Қазақстан • 31 Мамыр, 2017

Латын әліпбиіне көшуді қолдайды

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мәселелеріне қатысты мәнді де мазмұнды мақаласы өңірлерде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының қолға алынуына қозғау салды. Осыған орай Ақтөбе облысында да арнайы комиссия құрылған. Өткен дүйсенбі күні облыстық әкімдікте өткізілген осы комиссияның отырысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бұл мәселеде бірінші кезекте ел-жұрт арасындағы түсіндіру жұ­мыс­тарына жан-жақты әрі терең мән берілуі керектігін атап көрсетті.

Латын әліпбиіне көшуді қолдайды

Комиссия мәжілісі кезінде Президент мақаласынан туын­дай­тын «Туған жер», «Қазақстан­дағы  100 жаңа есім», «Жаңа гума­ни­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», алфавитімізді қазіргі кириллицадан латын қарпіне көшіру және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» туралы бағдарламалар барысы талқыланды. Біз осының ішінде латын қарпіне көшуге қатысты айтылған ой-пікірлерге басымдық бергіміз келеді. Өйткені, бұл мәселе мақалада көрсетілген, өзге бағыттарға қарағанда түсіндіру жұмыстарын көбірек қажетсінетіні айтпаса да белгілі.

Тағы бір қойылар талап − латын алфавитіне көшу жөніндегі ойлар мен пікірлер алдын ала белгіленген тұжырымдамалық құжаттар аясынан аспағаны жөн. Өкінішке қарай, қазіргі күні мемлекетіміздің өркениетті жолға бет бұруының бір белгісі іспеттес, бұл мәселе тек филолог мамандар мен белгілі бір лингвистикалық топтардың арасында ғана талқылау нысанына айналған. Ал халықтың қалың тобы әзірге бағдарламалық бағытқа қатысты ой-пікірлерін ортаға салудан тыс қалып отыр.

Осы олқылықтың   орнын толтыру жөнінде Ақтөбе облысында байыпты бастамалар пайда бола бастағаны көңілді демейді. Соның бір дәлелі өңірдегі тұсаукесер са­ғаттары мен латын әліпбиін мең­геруге қатысты ақысыз курстар ұйым­дастыру жөніндегі ұм­ты­лыстар болып табылады. Ақ­төбе облыстық тілдерді дамыту бас­қар­масының басшысы Гүләйім Төле­баева өз ой-пікірін осы арнадан сабақтады. Келесі кезекте өз дәуірінде латын әліпбиін қолда­ған тарихи тұлғалардың бірі, қазақ тіл білімі ғылымының көр­некті өкілі, осы өңірдің тумасы Құ­дай­берген Жұбанов екенін айтпай кету шындыққа қиянат. Бір сүй­сінерлігі бүгінгі күнге дейін жүр­гізілген әлеуметтік зерттеулер мен талдаулардың  қорытындылары Ақтөбенің бүгінгі тұрғындарының 67 пайызы латын алфавитіне көшудің қажеттілігін қолдағанын көрсетеді,− деді бұдан әрі газет тілшісіне Гүләйім Тельманқызы.

Алдыңғы ойымызды одан әрі шегендеп, шегелер тұста  латын әліпбиіне көшу жұмыстарының еліміздің рухани әлемі үшін аса қажет іс екенін тайға таңба басқандай түсіндіріп беруі үшін тиісті кадрлар корпусы әзірленіп жасақталуы керектігі де басы ашық мәселе. Бұл тұрғыда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков қазіргі күннің өзінде «Қазына» ғылыми-зерттеу орталығы құрылғанын алға тартты. Оның айтуынша, жоғары оқу орнында латын қарпіне көшу мәселелеріне байланысты көпшіліктің сауалдарына сауатты да тұжырымды жауаптар қайтара алатын лекторлар тобын әзірлеуге де назар аударыла бастаған.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ