Осы бір еңсеңді тік ұстататын Тәуелсіздік қарлығашы – Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығымен бірлесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу» деген сөзін негізге алған, «Көк тудың желбірегені» атты жаңа жоба еліміздің барлық қалаларында үш айдан бері жалғасын тауып келеді.
Өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу, жастардың бойында патриоттық сезімді нығайту мақсатын көздеген осындай шара таяуда Орал қаласында болған еді. Аталған кешке «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, патриоттық әндерді нақышына келтіріп орындап жүрген Ибрагим Ескендір қатысып, әннен шашу шашты. Әсіресе, оның орындауындағы Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» (сөзі Алмас Ахметбектікі) атты рухты ән жұртты сергіткені де, серпілткені де ақиқат. Сол секілді жоба аясында арнайы мектеп-интернатының өнерпаз жастары, облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері де өз өнерлерін көрсетті.
Кеш барысында танымал азамат – Қабдол Тілеков, «Бигалиевтер» отбасылық ансамблінің мүшесі Марина Бигалиева, самбодан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы Серікбай Нығмет, «Эстет» би студиясының жетекшісі Сәуле Тілекқалиева, жас ақын, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың биылғы жылғы түлегі Дәурен Шамұратов «Жас Отан» жастар қанатының қатарына қабылданып, жаңа мүшелерге арнайы төсбелгілер табысталды. Сонымен қатар, концерт барысында мектеп оқушылары мен «Балдәурен» РОСО базасында құрылған қазақстандық жас патриоттар академиясының мүшелері Елбасына арнаған тілектерін «Тілек кітапшасына» жазды. Жастар кітапты эстафеталық жолмен аймақтан аймаққа жеткізе отырып, Астана қаласында Мемлекет басшысына табыстамақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»