Тәуелсіздік тойы қарсаңында рухани өмірімізде екі бірдей шын мәніндегі ғажайып оқиға болып өтті. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 1 қыркүйектен бастап толық қазақ тілінде хабар таратуға көшсе, ел Тәуелсіздігінің мерейтойына тағы бір рухани тарту – «Мәдениет» телеарнасы дүниеге келді. Кеше Тәуелсіздік сарайында осынау қос қуанышқа және де балғындарға балтамызғы – «Балапан» телеарнасының ашылғанына 1 жыл толуына арналған мерекелік шара өтті.
Қазақ елі өз алдына тәуелсіз ел ретінде көк туын желбіреткелі талай тарихи оқиғаға куә болып келеміз. Ел мерейін өсірер қуаныштың бәрінің жөні бөлек екені рас, алайда солардың ішінде рухты өткірлейтін, намысты жанитын ең ерекшелері ел есінде мәңгі қалып қоятынын ескерсек, тіл құдіретінен, ана тілінің айбынын асырудан асқан парыз жоқ дер едік. Сол ежелгі ата-бабалар өсиетіне адалдықтың ең ізгі иірімінің «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан басталуы жайдан-жай болмаса керек. Бүгін аспанымыз бұлттан шайдай ашылып, тіл шуағы құлпыра шашылғандай әсерге бөленіп жатырмыз. Қазақ елі тағы да өзінің рухани бір тұма бұлағының көзін ашып, шаттыққа кенелуде. Елімізде болып жататын түрлі жаңалықтарға құлағымызды тосып елеңдеп отыратынымыз рас. Алайда мынадай қуанышты хабарды, тәуелсіз елдің жиырма жылға жуық тарихында алғаш рет өзінің таза мемлекеттік тілінде ғана хабар тарататын арнасын ашуы туған тілінің алға басып кете алмай жатқанына көңілдері құлазып жүрген талай қазақ баласының жердегі басын көкке тигізіп, кеудесіндегі үміт отын тұтатып жатқанын білеміз. Соның ендігі кездегі аяқ алысы өсер жұрттың өнегесіне лайық жобалармен алға баса берсін деп тілек айтқанның артықтығы бола қоймас.
Халқымыздың тамаша дәстүріне сай әсем әнмен өрілген тұсаукесер кеште ортаға салынған ойлар мен құттықтау сөздер бірінен соң бірі жалғасып жатты. Әуелгі құттықтау сөзді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев сөйледі. Бүгін біз мұнда екі бірдей тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз, – деді Мәулен Сағатханұлы.
– Біріншісі, «Қазақстан» телеарнасының жүз пайыз қазақ тілінде хабар таратуы болса, екіншісі, елімізде тұңғыш рет жаңадан «Мәдениет» телеарнасының тұсауы кесілуде. Екі жоба да ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұл телеарна егемендігімізді насихаттауға, елде болып жатқан жаңалықтар мен табыстарымызды халыққа жеткізуге үлес қосып келеді. Жиырма жылдық шежірені қалыптастыруда оның атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз екенін білеміз. Бүгінгідей ірі оқиға келешекте мұның одан да биік жетістіктерге қол жеткізіп, қазақ теледидарына жаңа тарихи мүмкіндіктер ашарына сенеміз. Қазақстан тарихында таза қазақ тілінде хабар тарату құқына ие болған «Қазақстан» ұлттық арнасын бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын, алдағы атқаратын жұмыстарына табыс тілеймін. Ал «Мәдениет» телеарнасына келетін болсақ, бүгінгідей жаһандану заманында мұндай ауқымды жобаның жүзеге асуы әбден көкейге қонады. Ұлттық мәдениетті, мәдени мұраны кеңінен насихаттау арқылы ғана байырғы рухани құндылықтар тәуелсіздік рухымен жаңғыра түспек. Бұл саладағы әлем жұртшылығына қазақтың әлі таныстырар, үлгі етер өнегелері жеткілікті. Елдің өркениеті сол елдегі мәдениетке деген көзқараспен өлшенері белгілі. Сол себепті де жаңадан құрылған ұлттық арнаның қызметі қай кезде де ұлттық мүддеге қызмет ете берсін деп тілеймін, деді М.Әшімбаев.
Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне осы жаңалықтардың өте лайықты рухани тарту екенін атап өтті. Елбасының тапсырмасымен жүз пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшкен ұлттық телеарна мен жаңадан тұсауы кесіліп отырған «Мәдениет» телеарнасының алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы ақпан айында республикадағы жетекші БАҚ өкілдерімен өткізген сұхбатында «Қазақстан» телеарнасына толық қазақ тілінде хабар беруге көшуі қажеттігін жүктегені белгілі. Осыған байланысты 1 қыркүйектен бастап, елімізде тұңғыш рет хабарларын тек қазақ тілінде жүргізетін рухани ошақ жұртшылықты айтулы ұлттық жобалармен таныстырып үлгергенін білеміз. Жарты ғасырдан астам тарихы бар ұлттық арнаның жаңа кезеңіндегі тынысынан көңіл қошын кіргізер жаңа бағдарламалар көрініс таба бастағаны көрерменнің ризашылық сезімін туғызуда. «Кеш жарық», «Таңшолпан», «Екі жұлдыз» сияқты бұрыннан бар бағдарламалардың соңғы кездері өзгеше үлгіде қайта жаңғыра бастауы телеарна деңгейінің өсе түсуінің бір айғағы. Бүгінде «Кеш жарыққа» кеш қалмайық дейтін болды халық. Оның әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа негізделіп, нақты тұлғалар мен жалпы шығармашылық адамдарының туындыларына арналуы көрермен қызығушылығын арттыра түсуде. Сондай-ақ жүргізуші шеберлігінің өсіп келе жатқаны байқалады. Қандай да табысқа болсын тек тыңғылықты дайындық арқылы жету мүмкін екенін ескерсек, ұлттық телеарнаның бүгінгі шығып отырған шыңы да көп жылғы еңбектің нәтижесі деу ләзім. Бұл ретте тұсаукесер кешінде экраннан бірталай жаңа бағдарламалардың көрерменге жол тартып жатқаны айтылды. Олардың ішінде «Саз толғау» музыкалық-танымдық ток-шоуы, «Дауа» медициналық бағдарламасы, «Алаң» пікірталас клубы, «Иман айнасы» хабары, «Отандастар» деректі фильмдер топтамасы, «Тәуелсіздік шежіресі» деректі фильмдер жиынтығы, «Даму» индустрияландыру ток-шоуы, «Екі жұлдыз» музыкалық ойын-сауық шоуының 4-ші кезеңі, «Болашақ» отандық телесериалы, «Өзекжарды» жобасы арна ажарын айшықтай түседі деген үміт бар.
«Қазақстан» РТРК арқауында былтыр қыркүйектің 27-сі күні «Балапан» телеарнасы өзінің кішкентай бүлдіршіндерін тәтті өнімдерімен қуантып тастаған. Шаңырақ көтергеніне бар-жоғы бір жылдың жүзі толған балғын арнаның сол уақыттан бері түрлі жанрда қызықты бағдарламалар әзірлегені, әлемнің үздік анимациялық туындыларын ана тіліне тәржімалап ұсынуы сәбилердің нағыз көңілді отауына айналып үлгергенін аңғартады. Аталмыш арна кейінгі жас ұрпақты елдік мұраттарға бастап тәрбиелеуде қыруар іс тындыруда. Жыл бойы «Шеберхана», «Кел, ойналық», «Ән салайық», «Айжұлдыз», «Айгөлек», «Еркетай», «Толағай» сынды көптеген бағдарламалар балғын санаға бал татырса, келешекте «Санамақ» танымдық бағдарламасы, «Жүзден жүйрік» танымдық, спорттық, ойын-сауықтық бағдарламасы, «Тентегім» әзіл-сықақ бағдарламасы, «Неllo, Балапан!» оқу-танымдық бағдарламасы, «Бауырсақ» танымдық бағдарламасы, «Құлыншақ» бағдарламасы, «Балдырған» мультсериалы сынды үздік жобалар сәбилер әлемінің әрлі бояуынан сыр тарқатады.
«Мәдениет» телеарнасы 80 пайыз мемлекеттік, ал 20 пайыз өзге тілдерде хабар таратып, отандық және әлемдік мәдениеттің озық үлгілері мен інжу-маржандарымен таныстырып отыруды нақты мақсат етіп қойып отыр. Қазақстан халқының тарихи және мәдени мол мұрасын сақтап қалуды, қазақ тілін, рухани адамгершілік құндылықтарды насихаттауды мұрат етеді. Республика жұртшылығы спутниктік арналар арқылы телеэнциклопедияларды, ең үздік қазақ киносын, Кеңес одағы тұсындағы көркем туындыларды, деректі фильмдерді, әлемдік режиссерлердің озық туындыларын, тарихтан және атақты тұлғалардың өмірбаянынан сыр шертетін бағдарламаларды, ғылыми-ағартушылық сипаттағы дүниелерді, опера және концерттік бағдарламаларды, телеқойылымдар мен балет өнерін тамашаламақ. «Ақсарай» музыкалық-танымдық хабары бағдарламасында республикалық дәстүрлі және классикалық театрлардың үздік туындылары көрерменге жол тартса, «Сол жылдар» танымдық бағдарламасы зерттеу тақырыптарына құрылып, кейіпкерлері отандық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуына атсалысқан тұлғалар болмақ. «Өркениет» бағдарламасы қазақ халқының біртуар тұлғаларының пікірталасына құрылып, жаһандану мәселелері мен заманауи мәдениеттің қазіргі қоғамнан алатын орны туралы ойлар ортаға салынады. «Қылқалам» хабары Қазақстан бейнелеу өнері шеберлерінің әйгілі картиналары жайында сыр шертсе, «Ғасырлар пернесі» бағдарламасы барысында халқымыздың ғажайып дәстүрлі музыкалық шығармалары мен түркі мәдениетінің баға жетпес үздік мұралары көрерменмен қауышпақ. «Алтын көмбеде» жастарды кітап әлемінің сыршыл ғаламына жетелейді. «Әлі есімде» бағдарламасында қазақ эстрадасының хал-жайы баяндалса, «Кітапхана» бағдарламасы қазақ әдебиетінің әйгілі туындылары мен тарихи басылымдарымен таныстыруды мақсат еткен. «Жүздесу» хабары шығармашылық адамдары өздерінің өнер жолындағы қол жеткен табыстары мен ізденістері жайында сұхбат өргізсе, «Абай» бес сериялы деректі фильмі қазақтың бас ақынының өмір өнегелерін өсер ұрпаққа үлгі етіп ұсынады. «Қазақ даласының құпиялары» он сериялы деректі фильмдер топтамасы бойынша түрлі өңірлердің өзіне тән өзгеше бояулары таныстырылады. «Көкжиек» телелекция үлгісіндегі ғылыми-танымдық жобасы да көрермен талғамына сай өрбиді деген сенім бар. «Мәдениет» бағдарламасы елімізде өтіп жатқан түрді мәдени оқиғаларға шолу жасай отырып, осы саладағы кез-келген жаңалық жайында толыққанды мағлұмат береді. Сондай-ақ «Легенды и мифы оперного», «Раскрытая партитура», «Неслучайные встречи» бағдарламаларында отандық өнер саңлақтарының тағдыры, классикалық жауһарлар жайында әңгімелер қозғалады деп күтілуде. Тағы бір айта кететін нәрсе, жаңа арнаның «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының негізінде ашылуы мен отандық өнімді жұртшылықтың спутник, интернет және кабельдік желі арқылы тамашалай алатындығы.
Мерекелік кешке қатысушы мәдениет пен өнер өкілдері ішінен құттықтау лебізін әуелі КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова жеткізді. «Көш жүре түзеледі» деген, қазір Қазақстанда жағдай жаман емес, соңғы жылдары қаншама мектептер, қазақ тіліндегі балабақшалар ашылып жатыр. Мәдениетіміз өркендесін десек, келешекте өзіміздің ана тілімізді үйренуіміз керек. Кейде шет елге барған өнерпаздарымыз классикалық шығармаларды жиі орындап жататынын көреміз, ал ондағы халық біздің дәстүрлі музыкамызға анағұрлым қызығушылық танытып жатады. Ендігі жерде біздің де мәдениетімізді өзгелерге кеңінен насихаттауға «Мәдениеттің» тигізер ықпалы мол болады деген сенім білдірді.
Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов «Мәдениет» телеарнасы келешекте классикалық, дәстүрлі музыкаларды қатар дәріптеуші арна болсын деген тілек білдіріп, әннен шашу шашты.
Композитор Төлеген Мұхамеджанов ұлттық арнаның таза ана тілінде хабар таратуы өзінің ұлттық деген атауына шын лайықты екенін көрсетіп берді, деді. «Балапан» арнасы сәбилердің қазақ тілін бойына сіңіріп өсуіне ықпал ете берсін, бүгінгі тәй-тәй басқан қадамы құтты болсын десе, белгілі опера әншісі Жаннат Бақтай «Гауһартас» әнімен сергітіп тастады. Ақын Фариза Оңғарсынова «Балапан» бағдарламасын сәбилердің қызыға тамашалайтынын, осындай қазақ тілді хабарларға әсіресе, шалғайдағы ауыл адамдары сусап отырғанын айтып, келешекте телеарна қазақ жастарының рухын көтеретін хабарларды көптеп таратса деген тілек білдірді. Телеарна басшылығына ризашылығын жеткізді.
Сұлтан Оразалин «Қазақстан» теларнасының тарихына тоқтала келе, толқындар сабақтастығы үзілмесе, ұлттық арнаның бағындырар биіктері мұнан да асқақ бола беретініне сендірді.
Кеш соңында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова мерекелік кешке қатысушыларды отандық теледидардың айтулы жобасымен құттықтап, мәдениет пен өнер тарландарын «Мәдениет» телеарнасындағы бағдарламалар төңірегінде ой бөлісуге шақырды. Кез-келген ақпарат құралы өзінің қолдаушыларынсыз, жанашырларынсыз жақсы өнімге қол жеткізе алмайтынын, сол үшін ортақ іске қашанда қолдау керектігін, ең бастысы, Елбасы жүктеген тапсырманың ойдағыдай орындалып отырғанын жеткізді.
Сонымен, кеше Қазақ теледидарының жаңа дәуірі басталды деп айтудың әбден реті бар. Қуанышымыз ұзағынан болсын, қадірменді көрермен.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.