Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жазушының еңбектері кең таралып, ағылшын, неміс, болгар, венгер, чех тілдеріне аударылды.
2014 жылы Лондонда Д.Исабековтің «Гауһартас және басқа да әңгімелер» атты повестер мен әңгімелер жинағы жарық көріп, «Өкпек жолаушы» пьесасының желісімен спектакль қойылған еді.
2016 жылы Мәскеудегі «Көркем әдебиет» баспасында автордың төрт томдық таңдаулы шығармалары басылып шықты.
Дулат Исабеков төрт томдық жинағы жайлы айта келе, кейбір шығармаларды редакциялағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол бұрын аударылмаған туындыларды аударуға көмектескен аудармашылардың баға жетпес еңбегін атап өтті.
«Осының арқасында екі том проза мен екі том драматургия жарық көрді. Бұл менің төрт томдығымның Мәскеудегі тұсаукесері. Оның бірінші таныстырылымы Алматыда өтті», деді жазушы.
Д.Исабеков болашақтағы жоспарларымен бөлісе отырып, Лондонда еңбектерінің тұсаукесері өтетінін хабарлады.
«4 маусым күні Лордтар Палатасында менің ағылшын тіліндегі туындыларымның тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар, корольдік театрда менің пьесамның премьерасы болады», деді ол.
«Дулат Исабековтің туындыларын шығару туралы ұсыныстар оқырмандардан келіп түсті. Бұл тапсырысты Алматы облыстық кітапханасы ұсынды», деді Г.Пряхин, төрт томдықтың 3-6 маусым аралығында Мәскеудегі «Қызыл алаң» кітап фестивалінде ұсынылатынын айта отырып.