Ашаршылық...
1932 жылы қолдан жасалған ашаршылық қазақ сорлыға не көрсетпеді десеңші! Сонау бір аласапыран заманда жоңғарлардың қаһарынан аман қалған қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» да аман өтіп, Құдайға шүкір, сонда да құрып кеткен жоқпыз, ел болып ес жидық, есе қайырдық» дегенде атақты 32-ші жылдың ашаршылығына ұшырады.
Бұл ел басына түскен үлкен зобалаң, қолдан жасалған нәубет еді. Қазақ елінің тарихындағы ең зұлмат кезеңдердің бірі. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде халық саны күрт төмендеп кеткен.Тарих жылнамаларына сүйенсек ХХ ғасырдағы адамзат баласына жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі және «ұлы жұт» болып саналады.
Ашаршылық жылдарында қандастарымыз оқ тимей-ақ опат болған. Бір ұлтты, бір халықты жер бетінен жою қасақана жасалған саяси тапсырыс еді. Сол кезеңдерде Қазақстанды басқарған Ф.Голощекин елде индустрияландыру және ұжымдастыру саясатын күштеп жүргізді. Салдарынан қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығы күйзелді. Қазақ байларын кәмпесекелеу саясаты күшейтіледі.
Қазақ даласында болып жатқан ашаршылық нәубеті қазақ зиялыларын бей-жай қалдырмайды. Осы тұста Тұрар Рысқұлов Орталық комитеттің бас хатшысы Сталинге хат жолдады.
Жазушы Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» тарихи драмалық туындысындағы Ғ.Мүсірепов, бастаған ұлт жанашырларының хаттарында халықтын қынадай қырылу себептері анық жазылған.
Амал нешік, қазақ зиялылары «халық жауы» деген жалған айыппен қуғын-сүргінге ұшырап кете барды. Тарихтың ақтаңдақтарын, қара шымылдығын ашып, ұлтқа жасалған қиянатты жас ұрпаққа дұрыс жеткізу, біздің басты парызымыз.
Ашаршылық тақырыбы маған қатты әсер етеді... Себебі, әкем ашаршылық жылы, яғни 1932 жылы туған екен. Шешем 1936 жылы туылған. Бала кезден естіп өскен әңгімеміз жоқшылықтың тауқыметі, жетімдіктің тақсыреті болды.
Жоғарыда айтылғандай, ел басына қайғылы күн туғанда әкем жөргектегі бала екен, әупіріммен аман қалған. Сірә, көрер қызығы болған ғой. Әбден тұралаған ата-анасы соңғы үмітін жиып баласының атын елімізге дәулет келсін деп ырымдап Дәулеткелді қойған екен. Әкемнің алдында қаншама баласы өлген. Шешесі де қайтыс болып, әкем жетімдіктің кермек дәмін сәби кезінен татқан екен.
Ес біле келе тұзақ құрып торғай ұстап, қоян аулап, күнұзақ қара суды талғажау етуші едік деп әкем айтып отырушы еді. Басқа да ауырлау естеліктер айтушы еді... Бізге қатты әсер ететін. Шешем де жоқшылықты, аштықты бір кісідей тартқан.
«Біз бір үзім нанға зар болып өстік... Алла ұрпағымызға біз көрген нәубетті көрсетпесін», деп көз жасын бір сығып алар еді...
Халық арасында «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес», «Тамыр тартқан тарылмас», «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сияқты қамығып шыққан мақал-мәтелдер де осы уақытта туса керек.
Бұл тамыры терең тақырып, еңсені езетін, жүректі қан жыла-
татын тарих емес пе?!
Қарлығаш Асанова,
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы
Бидайық ауылы