Жақында Каспий теңізі айлағындағы Қазақстан секторында және «Оймаша» полигонында ірі көлемді бірлескен «Орталық-2011» стратегиялық жаттығуының шешуші кезеңі өтті. Жауынгерлік іс-қимылдардың құрлықтағы, теңіздегі және әуедегі әрекетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков бақылап отырды.
Екі армияның әскери қызметшілері десантқа қарсы қорғаныс, теңіздегі ұрыс, тактикалық теңіз десантын түсіру және басқа да заманауи соғыс қақтығыстарының элементтерін көрсетіп, жаттығудың негізгі арқауы болып табылатын Орталық Азия аймағында орын алған оқиғаларды өзгертуге қатысты операцияларды жүзеге асырды.
Қазақстан мен Ресей қарулы күштерінің бөлімдері коалициялық «Каспий» әскерлер тобының негізін құрады. Қазақстан тарапынан оның құрамына десантты-шабуылдаушы бөлімдер, теңіз жаяу әскерлері, әртекті корабльдер дивизионы мен авиация, сондай-ақ ІІМ Ішкі әскерлері, ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті мен Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі кірді.
Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің әскери қызметшілері шартты түрдегі жауға шабуыл жасады. Атыс теңізден, аспан мен жерден жүргізілді. Жау жағалауға келіп орналасты. Ми-17 тікұшағымен ұрыс даласына мина орналастыруға шешім қабылданды.
Теңіз үстінде де ұрыс қимылдары жүруде. Кемелерден соққы беретін топ жаудың теңізге десантын түсіртпеу мақсатында ұрысқа кірісті. Іс-қимылдар барысында екі жақтың кемелері бір-біріне жақындай түсті. Артиллериялық қондырғылардан оқ жаудырылды. Атыс басқару кемесінде ұрысқа қабілетті кемелердің саны белгілі болған соң оларға қарсы артиллериядан соққы берілді. Жаудың десант отряды жойылды.
Бұдан соң авиацияға кезек келді. Ресей Федерациясы әскери-әуе күштерінің бомбалаушы қос Су-24 ұшағы жау позициясын бомбалап өтті. Бұдан соң зенит қондырғыларынан әуедегі жау шабуылына тойтарыс берілді.
Осыдан кейін «Оймаша» полигонында қазақстандық және ресейлік армияның әскери қызметшілері қарсыластардың алдыңғы шептегі отрядының шабуылына төтеп беріп, соңынан қарсы шабуылға шықты.
Қарсы жақтың жылжып бара жатқан механикаландырылған колоннасына ҚР ҚК ӘҚК-нің қос Су-27 ұшағы әуеден бірінші болып соққы берді. Шартты жау бұған дайын болатын. Біздің әскерлер алғы шепке жылжуда. Дәл осы сәтте жаудың артиллериялық бөлімшелері орналасқан ауданға екінші рет соққы берілді. ҚР ҚК ӘҚК-нің қос Ми-24 тікұшағы жылжып келе жатқан жау колоннасына үсті-үстіне оқ жаудырды. Осы кезде тылдық және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері алға қарай жылжи жөнелді. Оқ-дәрілердің, жанар-жағар майдың қоры толықтырылып, жаралылар мен жарамсыз техникаларды қауіпсіз аймаққа алып кету жүзеге асырылды.
– Жаттығуда алға қойылған мақсаттарға толық қол жеткізілді, екі ел армиясының әскери қызметшілері бірлескен іс-қимылдың барлық кезеңдерінде шынайы шеберліктері мен жоғары кәсібиліктерін танытты, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. – Жаттығуға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері жауынгерлік қимылдарды жүргізу барысында бөлімдер мен бөлімшелердің басқару органдарының өзара байланыстарын ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақтады.
Жауынгерлік іс-қимылдардың соңында теңіз жаяу әскерлері кедергілерден өту арқылы ату жаттығуларын орындады. Мұнан соң ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің бөлімшесі блок-поста жауды жоюдың әдіс-тәсілдерін, ал ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімдердің өрт сөндіру кезіндегі әрекеттерін көрсетті және далалық медициналық госпитальді орнатты.
Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы жаттығуда көзге түскен екі ел армиясының әскери қызметшілерін марапаттады. Бірлескен «Орталық-2011» стратегиялық жаттығуының салтанатты жабылу рәсімі бұрнағы күні өткізілді.
Оксана ПАРПУРА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.
Суреттерді түсірген Роман КАЗУНИН, Ермек САРБАСОВ.