Отанымыздың Қарулы Күштері қатарына он сегіз жасқа толып, азамат деген асқаралы атауға ие болғандар шақырылатыны белгілі. Әрине, он сегіз – адамның оңы мен солын айқын ажыратуға толық жететін шағы. Ойын да, бойын да бекіткен кезі. Солай бола тұрса да, мұндай жастағы жігіттерге ел алдындағы борышын өтеу басты парыз екенін ұғындыра түсу артықтық етпейді дер едік. Бұл тақырыптағы әңгімелер әскерге шақырылуды ұйымдастыру жұмыстары аясында да жүргізіле беретіні аян. Мұндай кезде олардың ең алғаш аттайтын, әскери тәртіптің жай-күйін көңіліне ең алғаш түйетін орны аудандық және қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер болмақ.
Ал, аталған бөлімдердің ғимараттары әскер қатарына шақырылған азаматтармен жан-жақты жұмыс жүргізуге сәйкес келе ме? Әрине, бұл арада қаладағы ғимараттарға қатысты айтарлықтай сын айта қоюдың реті жоқ. Басты мәселе аудандардағы қорғаныс істері жөніндегі бөлім ғимараттары жөнінде десек, бұл мәселеде әлі де шешімі табылмай келе жатқан түйткілдер бар екені анық. Осы орайда оның тарлығы, материалдық-техникалық базасының төмендігі көзге ұрады. Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Сейіткерім Арапбаев тіл тиегін осы тұстан тарқатты.
Мұндай көріністер еліміздің шалғайдағы бірқатар ауданына тән десек, шындықтан ауытқи қоймаспыз. Сондай-ақ, департамент басшысының тұжырымдауынша, Қарулы Күштер қатарына шақыру жұмыстары бір ғана ғимараттың сәйкес келмеуімен шектелмейді. Мұны ұйымдастыруға арнайы техникалар да бөлінуі қажет көрінеді. Сонымен бірге, медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті болуының да көктемгі және күзгі шақыруларды сапалық тұрғыдан қамтамасыз етуге оң әсер ететіні айтпаса да түсінікті.
Бұдан шығатын ой-түйін − республика аудандары орталықтарында бүгінгі заман талаптарына сәйкес келетін жаңа үлгідегі қорғаныс істері ғимараттары жобаларын ойластыру қажеттігі. Айталық, бұдан 4-5 жыл бұрын еліміздің аудандары үшін прокуратура ғимарттарының жаңа жобасы жасалып, соған сай келісті кешендер салынып, пайдалануға берілгені мәлім. Мүмкін, бұл мәселеге де осындай өміршең көзқарас тұрғысынан келгеніміз жөн шығар. Екіншіден, мұндай жаңашылдық, қиырдағы қорғаныс бөлімдерінің сәнді де сәулетті үйлері әскерге шақырылушылардың Отанды қорғауға қатысты алғашқы оң ой-түсінігін қалыптастыратынымен де келіспеу еш мүмкін емес.
Ойды ой қозғайды. Бүгінгі әңгімеміздің тақырыбынан алысқа кетпейтін тағы бір мәселені қозғап көруге болатын секілді. Қанша айтқанмен, аудандардағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімдердің қызметі тек бір ғана көктемгі және күзгі шақыруларды ұйым-
дастырумен шектелмейді. Бұдан өзге де атқаратын функциялық міндеттері жетерлік. Мұндай жағдайда арнайы әскери шақырту бекеттерін тұрғызу қажеттілігі туындайды. Бұл бағытта өңірде оны қай аудандардан бастап салу керектігін зерттеуге әрі зерделеуге көңіл бөлініп отырғанын да айта кеткіміз келеді.
Бүгінгі таңда әскер қатарына шақыру ісіне терең әрі жан-жақты көзқарас тұрғысынан келе білу қажеттігі қай кездегіден де маңыздырақ. Бұл іс қорғаныс істері жөніндегі құрылымдардың ғана емес, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың және ата-аналардың ортақ парызы деп білеміз. Тіпті, ел өңірлерінде болашақ Отан қорғаушыларды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу орнығып жатса, патриотизмге тәрбиелеудің көрінісі дегеніміз осы мерейлі сәт болып шықпай ма? Мұның өзі ел алдындағы парыз бен борышты өтеу қастерлі міндет екенін тереңірек ұғындыра, сезіндіре түскен болар еді демекпіз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы