Колледждің алаш идеясы мен алаш қайраткерлерінің мұрасын насихаттаудағы іс-тәжірибесін облыстағы өзге білім ордаларымен бөлісу мақсатында қолға алынған семинар-практикумның аясында бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Қонақтар «Алаш» электронды кітапханасының жұмысымен танысып, «Алаш арыстары: соңғы сөз, соңғы сурет» атты фотогалереяны тамашалады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған бірнеше алаш қайраткерінің атылар алдындағы соңғы суреттері ілінген фотогалереяны көрген белгілі әдебиеттанушы ғалым Арап Еспенбетов толқып, тебірене сөйледі.
«Семейдегі алаш қайраткерлеріне қатысы бар тарихи ғимараттар мен ескерткіштердің көпшілігін сақтай алмадық. Абайдың алғашқы музейі тұрған ғимарат жоқ. Мұхтар Әуезов түскен ғимарат жоқ. Қаладағы алаштың алыптарының ізі қалған, қолдарының табы қалған, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, Ж.Аймауытов, Т.Жомартбаев, Б.Сәрсенов, Қ.Нұрмұхаметов сынды тұлғалар білім алған, қызмет еткен, бұзылмай сақталған санаулы ғимараттың бірі – осы білім ордасы. Педагогикалық колледждің жасап жатқан жұмыстары жастардың тәрбиесіне зор көмегін тигізеді. Алаш арыстары соңғы сөзін айтып, соңғы суреттері түсірілгенінше қаншама азапты бастан кешірді. Сондықтан алашты тану, алаш арыстарын ардақтау бағытындағы жұмыстар үнемі, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс», дейді ғалым.
Бұл күні шаһардағы Асан Омаров, Құсмілия Нұрқасым, Тұрдықұл Шаңбай, Мұратбек Кенемолдин сынды зиялы қауым өкілдері Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкері, алаштанушы Ерлан Сайлаубаймен онлайн-режімде пікір алмасып, алаш тақырыбындағы ойларын ортаға салды.
Шара соңында алаш қайраткерлеріне арнап құран қатым түсіріліп, ас берілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы