Алғысөз орнына
Әрбір саналы адам Құдай көз бергеннен кейін жан-жағына қарамақ. Табан астында жұмыр жер, төбесінде тұңғиық аспан. Ақылға сыймас алып ғалам табанында құмырсқадай қыбырлаған Адам. Соның бәрін көреді. Көреді де ойлайды. Осының бәрі қалай басталды? Қайдан келіп, қайда барамыз? Осындай ызыңдаған сарымаса сауалдар кімді де болса мазалайды. Бізді де мазалады. Тым ерте мектеп қабырғасынан бастап сол сауалдар бізді дірдектетіп кітап әлемін аралатты. Сөйтсек, арғы-бергі заманда бұл сауалдарға жауап іздеушілер көп болған екен. Адам Адам бола бастағалы дін де, ғылым да осы сауалдарға сабылып жауап іздепті. Өзінің қайдан шығып, қайда бара жатқанын білу әрбір ойшылға мақсат болыпты. Бұ Дүниені тану, Бұ Дүниедегі өмір мәнін ұғу мақсат болыпты. Бұ Дүние мәнін ұққан Адам – бағыт сілтер бақыт жұлдызын – Темірқазығын тапқандай болыпты. Темірқазығын тапқан жан – түн түнек құшағында келе жатса да адаспас ақ адал жан. Біресе шаң кешіп, біресе тұман кешіп, біресе қан кешіп алмағайып сапарда келе жатқан адамзат та біз сияқты сабылып бақыт жұлдызын іздепті. Іздеумен келеді. Біз де сөйттік. Тірлік Темірқазығын іздедік. Сөйтіп, Жер бетіндегі жалғыз сапарымыз бақытқа бастаса екен дедік. Сол жолда адастық. Аласұрдық. Түңілдік. Сүріндік. Құладық. Қайта тұрдық. Не таптық, не қойдық?
Әңгіме осы туралы.
Автор.
РУХ
Бұдан шамамен 9 мың жыл бұрын дүниеге келген, адамзаттың ең ескі жазба жәдігерлігі делінетін үндінің «Ригведа» кітабы: «Бүкіл ғаламды мұхиттай шексіз киелі сөз өзінің құдіретті ықпалымен шұғыла шашып, нұрландырып тұрды» дейді. Осыдан шамамен 3,5 мың жыл бұрын парсы елінде пайда болған зороастризм дінінің басты кітабы «Авеста»: «Ізгілікті ойға беріл, Ізгілікті сөзге беріл, Ізгілікті іске беріл!» дейді. Бұдан 3 мың жылдай бұрын Мұса пайғамбарға уахи етілген «Таурат»: «Сонда Құдай «Жарық пайда бол!» деді. Сөйтіп, жарық пайда болды. Жарықты Күн деп атады» деп басталады. Екі мың жыл бұрын Иса пайғамбарға уахи етілген «Інжіл»: «Ең алдымен сөз болған» деп басталады. Біздің заманымыздың 7 ғасырында Мұхаммед (ғ.с.с.) пайғамбарға уахи етілген «Құрани Кәрім»: «Ол бір істі қаласа тек қана оған «Бол!» дейді. Сонда ол болады» дейді (Мәриям сүресі) Алланың әлемді, Адамды жаратуы жайлы. «Егер Жер бетіндегі барлық бау-ағаштар қалам болып, теңіз сия болса, содан кейін оған 7 теңіз қосылса да Алланың сөздері (жазғанда) таусылып бітпейді» (Құран. Лұқпан сүресі) Пайғамбарлар арқылы адамзатқа осылайша әр заманда уахи етілген осынау киелі мәтіндерден келіп шығатып қисын – рухтың мына материалдық дүниеден басы ашық бұрын болғандығы. Яғни, Рух (жан, ой, сөз) бұрын болып, материалды дүниені соң Сол жаратқандығы. Жаратушыны адамзат «Құдай» деген. Және әр халық Оны өз тілінде атаған. Сөйтіп, әр тілде әртүрлі аталған жалғыз Жаратқанды кейбір халықтар «жекешелендіріп» алып, өзге тілде өзгеше аталған Хақты түбі бір болса да теріске шығарып отырған. Ал, Жаратқан болса о бастан жалғыз еді. Ол адамзатқа арнап әр заманда әртүрлі тілде аян түсірді. Ол тұтас бөлінбес бір болғандықтан әртүрлі тілде түсірілсе де ол аяндардың мазмұны ұқсас бірдей болды. Адамзатқа аян етілген алуан түрлі діни мәтіндер мазмұны осыны мегзейді. Сол қасиетті мәтіндерге сүйенсек, ең бірінші Құдай рухы болыпты. Өзге ешнәрсе болмапты. Ол рух материалды емес, денесіз және Ол мәңгі болған. Тумаған да, туылмаған. Ол жаратылмаған. Бірақ өзгелерді жаратқан. Ол не қаласа сол болған. Материалдық дүние керісінше, мәңгілік емес. Шектеулі. Өйткені, ол жаратылған. Ал, Жер бетіндегі жанды тіршілік иелерін Құдайтағала материалдық нәрседен: топырақтан, судан, ауадан, оттан жаратқан. Тірлік етсін деп оған өз рухынан үрлеп жан берген. Байқап отырғаныңыздай, Құдай Адам баласына жанды өз рухынан үрлеп берген. Осыдан адам дуализмі – қос тектілігі келіп шығады. Немесе тән кеше ғана Жаратушының бұйрығымен өмірге келгендігі мәлім болса, ал жан мәңгілік Құдай рухынан жаратылғандығы байқалады. Жан, сөйтіп, мәңгілік Құдай рухының тіршілікке дарытқан мұғзижасы болып шықты. Жан мен тән арасындағы құтаймас мәңгілік қайшылық төркіні осында жатса керек. Бұл антоним әрбір жаратылған нәрсеге тән антонимдер қатарын толықтырады. Күн мен түн, ақ пен қара, ер мен әйел, ыстық пен суық, періште мен сайтан т.т. тәрізді. Тән өледі, ол – уақытша. Жан өлмейді, ол – мәңгілік. Жан, ой, сөз – рухтың әртүрлі көріністері ғана. Ал, рух болса – киелі мәтіндерге сүйенсек – Құдайдың болмысы. Құдай – рух. Ол саған сенің қан тамырыңнан да жақын. Сондай-ақ Ол бүкіл ғарышты қамтып жатқан ақыл жетпес алып. Құдайтағала өз болмысынан үрлеп Адам ғалейссаламға жан берді делінеді. Адамды Ол өзіне ұқсас етіп жаратыпты. Ұқсастығы денеде емес, ұқсастығы ортақ рухта жатса керек. Сондықтан да Жаратқан Ие адамды періштелерден жоғары қойыпты. Әрі періштелерге Адам ғалайссаламға бас иіңдер деген. Періштелер Адамға бас иген. Жалғыз ғана Ібіліс илікпеген. Сондықтан ол Құдай қарғысына ұшыраған. Жәннат бағында жүрген Адам Ата мен Хауа Ана Алла бұйрығын орындамаған. Тыйым салынған ағаштың миуасынан татқан. Сондықтан оларды да Құдай қарғап, жәннат бағынан қуды. Жерге түсірді. Азапты өмір кешуге жазды. Жер бетіндегі адамзат тарихы осылай басталған дейді қасиетті кітаптар. Қасиетті кітаптарға қарап отырсақ, Құдайтағала дүниені жаратқанда да және Жер бетіндегі тіршілік иесі – Адамды жаратқанда да оларға қаратып сөз айтқан. Өзінің бұйрығын сөзбен жеткізген. Яғни, ештеме сөзсіз болмаған. Нәрсе жоқ кезде Құдайтағала «Бол!» деген. Қараңыз, Құдай сөзді қолданған. Сөз арқылы періштелерімен тілдескен. Адаммен тілдескен. Сөз арқылы Жер бетінде таңдаған пайғамбарларына уахи түсірген. Соңғылықта сол аяндардан қасиетті кітаптар құралған. Ол кітаптар мыңдаған жылдар бойы Жер бетінде Адам үшін күресіп келеді. Жер бетін қара түнек баспас үшін адамзатқа ақ жол ашып, жарық шашып келеді. Сол кітаптарда келтірілген дұғаларды дауыстау арқылы адамзат Жер бетінде тұрып та өзін жаратқан Иесімен қарым- қатынас орнатып келеді. Осының бәрі сөз арқылы жүзеге асып келеді. Осыдан келіп сөзді Құдай рухының дауысталған формасы деуге хақымыз бар. Киелі мәтіндер бойынша Адам болмастан бұрын сөз болған. Алла ниетін сөзбен білдірген. «Бол!» деген. Болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл сөздің Құдай рухының дауысталған формасы екендігін көрсетеді. «Алдымен сөз болған» Осынау уахи астарында айлапат ақиқат жатыр. Бұл ақиқат сөз бен тілдің Құдай рухының дауысталған формасы екендігін айғақтап тұр. Адам баласына берілген айлапат рухтың (ой, жан, тіл мен сөз дегендердің) киелі бастауынан, яғни тәңірлік төркінінен хабар беріп тұр. Сол тәңірлік рухтың арқасында адам бүгінде тау қопарып, тас жарып жатыр, Жер бетіне сыймай көз жетпес ғаламшарларға көз ілеспес жылдамдықпен ұшып жатыр. Сонда ой мен сөз, яғни рух ғаламның қозғаушы күші болғаны ғой. Себеп пен салдар. Себепсіз салдар жоқ. Ендеше, рух жаратылыстың себебі болғаны ма?! Біз көріп тұрған жаратылыс сол ұлы себептің салдары ғана болғаны ма?! Осы сауалға жауап іздеп ғылым мен теология ғасырлар бойы қырқысып келді. Бірін-бірі жоққа шығарды. Ғылым қашанда материалдық әлем болған, соның эволюциясының нәтижесінде адам, сана пайда болды деп біледі. Ғылымның бұл мыңдаған жылдар бойы ұстанып келген мызғымас ұстанымына ХХ ғасырда сол ғылымның өзі ашқан жаңалық оңдырмай соққы берді. Бұл жаңалық – кванттық физика ашқан жаңалық еді. Кванттық физика адам рухы материалистік әлемге тікелей әсер ете алатынын, керек десеңіз оны өзгерте алатын сұрапыл күшке ие екенін дәлелдеді. Және оны заманауи күрделі ғылыми тәжірибелер арқылы дәлелдеді. Бұл қозғалыстың басында ұлы Эйнштейн тұрды. «Адамзат қауымы, өсімдіктер, ғарыш шаңы, яғни күллі ғалам түгел бір көзге көрінбейтін құпия сыбызғышының сазына елтіп билеп тұр» деп жазды ол. Яғни, бүкіл жанды, жансыз жаратылыс әлемінің белгісіз бір рухқа бағынып тұрғанын мойындады. Біз бұл тақырыпқа әңгімеміздің барысында тағы да қайта айналып соғатын боламыз. Ғылым бүгінде біз көріп тұрған ғалам осыдан шамамен 14 млрд. жыл бұрын бір алапат қопарылыстан бастау алған дейді. Бір қозғалыссыз алып тығыз материя кенет өз-өзінен күңірене қопарылса керек. Жарылған бомбадай әлгі материя жан-жаққа жаңқалана ұшса керек. Сол қопарылыс салдарынан пайда болған бүгінгі ғаламшарлар, жұлдыздар, галактикалар сол алғашқы қарқынмен әлі де жан-жаққа бытырай тарап бара жатса керек. Ғылым осынау сұрапыл жылдамдықпен бір орталықтан жан-жаққа бытырай тараған аспан денелерінің жылдамдығын кері есептеп көріп қопарылыстың қашан, қай нүктеден басталғанын шамалады. Арадан 5 млрд. жыл өткенде Күн жүйесі пайда болыпты. Уақыт өте келе суыған ғаламшар Жерде тіршілік бүршік атып эволюция нәтижесінде бүгінгі адам пайда болыпты. Алайда, ғылым сол алғашқы алапат қопарылысқа не себепші болғанын білмейді. Яғни, белгісіз себептің белгілі салдарларын ғана зерттеумен келеді. Дін болса бүгінгі бар жаратылыстың бастауында құдіреті күшті саналы Жаратушы болған деп біледі. Оған сенбесеңіз, төңірегіңізге қараңыз. Бұ жайлы Алланың адамзатқа түсірген соңғы сөзі Құранда дәлелдер көп. Адамды қоршаған орта – аспан, Жер, Ай мен Күн, жұлдыздар, ауа, су, жан-жануарлар, өсімдіктер – осылардың бәрі өзін жаратқан Иесінен хабар беріп тұр дейді. Ұлы неміс философы И.Кант: «Қайда қарасақ та әрекет пен себептің, мақсат пен құралдың, жаратылу мен жойылудың заңын көреміз. Ешнәрсе өзінің осы тұрған қалпына өздігінен келе салмайды. Оның себебі бар... Сонда сіз әлемдегі күллі болмыстың Себебі деген даңғайыр құдіретті ақылға сидыра аласыз ба?!» (И.Кант. «Критика чистого разума») Бұ жайлы түрік теологы Фетхулла Гулен өз шығармаларында тыңғылықты айта білген. Гулен әлемді Алланың адамзат үшін жайылған Ұлы Кітап-Көрмесі деп біледі. Ғылымның дамыған сайын табиғат заңдылықтарын ашуы сол Ұлы Кітап-Көрмені барған сайын Адамның тереңдеп оқуынан дейді. Гүлен мына жайнаған ғалам Алланың Адам үшін жайып қойған көрмесі деп біледі. Ғылым Адамды жаратқан ұлы Даналық Иесі емес, табиғат деуден, табиғаттағы эволюция деуден танатын емес. Дін оны жоққа шығарады. «... Ол Адамды әуел баста лай-балшықтан жаратты» (Құран. Сәжде сүресі). «Сосын бел суынан қою қанды жаратып, қою қаннан бір бөлек етті жаратып, бір бөлек еттен сүйектерді жаратып, бұл сүйектерге ет қаптадық. Сонан соң, оған жан кіргізіп, әуел бастағы бір тамшы бел суынан – нұтфадан бүтіндей басқа бір жанды пайда еттік» (Құран. Момындар сүресі) Осынау ана құрсағында Адамның бір тамшы ұрықтан қалыптасу үдерісін Құран қалай баяндаса соның қаншалықты дәл екенін бүгінгі дамыған заманауи технология солай дәлелдеп берді. Заманауи технология сондай-ақ бір тамшы шауқат ер адам ағзасынан атылып шығып, ана құрсағына енгеннен кейін аналық жасуша-жұмыртқаға жеткенше миллиондаған сперматозоид жолда қырылып, оның тек біреуі ғана аналық жасуша-жұмыртқа сауытын бұзып, ішіне енетінін көрсетіп отыр. Аналық жасуша-жұмыртқа сауытын бұзғанша сперматозоид пошымы басы доғал құйрығы сүйрік келеді. Оның доғал басы екпінмен келіп аналық жасуша-жұмыртқа қабырғасына соғылғанда сауыт жарылып, сперматозоид ішке енеді. Құйрығы сыртта қалады. Сөйтсе оның құйрығы жылдамдық үшін ғана керек болған екен. Осылай таза инженерлік тәсіл арқасында ішке енген аталық жасуша аналық жасушамен табысып, эмбрионға айналады. Эмбрион аналық және аталық тек – код сақталған қойма дерлік. Эмбрион пайда бола салысымен жатырға қарай қозғалады. Оны кім қозғайды? Ешкім білмейді. Қозғалып барып жатырға енген эмбрион жатыр қабырғасына жабысады. Содан кейін миллиондаған жасушалар эмбрион құрамын өсіре бастайды. Бұл үзіліссіз үдеріс. Сөйтіп, миллиондаған жасушалар болашақ адам ағзасының құрылыс материалына айналады. Адам ағзасын қалыптастыру тынымсыз жүріп жатады. Құранда айтылғандай, алдымен пайда болатын адам ағзасының негізгі құрылыс материалы – ұйыған қан. Ұйыған қаннан ет пен сүйек жасалынады. Сүйекке ет қапталады. Құрылыстың бір ерекшелігі, бұл жерде жұмысшы қолы жоқ. Болашақ Адамның негізгі құрылыс материалы, яғни кірпіші – жасушалар. Жасушалар өздерін өздері тынымсыз құрастыруға кіріседі. Әрі жұмысшы, әрі кірпіш рөліндегі жасушалар күндіз-түні тыным таппайды. Тыным таппайтыны ұлы Жаратушының жобасы – адамның ана құрсағында қалыптасу мерзімі шектеулі. Одан кейін ол жарық дүниеге шықпақ. Ал, ата-ана болса нәрестенің ана құрсағында қалыптасу барысынан хабарсыз. Ана бұл кезде татымды ас қабылдап отырса ғана болғаны. Қалғаны Жаратушы ырқында. Ұйыған қаннан Адам ағзасын толық шығару сол құдіреттің қолында. Адамға тіршілік етуге қажетті мүшелердің бәрін Жаратушы 9 ай 9 күн ішінде дайын етеді. Адам ағзасындағы ең күрделі аппарат – ми. Заманауи технология көрсеткендей, оның ішкі конструкциясы тым күрделі. Өйткені, ми ертең күрделі ойлар қайнап жататын зерденің қара қазаны болуға тиіс. Болашақ адам осылай қалыптаса бастайды. Адам Жер бетінде күн көру үшін ойлауы керек, көруі керек, жүруі керек, естуі керек, тамақтануы керек, иіс сезуі керек. Ұрпақ жалғастыруы керек. Жаратушы сондықтан адамды жобалағанда осы функцияларды атқаратын мүшелерді жобалаған. Адам ағзасы инженерлік тұрғыдан да, эстетикалық тұрғыдан да мінсіз. Мысалы, асқазанға жеткенше асты ұнтау керек, сол үшін адамға тіс берілген. Ас асқазанға түскесін қорытылуы керек. Оған қышқыл құю керек. Осы мақсатта өт жаратылған. Асқазанда қорытылған ас бауыр арқылы қанға айналып, ол қан бүкіл ағзадағы жасушаларға қорек тасымалдауы керек. Ал, қанды бүкіл ағзаға айдап тұратын компрессор қайда? Ұлы инженер – Жаратушы о жағын да қарастырған. Нәтижесінде өмірге таңғажайып аппарат жүрек келген. Қарапайым қисынға салсақ жүрек алып шаһарды ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған компрессор-станса қызметін атқарады. Қала саларда инженер-жобалаушылар қалай бәрін алдын-ала жоспарласа, адамды жобалаған Жаратушы да бәрін алдын-ала реттегені көрініп тұр. Тоқтаусыз соғып тұратын жүректің қысымымен бүкіл Адам денесіндегі жасушаларды қоректендіріп, тірі күйде ұстап тұратын қан екенін білеміз. Бірақ біз сол қан айналып тұратын каналдар – күре тамырлар мен капиллярлардың да қалай жасалынатынын білмейді екенбіз. Заманауи технология арқасында білдік. Ұзындығы ондаған мың километрді құрайтын қылдырықтай капиллярларды да Адамды құрастыру кезінде тынымсыз жасушалар қалыптастырады екен. Жұмысшы жасушалар өздерін-өздері бүкіл адам ағзасын бастан-аяқ шырмап, қамтып жатқан түтікшелерге айналдырады екен. Ана құрсағында бір түйір тамшыдан он екі мүшесі түгел нәресте пайда болғанға дейінгі процесс – ақылға сыймайтын құбылыс. Бұл процесс 4 айға жеткенде нәрестеге жан бітеді. 1 ай толғанда болмаған жан, 2 ай толғанда болмаған жан, 3 ай толғанда болмаған жан, 4 ай толғанда қайдан пайда болды? Жан! Ол не? Оны жатыр ішіне кім кіргізді? Оған дейін қимылсыз, жансыз жатқан нәресте жан біткеннен кейін қимылдай бастайды. Қасиетті кітаптар жанды адамның аузына Алла үрлеп енгізеді дейді. Жан табиғатын адамзат ақылгөйлері әр заманда әрқилы түсіндіріпті. Алайда, оның шын жұмбағын шешкен Адам болған емес. Жан жұмбағының шешуі бір Алланың ғана қолында болуы мүмкін. Жаратқан Ие сондай-ақ Жер бетіне қанша Адам келсе олардың әрқайсысына сонша бір-біріне ұқсамайтын түр беріпті. Тағы да таң қаласыз. Неткен фантазия! Тіптен, Адамның саусақ сызықтарына дейін бірін-бірі қайталамайды. Неткен шексіз дизайнерлік шеберлік! Таң қала береміз, өйткені бізге бұл құдіретті түсіну қиын. Бір ақылгөй: «Адам өз-өзін түсінсе, бүкіл ғаламды түсінеді» деген екен. Рас. Адам ағзасына қатысты тағы бір мысал. Адамның ас қабылдайтын аузы мен нәжіс шығаратын мүшелері алшақ орнатылған. Егер, адам болмысы көрсоқыр табиғаттың күшімен жаратылған болса, ол сенің эстетикаңды неғылсын. Бір-біріне қарама-қарсы осы екі мүшені бір жерден шығаруы да мүмкін ғой. Санасыз табиғатқа бәрібір емес пе? Бірақ, саналы Жаратушы үшін бәрібір емес. Саналы Жаратушы сондай-ақ сұңғыла көреген. Болашақтың бәрін болжаған дана. Аталған кереғар екі мүшені бір-бірінен алшақ орналастырып, бөлу арқылы Ұлы Жаратушы болашақ Адамға, оның эстетикалық сезіміне шынайы құрмет білдірген. Жаратушы Адамның тыныс жолына фильтр – сүзгі орнатқан, сол арқылы өкпеге өтетін ауа тазалығын қамтамасыз еткен. Біздің мінсіз тіршілік етіп, азапсыз өмір сүруіміз үшін Жаратқан Иеміздің алдын-ала жасаған қамқорлықтары ұшан-теңіз. Біз соның тек бірнешеуін ғана санамаладық. Тағы бір мысал, жілік пен жілік бір-бірін қажамас үшін буынға сұйық май құйылған. Таза инженерлік логика! Тіршілікте кездесетін әртүрлі жұмыстарды атқаруға икемді болу үшін қолдағы бес саусақ бір-біріне тұтасып жабысып тұрмауы керек. Қазіргі технология саусақтардың алғашында өзара бір-біріне жабысып бітетінін көрсетіп отыр. Мерзімі толғанда саусақтарды тұтастырып тұрған ет-жасушалар өздігінен өліп, бармақтардың арасы ашылады екен. Жаратушының Адамға жасаған қамқорлығы есепсіз. Жер бетінде Адам ұшырайтын кеселдерге де қарсы шипаны Жаратушы Адам ағзасына алдын-ала енгізіп қойған. Оны біз иммунитет дейміз. Сол иммунитеттің арқасында адам ағзасындағы сау жасушалар сырқат әкелген вирустарға қарсы майдан ашады. Сырқатпен шайқас кәдімгі екі жақтан да қыруар әскер қатысқан қан майданға ұқсайды. Сау жасушалар сырттан келген басқыншы-вирустармен өліспей-беріспей майдандасады. Адам ағзасы ақыры әупірімдеп кеселді жеңіп шығады. Ол үшін ағза сау болуы керек. Ал біз болсақ, саламатты өмір сүріп, ағзамыздың әл-қуатын арттырудың орнына арақ ішіп, темекі тартып, есірткі иіскеп байғұс организмді үнемі улап, әлсіретіп әуреміз. Адам жобасын жүзеге асыруда ең басты күрделі жұмыс – ми құрылысы болған тәрізді. Бірақ, Жасаған Ие үшін қиын нәрсе жоқ. Миллиондаған жасушалар Құдайдың құдіретімен болашақ Адамды басқарып тұратын орталық аппарат – ми құрылысына кіріседі. Ми аса күрделі комбинацияларды атқаратын құрамы да, құрылысы да, жұмыс істеу тәсілі де тек бір Аллаға аян әлемдегі баламасы жоқ құпия құбылыс. Бірақ, оны да Алланың әмірімен миллиондаған жасушалар құрастырады. Жасушалар күндіз-түні тыным таппай қимылдап өзара байланысқан миллиондаған түрлі талшыққа айналып ғалам ғажайыбы адам миының күрделі конструкциясын өреді. Тура өрмекшідей өреді. Ми құрылысы неғұрлым күрделі болған сайын ол болашақта соғұрлым күрделі мәселелерді шеше алатыны белгілі. Таурат «Құдай Адамды өзіне ұқсас жаратты» десе, Құран «Алла уахи еткен кітаптарға сеніңдер» дейді. Ендеше, «Алланың Адамды өзіне ұқсас етіп жаратқанына» сенеміз. Оған бірде-бір көрнекі дәлел – ми. Ми арқасында адам да Алла тәрізді жасампаздықпен айналысады. Ми арқасында сана өзінің Жаратушысын тануға ұмтылады. Биік Сана ғана Жер бетінде саналы тірлік иесін тудыруы мүмкін. Санасыз табиғат саналы Адамды тудырды деген қисынға қалай сенеміз?! Айналып келгенде Адам Жаратқан Иенің Жер бетіндегі ең күрделі де басты жобасы. Оған үңілер болсаңыз, тереңіне көз жетпес шыңырауды көресіз, ұшан-теңіз құпияны сезесіз. Байқап отырғаныңыздай, біз бұл өмірге өз еркімізбен келмеппіз. Бізді әкеліпті. Қандай түрде әкелді, пешенеңе қандай тағдыр жазылды. Ол да сенің еркіңде емес. Сен тұрмақ, сені өмірге әкелген ата-анаңның да еркіңде емес. Сонда кімнің еркінде? Менің болмысым, тағдырымның еркі кімнің қолында болғаны? Бұл сұрақ әрбір ойлы Адамның алдынан шығары хақ. Ана құрсағынан ажыраған сәтте бізді үрей билеп, бақырып-шақырып дүниеге келеміз. Бұ Дүние табалдырығын аттай бере зәреміз ұшып, айғайға басамыз. Бұған тағы да таң қалуымыз керек. Неге нәресте туа салып айғай салды? Неге іште жатып айғай салмады? Әлде, бұл айғай беймәлім жат дүниеден нәрестенің үркіп-шошуы ма? Әлде ана құрсағынан ажырап, панасыз, жалғыз қалдым деп қорқуы ма? Әлде ас қабылдап тұрған кіндіктің кесілуімен «аш қалатын болдым!» деп алдын-ала байбалам салуы ма? Шырылдауымыздың сонда себебі не? Ал енді ауызыңызға емшек үрпі тиді екен, жалмаңдап еме бастайсың. Оу, бұны саған кім үйретті?! Оған дейін сен қоректі тек кіндік арқылы алып келіп едің ғой?! Иә, сұрақ көп. Соның бірі ана омырауында сүттің пайда болуы. Қызыл қаннан аппақ сүт ажыратқан ол қандай ғажайып аппарат? Ол сүт жасағыш аппаратты ана омырауына кім орнатты? Қандай мақсатпен орнатты?Смағұл ЕЛУБАЙ.
(Жалғасы бас)