұжымы оның 100 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалуда. «Ұстаздық еткен жалықпас», деп ұлы Абай айтқандай, бар ғұмырын ұстаздық жолға арнаған абзал азаматтың ізгі ісін одан білім алған азаматтар әлі күнге еске алып, тамсана әңгімелейді. «Жақсының аты, ақынның хаты өлмейді», деген халық даналығы ұстаз Донда Сембинге айтылған тәрізді.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Жамбыл облысы, Жаңатас қаласы.