«Жуырда ЭКСПО ашылады, осыған байланысты Астананың жаңа мақтанышы болатын жаңа нысандарды аралап жүрмін. Бұл бұрынғы Кеңес елдері арасындағы осындай жалғыз вокзал, мен тіпті Еуропада мұндайды көрген жоқпын. Ол болашаққа арналып салынған. Қазақстанның барлық өңірін «Тальго» жүрдек пойызымен байланыстырдық, олар сағатына 150-200 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Бұрын Алматыдан 24 сағатта жететін болсақ, қазір 11 сағат жеткілікті», деді Президент.
Вокзал жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату процесін интеллектуалды басқару желісімен қамтылған. Вокзалдың бірінші және екінші қабаттарында 740 көлікке арналған автотұрақ бар. Сонымен қатар, ол жерде қызметтік-теxникалық бөлмелер орналасқан. Үшінші қабатта шатыр астында перрон орналасқан. Төртінші қабат ең негізгісі болып саналады. Мұнда басты кіреберіс пен 10 билет кассасы, анықтама бюросы, сауда орындары бар. Бесінші қабатта тамақтану орындары болса, алтыншы қабатта әкімшілік кеңселер болады.
Сонымен қатар, вокзалда ана мен бала бөлмелері, қонақ үй, медициналық пункт бар. Вокзалдың қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлінген. Ғимаратта адамдарды тексерістен өткізетін 16 кіреберіс бар. Оның үстіне ақылды жүйемен басқарылатын 510 шақты камера орнатылған. Бұл вокзалға негізінен соңғы аялдамасы Астана болатын пойыздар қатынайды. Ал ескі вокзалда транзиттік пойыздар мен қала маңы қатынасына басымдылық берілмек.
Келесі жылы қаланың орталығын, ЭКСПО, Назарбаев университеті мен әуежайды қосатын жеңіл рельсті көлік (LRT) желісі тартылатыны мәлім. Осы орайда, жаңа вокзал жанынан қалааралық автобустар аялдайтын арнайы ғимарат салынып жатыр. Олардың өз кассалары болады. Қалалық таксиге де жеке орын жасалмақ.
«Нұрлы жол» темір жол вокзалының құрылысы кезінде 2 мың жұмыс орны ашылса, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 1,8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бауыржан Мұқанов,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды