...Сталиннің солақай саясаты салдарынан небір тектілеріміз қара жер қойнауына ерте түсті. Асылдардың ардақты жарлары да тағдырдың мехнатын тартып, өрімдей балаларын өлімге өз қолдарымен аттандырғанына назаланды. Бұған қарсы шығар қайран да жоқ еді-ау. Қазақ тарихында «Ежов қырғыны» деген атпен қалар сойқанның өзі санаға салмақ салады. Ал АЛЖИР-дегі қазақ қасіретін тілге тиек етудің өзі ауыр. Көрнекті ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» атты поэма-реквиемі осы аталған қасіреттерді арқалаған шығарма.
Аталмыш туынды желісінде сахналанған қойылым жазықсыз жала салдарынан жазаланған ана мен туғанынан жырақтаған бала тағдырын көз алдыңа алып келеді. Небір жан төзгісіз зорлық-зомбылықтарды бастан өткерген, ауыр еңбекке жегілген қайран аналардың өмірі жанарға жас үйіреді.
Бір қарағанда, «Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр, Күнде дабыр бұл тірлік, күнде дауыл. Алаш жұрты азаптың аралы ма – Қарағанды лагері, бұл не лагерь?..» – деген жолдармен басталатын поэма-реквием сахналауға келмейтін, тілі ауыр, иірімі бөлек дүние секілді көрінеді. Алайда, сахна майталмандарының табанды еңбегінің нәтижесінде әрі оқушылардың таланты мен ізденімпаздығының арқасында ойдағыдай сахналанып, көрерменнің көңілін толқытты. Бұл ретте, қойылымның суретшісі Саят Жұмаділ мен дыбыс режиссері Қарлығаш Исаеваның еңбегін де атап өткен жөн.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ