Жазылған жайдың жаңғырығы
Газетіміздің 2011 жылғы 17 тамыздағы санында шолушы Жылқыбай Жағыпарұлының «Астаналықтарды астаналық ететін Астананың өзі немесе елордалық менталитет хақында» деген мақаласы жарық көрген болатын. Осы мақалада көтерілген көкейкесті мәселелер оқырмандарымызды, оның ішінде астаналықтарды бейжай қалдырмаған екен. Осыған байланысты төменде редакциямызға келіп түскен оқырман хаттарының бір парасын жариялауды жөн көрдік.
ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫ ТОЛҒАНДЫРСА КЕРЕК
Мен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Астаналықтарды астаналық ететін Астананың өзі немесе елордалық менталитет хақында» атты мақаланы оқып, қолыма еріксіз қалам алдым. Қай елдің де беделін көтеріп, абыройын асқақтататын астанасы болатын болса, бас қала тұрғындары сол мемлекеттің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық болмысының айнасы сияқты. Ендеше, төрткүл дүние «Үшінші мыңжылдықтың қаласы» деп таныған елордамыздың жетістігі, астаналықтардың мәдени және өркениет деңгейі әрбір қазақстандықты толғандырса керек. Осы орайда мақала авторы көпшілік көкейінде жүрген көкейкесті мәселелерді тап басып, ақиқатты ашық баяндаған.
«Өзіңді өзің сыйласаң, жат бойынан түңілер» дегендей, барымызды барынша айтып, орын алған кемшіліктерімізді көзге шұқып көрсетпесек, қаншалықты өркениетті ел боламыз. Сондықтан ғасыр ғажайыбы – Астананың архитектуралық сәулеті мен салтанатына тұрғындарының мәдениеті мен менталитеті сай болуы керек. Өкінішке орай, әлемдегі ең жас мегаполис болып саналатын елорда тұрғындарының сапалық деңгейі әлі де бұл жоғары талап биігінен шыға алмай отырғандығы жасырын емес. «Астанада халыққа қызмет көрсету мәдениеті төмен» деген сөзді көп естиміз. Ал бұл сөздің ақиқаттығына көшеге шығып, дүкен араласаңыз-ақ көзіңіз анық жетеді. Дүкеншілер дөрекі. Сауда мәдениетінен, халыққа қызмет көрсету дәстүрінен жұрдай. Тиын сауған сауда орындарының иелері әйтеуір, жұмыс істейтін сатушы тапса болғаны. Оның білімі мен біліктілігіне, тәртібі мен мәдениеттілігіне ешбір көңіл аудармайды. Керісінше, оның кесірін тұтынушылар көреді. Дүкенге барып тауар сатып аламын деп, жүйкесін тоздырып, дәрі ішетін тұтынушылардың бірі менмін.
Өздеріңіз ойлаңыздаршы, жертөледен ыңғайлап дүкен ашқан саудагерден қандай имандылық күтуге болады. Жалпы, «ғасыр ғажайыбы» атанған бас қаламызда көп қабатты үйлердің жертөлелерінде, өрт апаты болған жағдайда тұрғындардың жылдам шығуы үшін ыңғайланған екінші кіреберістерді жауып тастап, босағасынан дүкен ашу жараспайтын дәстүр. Қазір мұндай дүкендер Астана қаласында «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптап барады. Нанбасаңыз мен тұратын Күйші Дина көшесіндегі №12 және №21 үйлерді келіп көріңіз. Бұл көп қабатты үйлердің жертөлелері мен кіреберістері қаптаған азық-түлік дүкеніне айналған. Сыз иісі бір кеппейтін, егеуқұйрықтар мекен ететін орындарда азық-түлік дүкенін ашуға бола ма? Бұл жерде қандай тазалық, қандай сауда мәдениеті хақында сөз қозғауға болады? Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық орындар қайда қарайды?
Тұңғыш Президентіміз Астананы ақ қалаға, бақ қалаға айналдыру үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Ендеше, Астана тұрғындары да осы талап үрдісінен шығып, талғамымыз бен талабымызды көтере білейік.
Сәуле ИМАНБАЕВА, қала тұрғыны.
* * *
ЕЛОРДАНЫҢ ЕҢСЕСІН БИІКТЕТЕЙІК
Қазақ басылымдарының қарашаңырағы, ғасырға жуық тарихы бар, шежірелі басылым «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 17 тамыздағы 375-376 санында осы басылымның тілшісі Жылқыбай Жағыпарұлының «Астаналықтарды астаналық ететін Астананың өзі немесе елордалық менталитет хақында» атты елорда жайлы зерттеу мақаласы жарық көрген болатын. Жан-жақты ізденіспен, терең толғаммен жазылған мақала оқырманды ойландырады. Әрине, мақала авторы жүрегінен өткеріп отырып, күнделікті болып жататын оқиғаларды шынайы баяндаған. Мен елордаға келгеніме үш жылдан асып барады. Жеке кәсіпкермін. Қоғамдық көлікте көп жүремін. Мақала иесінің жазғандарының шындық екеніне толық куәгермін.
Алаш ұрпағы ата-бабалар армандаған тәуелсіздігімізді қайтсем баянды етемін деп жүрген елорданың авторы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төл идеясы да Астананы сәулетті, мәдениетті бас қалаға айналдыру болып табылады. Осындай Көшбасшымыз, әлем мойындаған сұңғыла саясаткер Елбасымыздың идеясын, ұлттың Елордасын, Президенттің Ақордасы орналасқан қасиетті шаңырақ-мекенімізді келген келімсектерге неге аяқ асты етіп, қоғамдық тәртіпті бұздырып, көшедегі келеңсіздіктерге неге көз жұма қарауымыз керек? Ұлт ретінде неге намыстанбаймыз. Қайсы елде бас қаласында келімсектерді тайраңдатып қойған?
Қаламызда тұрғын үйлерде тұрып жатқан жалдамалы пәтер иелері уақытша келген соң ойларына келгенін істеп жүр, қоғамдық тәртіпті мүлде сақтамайды. Мен тұратын халқымыздың классик жазушысы Ғабиден Мұстафин атындағы көшесіндегі №21 үйде бүгінге дейін пошта жәшігі жоқ. Ешкім хат танымайтындай, газет-журнал оқымайтындай. Себебі, бүгінге дейін осы үйде пошта жәшігі болмағандықтан газет-журналды тұрғындар жазып алдырып, оқи алмай келеді.
Тоғыз қабатты бұл тұрғын үйге темір жол жақын орналасқан, екі ортада шағын орманды алаңқай жер бар. Сол жерге жүк мәшинелерінің жүргізушілері қаладан күл-қоқысты әкеліп, үйіп тастаған. Қаламызға пойызбен кіріп келе жатқан жолаушылардан ұят. Қаламыз қоқыс алаңына айналып барады.
Мақала авторының талғамсыз келіп жатқан келімсектерге тойтарыс беру мәселесі өзекті. Миллиондаған мемлекет қаржысына салынған елордаға және миллиондаған теңге жұмсап тазалығын сақтап отырған қасиетті төрімізді неге аяқасты етуіміз керек. Әрбір жұмыс орындарында күнде таңертең елорданың тазалығы жайлы, көше мәдениеті жайлы, бас қала тұрғындары жайлы, тұрақты түрде насихаттық шаралар өткізілуі керек. Әсіресе, сауда орындарындағы, базарлар мен қаланың шет аймағындағы «көк базарлардағы» тазалық мәселесі ерекше бақылауда болуы қажет. Көкөніс сатып жатқан жерлерге барудың өзі қауіпті, сасық иіс өңменіңді жарады. Астана қаласының ұлтымыздың рухани орталығына айналуына атсалысайық. Мақалада астаналық менталитет мәселелері дер кезінде көтеріліп отыр. Шындықты дос қана айтады, дұшпан миығынан күліп кетеді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланып жатқан жылы елордамыздың еңсесін биіктетіп, мәдениетін көтеруге бетбұрыс бастайық, ағайын!
Егемберген ТАЛАПБЕРГЕНҰЛЫ, Астана тұрғыны, кәсіпкер.