Бастау
Таңғажайып тарихы бар қасиетті де қастерлі Қарқаралы топырағына табан тіреп, қалам тартпаған ақын-сазгер кемде-кем. Бірақ, Мәдиден асырып айтар қайсымыз бар, «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» депті екі сыбағалы есіл ер. Белгілі композитор Ілья Жақанов Қарқаралымен иықтасып жатқан Балқантауға бақандай бес ән арнағанда жұрт сазгерді ортаға алып отырып, үстінен өтіп-кетіп жүрген Қарқаралыға бір ән арнамағандығының мәнін сұрапты. Ондайда мәдениетті де парасатты Ілья ағамыз Мәдиден асырып Қарқаралыға ән шығара алмайтындығын әдемі әзілмен жеткізеді екен. Әрине, маңдайдағы тағдырдың таңдайдағы ән-жыр болып төгіліп жатқандары қаншама?.. Мысалы, Күдеріқожа Көшенұлы «Қарқаралы, Қазылық, Жатушы едің жазылып... Ат арқандар қазығым, Балаларға азығым, Кетейін деп кетпедім, Жаудан болды жазығым» деп, елден жырақ егіліп жырлайтыны бар. Қайран Ахаңның да «Қош, сау бол, Қарқаралы, жуылмаған, Айдай бер қалса адамың қуылмаған. Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ, Жасырын дыбыс шықты
шуылдаған» деген жолдарын Лермонтовтың «Прощай, немытая Россия» деген сөзімен байланыстырып, сол ғасырдың өзінде қазақ ағартушыларының қандай биіктен үн қатқандығын, ол кезеңдердегі Қарқаралы қаласының қаншалықты саяси маңызға ие орын болғандығын есімізге әдейі қайта оралтып отырмыз. Болмаса, дауылпаз Қасымның «Уа, дариға, алтын бесік туған жер, Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр. Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Қасым болмай, тасың болсам мен егер» деген өлеңінің өзі неге тұрады!..
Шынында, Егіндібұлақ, Қарқаралы енші бөліспеген екі топырақ – талай тұлғалар дүниеге келген қастерлі аймақтар. Арқаның бес қазылығының үшеуінің ортасында орналасқан кең жазирадан Қаз дауысты Қазыбектен бастап, аруақты Матақ, Сеңкібай, Қожан батырлар, Тәттімбет, Мәди, Нығмет Нұрмақов, Жүсіпбек Елебеков, бергісі Тоқтар Әубәкіровке дейін, біз айтқан қасиетті өлкеден қанат қаққан тұлғалары жетерлік. Соншалықты дарындардың тамырына мәйек, танымына дәйек берген ата жұртты қанша жырласақ та көптік етпейді.
Едірейді елемей жүрміз
Биыл тікелей тегі Бұбұл баба, абыз ата Шаншардан Келдібек би тарайтын, Келдібектен бүкіл Орталық Азия, батысымыз бен шығысымызға белгілі болған, тарихи шежіреде есімі ерекше аталатын қасиетті баба, екі сыбағалы әйгілі би – Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл байтаққа жар салып, сүйінші сұрап, са-
уын айтарлық ұлы той. Қазыбек десе, сегіз ханға кеңесші болып, ата жау қалмақтардан алты сан Алаштың абыройын мәртебелі етіп, қазаққа қыруар еңбек еткен ер тұлға еске оралады. Тағы да Мәди Бәпиұлының «Арғы атам – әулие өткен ер Қазыбек» деген өлеңінен асырып тағы айта алмаспыз. Қалай алсақ та, туған жерді тұлғаларымыздан бөліп қарай алмаймыз. Толық мәнді тарқатып жазар болсақ, ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Күңгір-күңгір күмбездері» бірден ойға оралады. Онда, көнеден күй сауған Ақаң Қазыбек бидің ата қонысы, Мәдидің жаз жайлауы, Қара үңгірі хақында бірнеше зерттеу еңбегін ұсынады. Мәселен, Едірей, Үшқара Қазақстан шегінде үңгірлер галереясын құрайтын қасиетті орындардың бірі саналады. Бауырында алпыс бұлақ асыр салған Едірейге жалғас Керегетас, Төлетас, Қоржынтүбек, Өрсоқпақ, Түйеөркеш, Алшынбай сораңы, Төресай, Таймас, Есенбай асулары сырын ішіне бүгіп, салтанатын жұртқа жайып жатқан таңғажайып табиғат көріністері екені әріден мәлім. Бұлар жайында, ауыл ақсақалы Ахмадия Ығыбасұлы келісті жазып жүр. Едірейдің жұрт біле бермейтін Қитабан – Шыңғысхан қоймасы, Мәдидің Қараүңгірі, Үлкенбала, Кішібала, екі Шолақбұлақ үңгірлері де ежелгі уақыттың еншісіндей өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Қырық құдық атырабы кешендерінің өзінде ерекше мән бар. Ондай дала, тау көлдері жайлы Қарқаралы көлемінде жеке әңгімелеуге де болады. Шайтанкөл, Астау көлдердің арғы тарихы атадан балаға айнымай айтылып келеді. Тау-тасының қойын-қолаты табиғи кен-қазынаға, сирек кездесетін аң-құсқа толы, дәрілік өсімдіктері дертке дауа болатын бұл аймаққа біз емес, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаевтардың ізін жалғаған ар-
хеолог-геолог ғалымдар, шежіреші топ, өлкетанушылар көп барса игі іс болар еді-ау!.. Себебі, Сарыарқа төңірегінде Әлкей Марғұлан картаға түсіріп кеткен ежелгі «мұртты» қорғандардан бөлек, бүгінгі таңда Қарқаралының мақтанышы, ғалым Арман Бейсенов тапқан сақ қоныстары да осы аймаққа тиесілі. Бұл жайында Қасым ауылынан Сақ көсемі табылып, «Талды-2» зиратының қазба жұмыстары жүріп жатқан уақытта Арман Бейсенов қызықты деректер айтып кеткен болатын. Ғалым ұзақ жылдарғы табанды еңбектің нәтижесінде 2001 жылы Едірей тауының беткейінен 21 сақ қонысын табады. Ондай қоныстардың Балқантауда да төрт-бесеуі бар екені анықталған. Жалпы, бүгінгі күнде Егіндібұлақ, Қарқаралы аумағында 40 шақты Сақ қоныстары белгілі болып отыр.
Бір қызығы, тағы да бұл әңгімелердің тұма бастауында Мәди бабамыз «менмұндалайды». Арман Бейсенов «Талды-2» зиратын зерттер уақытта, ұлы сазгердің «Қонғаны ауылымның Талды-ау деймін, Жағалай ел жайлауға барды-ау деймін» деген өлеңіндегі «Талды» сөзін негізге алыпты. Ақын қастерлеген аймақта ерекше қасиет барын зерттеуші ғалым жазбай таныпты сонда. Одан бірнеше жыл өткеннен кейін, тағы да Мәдидің паналаған Қараүңгірінің маңайы түгел ежелгі Сақ қоныстары болып отыр. Сондықтан, кез келген тарихшы даланың ауызша тарихы, ұлы тұлғалардың ән-жырларын негізгі бағытына темірқазық қылар болса, көп сырдың көкірегімізде сайрайтыны анық. Бұл әдісті, әрине, Арман Бейсеновтей ғалымдар үлкен ғылыми айналысқа қосып келе жатыр. Ондай ғалымдарды біз, Елбасы айтқан, «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысып, шынайы патриотизмнің маңызды көріністерін танытып келе жатқан» азаматтардың санатына қосуымыз керек.
Арқаның алтын тәжі
Жалпы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап, Алашордашыл алыптардың барлығы Қарқаралыны рухани астана есептеп, айрықша мән беріп зерттеген. Өздерінің ұлы мұраттарын осынау қасиетті өлкеде дүниеге келтіріп, ұлт болашағына өлшеусіз еңбек сіңірді. Сондықтан, Қарқаралының тарихына қатысты деректерді жинастырған уақытта Алаш зиялыларын айналып өтпек емеспіз. Әлихан Бөкейхан жазып қалдырған деректер бо-
йынша, Қарқаралы сыртқы дуа-
ны ашылғанда, Ресей әкімдері оның орталығы етіп, қала салатын орын ретінде Қызылкеніш, Кент алқабын белгілеген деседі. Қызыл кеніш жайлы да Ақселеу Сейдімбектің «Күңгір-күңгір күмбездерінде», Қазақстан Ғылым академиясы экспедициясының зерттеулерінде егжей-тегжейлі айтылғандықтан біз қысқаша ғана тоқталамыз. Әлекеңнің жазбаларынан ұққанымыздай, ол жер, яғни Кент тауы, Қызыл кеніш алқабы Жамантай Тұрсын ханның әкесі Шыңғыс төренің кәрі қыстауы болыпты. Оған дейін, орта жүздің ханы Бөкейдің сүйегін сөрелеген, қазақтың, түптеп келсек, көшпелі халықтардың ұлы көсемдері мекен еткен Қызыл кеніш алқабы – өркениеттің орталығы деуімізге де толық негіз бар. Оны кейбір деректерде XVII ғасырда будда дінінің пұтханасы ретінде салынған сарай делінеді. Халық атауында Қыз Әулие сарайы болып айтылады. Қайткен күнде де онда рухани мәдениеттің негізі жатыр. Сол себепті, орыс отаршылдарына аға сұлтан Жамантай хан қарсылық білдіріп, ол ұсынысты өзгертуге бар беделін салған. Сөйтіп, Қарқаралы қаласының орны етіп, Жиренсақал шыңының етегі, қарағайлы қыратты белгілеткен екен. Атадан балаға мирас болып келе жатқан сәнді өлке, қасиетті мекенді орыс мұжықтарының қаласы қылуына қарсылық жасаған аға сұлтанның сондағы іс-әрекетін біз жақсы түсінеміз. Ол орындар, ертеңгі ұрпаққа да қаз-қалпында бүлінбей бүтін жетуі керек-тін.
***
Қарқаралының «Қарқаралы» аталуы ықылымдағы тарихы бо-
йынша, Қарабайдың һас перизаты зарлық Баян ғашығы Қозы Көрпешке Айбас батырдан сәлем жолдап, беріп жіберген топысы мен қарқарасы осы өлкеде түсіп қалыпты-мыс.
Қарқаралыны айтқанда әйгілі Қоянды жәрмеңкесін қоса баяндаймыз. Қоянды жәрмеңкесі айтылған кезеңде атақты Бекметовтар әулеті, олардың Абай тоқтаған, Ақбайдың Жақыбы күйеулік жолмен келген «Көк үйі» қатар әңгімеленеді. Осы жерде ескере кететін жайттардың бірнешеуін айтып өтуді өзімізге парыз санаймыз. Олар, біз айтқан Қоянды жәрмеңкесінің орнында қалған жалғыз қойманың ескі қабырғасын, кешегі Біржан салдан бастап, Майра, Қажымұқандар өнер көрсеткен, талай тектілердің ізі қалған киелі топырақты мемлекет қорғауына алып, бірнеше белгі тақталар орнатылса деген тілек бар. Сондай-ақ, Қарқаралы тарихын түгендегенде, Алашорда үкіметінің серкелері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермекұлы, Әлихан Бөкейхандардың ізгі ойлары қағаз бетіне түсіп, патша үкіметіне Қояндыдан жөнелтілгені Қарқаралының құзырхаты айтылады. Қала орталығының өзіндегі Әлихан Бөкейхан оқыған оқу орны, Әлімхан Ермекұлы негізін қалаған педучилище, Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген Ақтеректегі мектеп, орыстың зиялы жазушы-ғалымдары Потанин, Пришвин тоқтаған тарихи ғимараттар, барлығы ата жұрттың аңызға айналған бір-бір атаулары екені даусыз. Сондағы Әлімхан құрған оқу ғимаратының, Әлихан білім алған мектептің қазіргі орнына да бір-бір белгі қажет екен. Құнанбай қажының салғызған Құдай үйі, Мәдиді атқан қораның орны, кешегі абақты, айта берсек, Тоқтар Әубәкіров ұшқан ұшақтың қазіргі қала сәулетін салтанатқа бөлеп тұрғанының өзі бір тауарих. Қыдыра шолғанымыз болмаса, бұл тарихи орындар ертең ескерткіш, болашақта бір-бір балбал тас екені ақиқат.
Үлкен көл неге
«Қанды көл» аталды?
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында « ...басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек», деген болатын. Бізге Елбасының кәсіпкерлер мен шенеуніктер деген сөзі – кешегі Қарқаралының сауда мен мәдениетін, оқу-ағарту, дін тарату жолында аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін, саудадан пайда таба отырып, ірі капитал жинақтаған, қомақты қаржыларын мешіт, мектеп, зауыт салуға жұмсаған қарқаралылық кө-
пестерді, Құнанбай қажы мешітінің алғашқы имамы болған Хасан-ахун сынды молда-ишандарды еске түсіреді.
Мәселен, Қарқаралыға жақын орналасқан және халықтың жиі барып демалатын орындарының бірі – Үлкен көл. Бір деректерде оны «Шортанды көл» деп те атайды. Ал енді оның «Қанды көл» деген атауын біреу біледі, біреу білмейді. Ол атау кешегі қанды қасап – 1937 жылғы қырғынмен қатысты баяндалады. «Қанды көл» жайлы өлкетанушы Ерлан Мұстафинде көп тарихи құжат бар. Үлкен көлде қазақ-орысы бар, 100-ге тарта атақты байлар, қасиетті қарилар, алашордашыл есіл ерлер атылған. Кеңес өкіметінің жендеттері өлі мүрделерге ауыр тас байлап, көл түбіне аяусыз тоғытқан. Онда атақты Дияқажы, Қаппас ақын, ағайынды көпес Рязанцевтер, атақты ақ генерал Лавр Корниловтың туысқандары, Қотанбұлақта болыс болған Смайылдың Жақыпбегі сынды елге шарапаты тиген бай-шонжарлардың барлығы көл түбінде мәңгілікке көшкен...
Біздің айтпағымыз, Қарқаралыдан шыққан бүгінгі әлеуетті азаматтар «Үлкен көлде» атылған атақты бай-көпестердің, ағартушы ғалым-қайраткерлердің аруағын көтеріп, мемориалдық тақта орнатуды қолға алса деген тілек. Ол – символдық тұрғыдан да ұрпақ сабақтастығын аңғартар еді. Біз жоғарыда аруақты аталардың бір-екеуін ғана атап кеттік. Әлбетте, толық тізім Ерлан Мұстафиннің мұрағатында екендігін де қаперлеп отырмыз.
Тіпті, белгілі бір деңгейде өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің осы күнге дейін қасиетті Қарқаралы жайлы жазған 8 кітабының өзі Елбасы айтқан «туған жерге тігіл-
ген Ту» емес пе. Өскен өлкесі үшін бүкіл саналы ғұмырын, денсаулығы мен қажыр-қайратын жұмсаған табанды ғалымға атымтай азаматтар айрықша көңіл бөлуі керек-ақ. Осы сапарымызда аңғарғандай, қарқаралылық өлкетанушы жас ғалымдар үшін, мысалы, Қу болысының атақты байы болған Ақайдың Қасені атындағы сыйлық тағайындалса, ертең-ақ бай тарихтың басқа беттері архивтерден көтеріліп, алдымызға айқара ашылар еді-ау...
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ