«Өткен ХХ ғасырда халқымыз аса ауыр қасіретке толы кезеңді басынан кешіргенін баршаңыз жақсы білесіздер. Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру арқылы келген ашаршылықтың ауыр зардабын көрді. Ашаршылықтан ес жиналмай жатып, сталиндік қанды террор мен жаппай репрессияның қасіреті төнді. Мыңдаған қандастарымыз жазықсыз жазаланды. Айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Зұлматты жылдары 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы атылған. Олардың арасында қазақ халқының көрнекті перзенттері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз бар. Тәуелсіздік таңымен бірге жазықсыз жазаланған арыстарымызды ақтау дәуірі басталды. Елбасының бастамасымен мұрағат материалдары ашылып, қуғын-сүргін құрбандарының тізімі анықталуда», деді әкім.
Қызыл қырғын зардабы Әулиеата өңірін де жалындай шарпығаны тарихтан белгілі. «Халық жауы» деген жалған жаламен облыстың 5 мыңнан астам тұрғыны жазалауға ұшырап, 845 адам жазықсыз атылып кеткен. Олардың қатарында Қабылбек Сарымолдаев, Сыдық Абланов, Әшір Бүркітбаев сияқты ел ардақтылары да болған.
Сондай-ақ, шара барысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпағы, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы Лидия Ким сөз алып, қасіретті кезең туралы пікір білдірді. Жазықсыз жапа шеккендерді еске алды. Ал тараздық жас ақын Нұрболат Жолдасбек құрбандарға арналған өлеңін оқыды.
Бұдан кейін Тараз қаласындағы даңқты мерген Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Оған облыс әкімі бастаған жергілікті басшылар мен қала жастары қатысты.
Сондай-ақ, осы күні Тұрар Рысқұлов ескерткішіне де гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Жиналған көпшілік саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»