Облысқа құрамында Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Марат Әзілханов бастаған бір топ теологтар келді. Олардың өңірге келулерінің мақсаты тұрғындармен жүзбе-жүз кездесіп, діни ақпараттық-түсінік жүргізу, имамдармен діни біліктілікті арттыру бағытында тығыз жұмыс жасау екен.
«Достық» үйінде болған зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, мемлекеттік органдар мен мекемелер өкілдерімен кездесуде дәстүрлі дініміз Ислам туралы тереңірек тарқатылды, оның бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы, имандылыққа ұйытудағы артықшылықтары сөз болды. Жат пиғылдағы секталар мен діни ағымдарға тосқауыл қоюдың жолдары жайлы әңгіме өрбіді.
Жиында сөз алған Марат Әзілханов еліміздегі діни ахуал тұрақтылығының мысалы ретінде Қазақстанда 4,5 мың діни бірлестік тіркелгенін, 3300 ғибадатхананың есігі ашықтығын, мемлекет пен діни бірлестіктер арасында байланыстардың нығайып келе жатқанын, конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің үлгісі ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп келе жатқанын, мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ға, ИЫҰ-ға төрағалығын тілге тиек етті.
– Алайда, діни ахуалда алаңдататын жәйттер да туындап отырғанын жасырудың реті жоқ. Теріс пиғылдағы дәстүрлі емес ағымдар пайда болуда. Олардың бірі отбасын ойрандап, екіншілері діни бірлестіктер арасына іріткі салып жүр. Үшіншілері экстремистік пиғыл танытып отыр. Бұл көріністердің себебі, діни біліктіліктің таяздығы, дәстүрлі дін өкілдерінің көпшілікті мазалап жүрген сауалдарға жауап бере алмауы. Діннің беделін жамылып, өз мақсаттарына пайдаланушылар да көбейіп келеді. Олардың арасында діннің беделін түсіруге ұмтылушылар да бар. Бұлар – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікке қауіпті үрдістер. Сондықтан бізге жат көзқарастар мен идеяларды тамырымен жою керек, – дей келіп, М.Әзілханов мемлекет тарапынан осы бағытта атқарылып жатқан істерге де тоқтала кетті.
Осы мақсатта Елбасының Жарлығымен құрылған Дін істері жөніндегі агенттіктің облыстардағы департаменттері жұмысын белсендірек жүргізе бастағанын, дәстүрлі діндермен ортақ іс-әрекет ету тереңдей түсетінін, діни бірлестіктердің заңға қаншалықты сәйкес келетіні талдап тексерілетінін, «Дін туралы» Заңның бүгінгі заман талаптарына сай жетілдірілетінін, облыстар және аудандар жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестері дін төңірегіндегі мәселелерді шешудің ортақ алаңына айналатынын, жастарға рухани-тәлімдік тәрбие беру күшейтілетінін, мемлекет тарапынан қолдау ретінде діни мамандарды даярлауға 220 квота бөлінетінін жеткізді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат жетекшісі Қайрат Жолдыбайұлы, Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Еркін Дауанаев, облыстық қоғамдық-саяси кеңесінің үйлестірушісі Еркін Құрманбеков, Бейбітшілік пен келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, Сағынай қажы Құсайынов айтылған мәселелер бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.
Теологтар содан кейін Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің Жастар сарайында студенттермен, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының оқытушыларымен, мектеп директорларымен жүздесті. Мұнда да дін мәселелері төңірегінде кеңінен сөз болды. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл бағыттарда атқарылатын жұмыстарға тоқтала келіп, әкімдік тарапынан жасалатын қолдау-көмекті тарата әңгімеледі.
Меймандар ауыл, аудан имамдарымен, Ақтөбе медресесінің ұжымымен, сондай-ақ, Мұғалжар және Темір аудандарының тұрғындарымен де кездесті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.