Кеше Әзербайжанның астанасында бокстан ересектер арасында әлем чемпионаты басталды. Бұл – Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының аясында 1974 жылы алғаш рет өткізілген боксшылар бәсекесінен бергі 16-шы әлем чемпионаты. Биылғы чемпионатқа әлемнің 130 елінен 700-ден астам былғары қолғап шеберлері қатысуда. Олар 26 қыркүйек пен 9 қазан аралығында 10 салмақ дәрежесінде Лондон Олимпиадасының жолдамасы үшін бақ сынасады.
Әлем чемпионатына біздің құраманы 23 қыркүйек күні Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті, АИБА бюросының мүшесі, даңқты боксшымыз Серік Қонақбаев пен ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов бастап келді. Бұл бәсекеде біздің ел мына құрамда қатысатын болады. Яғни, ең жеңіл 49 кило салмақта Біржан Жақып қатысады. Біздің елде осы салмақта ел намысын қорғауға лайық бірнеше боксшының бар екенін білеміз. Дегенмен, бас бапкер Біржан Жақыпты ұлттық құрамада өнер көрсетуге лайық деп шешті. Бұл жерде Айтжанов өзінің төл шәкіртінің соңғы кездердегі өнерін ескерген болу керек. Ол биыл үлкен жарыстарға қатыспағанымен, елішілік сындарда, іріктеу кезіндегі спаррингтерде өзін жақсы жағынан көрсете білді.
Келесі, 52 кило салмақта жарысқа тараздық боксшы Олжас Сәттібай қатысады. Бұл салмақта да елімізде әлемдік бәсекеге қатысуға лайық боксшылар жеткілікті. Бірақ, бас бапкер солардың ішінде іріктеу кезінде өзін жеңіске деген жігерлілігімен танытып, көзге түскен Олжас Сәттібайды құрама сапына алды. Одан кейін 60 килода еліміздің 2009 және 2010 жылғы чемпионы Ғани Жайлауов қолғап түйістіреді.
64 кг. салмақта ұлттық құрмаға былтырғы Азия ойындарының жеңімпазы, 2010 және 2011 жылдарғы ел чемпионы Данияр Елеусінов қосылып отыр. Қазір осы боксшыға көп адамдар сенім артуда. Биылғы жарыста намысқа тырысып, өзін тағы бір дәлелдесе, Даниярдың әлем чемпионы атануы әбден мүмкін.
Келесі, 69 килода шаршы алаңға еліміздің үздік боксшыларының бірі Серік Сәпиев шығады. Бұл – Сәпиев үшін төртінші әлем чемпионаты. Мұның алдында ол екі рет әлем чемпионы атанып, осыдан екі жыл бұрын Миланда өткен сында қола жүлдеге ие болған еді. Енді екі дүркін әлем чемпионы үшінші мәрте бас жүлдені жеңіп алуды мақсат етіп отыр.
75 килода Данабек Сужанов шаршы алаңға шығады. Ол да соңғы кездері бапкерлердің көзіне түсіп жүрген боксшы. Былтыр ол Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды. 81 кг. салмақта жарысқа Әділбек Ниязымбетов қатысады. Бұл салмақта да ұлттық құраманың мүшесі болуға лайық бірнеше боксшы бар болатын. Солардың ішінен ең соңғы сәтте бас бапкер Ниязымбетовке таңдау жасаған екен. Келесі, 91 кг. және аса ауыр салмақта Василий Левит пен Иван Дычко қолғап түйістіреді. Осы боксшылардың бәрін әлем чемпионатына өздерінің жеке бапкерлерімен бірге Нұрлан Ақүрпеков, Александр Стрельников пен Марат Елеусінов бастап әкеліп отыр. Соңғысы Данияр Елеусіновтің әкесі мен бапкері.
Осы чемпионатта еліміз бір алтын, бір күміс және бір қола жүлдені жеңіп алуды мақсат етіп отыр. Бұл – ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың сөзі.
* * *
Кеше түс ауа біздің құрамада ең жеңіл салмақта бірінші болып Біржан Жақып кубалық Йосвани Вейтиямен қолғап түйістірді. Өкінішке қарай, жеңіс біздің жақта болмады. Кубалық 19 жасар боксшы үш раундтың бәрінде басымдық танытып, жеңіске жетті. Есеп – 21:11.
Баку шаршы алаңында Біржан Жақып қолғап түйістіріп жатқанда, көрші рингте қытай Зоу Шимин доминикандық Хуан Мединамен кездесіп, қарсыласын таза ұтты.
Бүгін өз салмағында Олжас Сәттібай марокколық Абдельфаттах Нафилмен кездеседі.
Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»– Бакуден.