Шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды. Оған қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен елімізге белгілі ғалымдар қатысты. Олардың қатарында Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Абай Сатыбалдин, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Сағынбай Жұмағұлов, «Сакралды Қазақстан» ғылыми- зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, «Алаш» ҒЗИ қызметкері Қайырбек Кемеңгер, сондай-ақ, елімізге белгілі тарихшы-ғалымдар болды.
– Қазақ халқының мәдениеті мен болмысына 1937-1938 жылдарғы оқиғалар өте ауыр тигені анық. Осы жылдары қазақ интеллигенциясына қарсы бұрын-соңды болмаған көлемде қызыл большевиктер шабуыл жасады. Жалған жаламен ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Сталин жендеттерінің қолынан қаза тапты. Ұлтымыз аса дарынды, білімді асыл тұлғаларынан айырылды. Одан бері қанша уақыт өтсе де, сол жылдарғы қайғы-қасірет қазақ халқының жадында мәңгі сақталады, – деді Абай Сатыбалдин.
Шара барысында қазақ халқының сан түрлі соқтықпалы, соқпалы кезеңнен өтіп, бүгінгі күнге жеткені, сталиндік репрессия кезінде қазақтың басшылық қызметтегі азаматтары, қоғам қайраткерлері, ең таңдаулы ақын-жазушылары қаза тапқаны баяндалды.
– Кеңестік кезеңде тұтас тоталитарлық жүйеге тән қылмысты қазақ әдебиеті өз деңгейінде ашып көрсете алмады. Себебі, бүкіл ұлт зия-
лылары «халық жауы» деп атылды, айдауға жіберілді. Ал біз сталиндік репрессияны өткеріп келіп, қоғамдық-әлеуметтік өмірге араласқан қаламгерлер арқылы ғана сол жылдарғы зобалаңдарды білдік. Әрине, олардың шығармалары толық күйінде жете қоймағаны да белгілі. Біз Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы секілді ұлт зиялыларын жақсы білеміз. Дегенмен, аймақтарда мықты қызметтер атқарған, қазақ комитеттерінде басшы болған тұлғалар өмірі зерттеліп, ұрпаққа жетпей келеді. Осындай ұлттың қасіретін түсіндіретін шығармалар мектептерде кеңінен насихатталуы керек деген ұсынысым бар, – деді Сағынбай Жұмағұлов.
Өткен ғасырға көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы секілді ашаршылық, қуғын-сүргін, түрлі қиындықтарды, қасіреттерді өткерген ұлт некен-саяқ. Сол жылдары Кеңестік Қазақстанның 118 мың адамы сотталып, 25 мыңы репрессияға ұшыраған.
– Менің әкем Төлеубай колхозда бригадир болып жұмыс істеген екен. Халық аш, ішерге асы жоқ. Сол күзде егін бітік шығып, жоспарды мөлшерінен артық орындапты. Содан әр отбасы үшін екі шелектен бидай беруді жөн көрген. Осы ісі үшін оны «халық жауы» деп танып, он жылға қамауға алды, – деп еске алды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің механика кафедрасының доценті Зейнолла Төлеубаев.
Бүгінгі ұрпақ үшін жанын пида еткен азаматтарымыз ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың ерлігі ел есінде. Шараға жиналған қауым рухани сусындап, тарих қойнауын тағы бір парақтап қайтты.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»