27 Қыркүйек, 2011

«Әке даңқы» төсбелгісі көп балалы отбасы иесіне беріледі

576 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада ТМД қалалары арасындағы халықаралық байқаудың жеңімпазы, еліміздің батыстағы қақпасы Орал қаласының күні кең ауқымда аталып өтті. Бүгінде қай шаһардың мерекесі өтпей жатыр. Құдайға шүкір, қазір республиканың қай қаласында да мереке-думан баршылық. Бұл қазір ешкімге таңсық емес, әрине. Біздің айтайын дегеніміз де осындай шырайлы шараның өткенін желпілдету емес-ті.

Гәп мүлдем басқада. Яғни, аталған бағдарлама аясында Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразов әке деген құрметті атты абыроймен алып жүрген, әрі есімдері қала, облыс көлеміне кеңінен танымал Меңжан Абдрахманов, Сатыбалды Таспихов және Сағын Жұбанышев есімді азаматтарға «Әке даңқы» төсбелгісін тапсырды.

Бұл шешім Орал қаласы әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес қабылданыпты. Аталған қаулының тармақтары мен ережелеріне сәйкес төсбелгі үш және одан да көп ұл-қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген отбасы иелеріне берілмек. Кез келген отбасы үшін әкенің орны мен рөлі қашанда бөлек екені белгілі. Әке – қамқоршы, асыраушы. Әке – асқар тау екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Отбасылық қарым-қатынаста көп жағдайда аналардың рөлі біржақты дәріптеліп, әкелер тасада қалып қойып жүргені де жасырын емес.

Сондықтан да қоғам мен мемлекет тарапынан бір кезек әкелерге де назар аударғанның еш артықшылығы болмас еді. Мұндай қадам отбасының діңгегі одан әрі қатая түсуіне септігін тигізері хақ. Осы тұрғыда Орал қалалық әкімдігінде қабылданған арнайы қаулы тек құптауға, қолдауға лайықты. Орал қалалық жұмыспен қамту басқармасының бастығы Айгүл Төкешева газет тілшісіне мәлімдегендей, «Әке даңқы» төсбелгісі екінің біріне беріле бермейді. Оған тек лайықтылар ғана таңдалып алынады. Бірінші кезекте қаланың қоғамдық-саяси өмірі мен көп салалы шаруашылығына белсене араласып жүрген азамат-әкелер, өз перзенттерін оқу мен спортқа және өнерге бейімдей білген өнегелі отбасы иелері төсбелгіге ие бола алары анық.

Тағы бір айтарымыз, көп балалы әкелерді ынталандыру жөніндегі Орал қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес «Әке даңқы» төсбелгісіне ие болғандар коммуналдық төлемдерді төлеуден босатылмақ. Сөз жоқ, бұл айтарлықтай әлеуметтік жеңілдік екені анық. Мұндайда бәрекелді демегенде, не демекпіз.

Темір ҚҰСАЙЫН.

Орал.