31 Мамыр, 2017

Қазақ қасқырға да жем болған

750 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халқымыздың басына қасі­рет болып төнген сұрапыл ашар­­шылықты көзімізбен көр­дік. Ол кезде мен төрт жаста едім. Алғаш біздің жағдайымыз жаман болған жоқ. Тіршілігіміз күн көріске жетіп жататын, әкеміз орта шаруа еді. Ұста, шебер кісі болған. Аз­дап алтын да сақтаған. Соны ауыл­­дың атқамінерлері біледі екен. Талай рет тіміскілеп таба алмаған.

Қазақ қасқырға да жем болған

Содан кейін олар әкеме әр­түрлі нақақтан жала жауып, «құлақ» деп түрмеге қаматқан. Денсаулығы онша жақсы емес еді. Қайта-қайта ауыра бер­ген соң, орнына үлкен бала­сын қамапты. Қасіретті қараса­ңыз­шы, түрмедегі кесел бірінен біріне жұғып, үлкен ағамыз қайтыс болыпты.

Сол ашаршылықтың сал­дары­нан әкем қайтыс болды. Одан кейінгі біздің жағдайымыз тіпті ауырлап кетті. Шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенді атқамінерлер біздің еуропалық үлгіде салынған, заманында талайдың көзқұртына айнал­ған үйімізді өртетіп жіберді. Сөйтсек, оның астарында ал­тын­ды иемдену тұрыпты. Ой­лары орындалып, үйдің ішіндегі үлкен тіреуден алтын табылады, олжалайды. Әкеміз марқұм сол тіреуден білдірмей қуыс жасап, сонда жасырып қойған екен.

Әкеміз қайтпас сапарға ат­танды. Баспанамызды арам ниеттер өртеп тынды. Алтын да қолды болды. Осының кесірі­нен біз де ашаршылыққа іліге бастадық.

Анам жүзігін, білезігін сатып, амалдап күн көріп жүрдік. Кейде көшеден көреміз, адамдардың аштан баудай түсіп, қырылып жатқанын. Бір күні базардан келе жатсақ, еңгезердей үлкен адамның кеудесі мен іші ашық жатыр екен. Дидарын үрей билеген анам, бірден менің көзімді жап­ты. Сөйтсем, ол өліп қалған біз­дің жақын ағайынымыз екен ғой.

Кейіннен Түлкібас ауданын­дағы Темірбастау деген жерге жан сауғалап кеттік. Қамқор­шымыз бір ғана шешем. Мен соңынан жаяу келе жатқанмын, анам екі жасар қарындасымды көтеріп алған. Барар жеріміз онша алыс жол емес. Бірақ аш­тық­тан әл-дәрменіміз құрып, жүре алмай келеміз, жағ­дайы­мыз ауыр.

Ілби басып жүрген адамға қарыс қадам жер көш жер болып кетеді екен. Мына сұм­дықты қарамайсың ба?! Күн ең­кейіп, кеш кіре бастады. Осы азаппен келе жатқанда бізге бір үйір қас­қыр жолықпасы бар ма, қор­шап алды. Шешем қайратына мініп, қолын­дағы таяғын сермеп, сес көр­­с­етеді. Оның әлсіз екенін азу­лары ақсиған бөрілер білетін секіл­ді. Әйел адам болған соң ба, ыға қоймайды. Қайта ентелей түседі.

Қасқырлар ырылдап, топы­рақ шашып, жақындай баста­ды. Мен қорыққанымнан ше­шем­нің етегіне оралдым. Шешем амалсыздан қолындағы екі жасар қызын «Құлыным!» деп құлындағы дауысы шығып, анталаған қасқырларға қарай лақтырып жіберді. Араны ашылған қасқырлар қарын­дасым­ды талап жатқанда, шешем мені ала қашты. Сол бір сұм­дық сәт күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Анам­ның «құлыным» деген үні дәл қазір құлағымның түбінде шы­ңылдап тұр.

Содан кейін жан ұшырып, бір шақырымдай жер жүріп, жездеміздің үйіне бардық. Мұны естіген үйдегілер атқа мініп қыз қалған жерге барса, қасқырлар қарындасымның шашынан басқа түк те қалдырмапты.

Иә, осындай қасіретті біз ғана емес, біз секілді қаншама қазақ бастан кешті екен? Сонда менің аяулы анам әулеттен бір тұқым қалса екен, бір ұрпақ әкесі­нің атын өшірмесе екен деп, мені құтқарып қалыпты. Қарын­дасымды менің жолыма құрбан­дыққа шалыпты. Мен ес кірген­нен бастап, сол анамның үмі­тін қайтсем ақтаймын деп талпын­дым. Күні бүгінге дейін сол талпы­ныстан танбай келе­мін. Тек өзім ғана емес, ұлтым­ның басындағы қасіретті жаңыл­май айтып, енді сондай сұмдық орал­маса екен деймін. Осыны бүгінгі елі­міздің әр адамы, әсіресе, жас­тар естерінде ұста­са қане. Ашар­шылық қазақты қан­сы­ра­­тып, миллиондарды көмусіз қал­дыр­д­ы. Жасым тоқ­санға бет алса да, ұлтымның басын­дағы сол бір қилы кезеңді еске тү­с­і­р­­генде ет жү­ре­гімді біреу ине­мен ша­бақ­та­ған­дай болып қина­латыным бар.

Тірі адам тіршілігін жасай­ды екен. Жездеміздің үйінде жүріп, жұмыс жасап, ел қатары­на қо­сылдық. Бірақ телқозыдай өсіп келе жатқан қарындасымнан айы­ры­латын оқиға жоғарыдағыдай болған. Бұл ашаршылық алапа­тының қасіреті еді.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреат