Аймақтар • 31 Мамыр, 2017

Таразда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған конференция өтті

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Кеңестік дәуірдегі репрессия мен ашаршылықтың тарихи шындығы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға бірқатар зиялы қауым өкілдері, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, сонымен қатар тарихшылар, өңірдегі жоғары оқу орындарының ұжымы мен студенттері қатысты.

Таразда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған конференция өтті

Атаулы күн қарсаңында ұйымдастырылған шараның мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық бірлікті нығайту, тарихи жадыны жаңғыртып, өскелең ұрпаққа мирас ету. Сонымен қатар, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы ықпалдастықты арттыруға үлес қосу.

Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдарында қара жамылмаған қазақ жоқ. Соның салдарынан ұлтымыздың тең жартысы қырғынға ұшырады. Мәліметтерге сүйенер болсақ, ашаршылық пен ауру-сырқаттан Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украинада 7 миллионнан астам адам көз жұмған.

Ал, өткен ғасырдың 30-жылдары бір ғана Қазақстанның өзінде 104 мыңға жуық адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Қазақ зиялыларының бетке ұстар өкілдерінің, республика басшылығының түгелге жуығы жойылды. Еліміздің әр түкпіріндегі 11 лагерьдің қабырғасында адамдар қинау мен азаптау салдарынан қаза болды. Сол лагерьлерде миллионнан астам адам жазасын өтеді. Саяси қайраткерлермен қатар олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүргінге ұшырады.

«Киіз туырлықты қазақ халқының тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол, тайғақ кешкен» қасіретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Ұлтымызда «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген дана сөз бар. Тарих парақтарын кері ашар болсақ, 1925 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Голощекин Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары  жаппай қуғындауға ұшырады. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды Қазақ елінен қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен шолақ белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ұлтымыз ашаршылыққа дейінгі санына, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткені – бұл зобалаңның қаншалықты қасыретті болғанын көрсетуде», деді жиында сөз алғандар.

Конференция барысында «Барбанг» күрділер ассоциациясының Жамбыл облыстық филиалының ақсақалдар кеңесі төрағасы Абдукарим Сулейменов «Мы курды – казахстанцы. Судьбы степные лики», М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Гүлбағира Бейсембекова «Қазақстандағы 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тарихы», Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының директоры Ордалы Қоңыратбаев «Кеңестік репрессия: себептері, тарихи кезеңдері, салдары», Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Кембаева «Ұлт жүгін арқалаған ұрпақтар сабақтастығы (Тұрар мен Шерхан)», Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы Сейілхан Тоқболат «Қуғын-сүргін тарихы қазіргі тарихнамада» тақырыптары бойынша баяндама жасап, атаулы күннің тарихи маңызына кеңірек тоқталды.

Жиын барысында сөз алғандар жастарға бастан өткен кезеңдерді Қазақстан халқы әрдайым есте сақтап, бүгінгі күннің қадіріне жете білуі қажеттігін айтты.