Жексенбі. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қалалық сегіз ауданнан іріктеліп келген 24 балуан айқасқа түсті. Бас жүлде – «Жигули» көлігі. Көрік кеуде балуандар арманы – темір тұлпарға бұғалық тастап, Астанадағы мәртебелі турнирде бақ сынау.
Жанарлары шоқтай жанған балуандар, кірпік қақпай кілемге көз тіккен қалың жанкүйер. Бірақ жарыс алдындағы даңғаза әуен жұрттың берекесін алды. Сахнада жұлқынып тұрған «Алдаспан» тобының не айтып жатқаны түсініксіз. Даңғырлаған, даңғаза әуенмен бірдеңе айтып жатыр. Бір сөзін ұға алмайсың. Әуен дейміз-ау, қайдағы әуен?!.. Қолдарында қазақтың қоңыр үнді қара домбырасының барлық қасиетін жұрдай қылған электродомбыра. Не гитара емес, не домбыра емес. Дүмбілез, есер әуен.
Даңғаза бітісімен белдесулер басталып кетті. Кілем шетіндегі жүргізуші микрофонмен хабарлай жөнелді. «Шаршы алаңға екі балуан шығады». Ал керек болса! Көзіне ринг елестеді ме екен? Жарайды, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Бір қателікке кешіріммен қарауға болады.
Екі балуан арпалыса күресіп жатыр. «Жартылай жеңіс ұпаймен қызыл шапанды балуан алда келеді», дейді микрофонмен сарай ішін жаңғырта. Мұндайды кім көрген?! Балуандар жанталаса күресіп жатыр. Оларға кедергі жасамау керек қой. Теледидар арқылы тамашалаған жанкүйер, әдетте, комментатор сөзінен тың мәліметтерге, қосымша ақпараттарға қанығып отырады. Бірақ комментатор дауысы сарай ішіне тарамайды. Ал мынаған жол болсын?! Қай балуанның ұпай санымен алда тұрғанын жаһанға жар салып хабарлауға қандай хақысы бар?! Белдесу ширыға өтіп жатыр ғой. Кім жеңері әлі белгісіз. Бұлай айқайлап айту балуан жүйкесіне, жүрегіне қаншама салмақ түсіретінін ойлады ма? Әрине, жоқ. Сарай ішін жаңғырта хабарлауға рұқсат берген кім?
Қандай ұпай берілгенін кілем төрешісі көрсетуі керек, ол берілген ұпайды да жүргізуші хабарлауда. Турнир кешін жүргізуші төреші емес қой. Мұны кім ойлап тапқан?!
«Уақыт! Уақыт!» деді бір кезде микрофонмен белдесудің аяқталғанын хабарлап. Белдесу уақытының біткенін табло үні білдіруі қажет емес пе?
«Қазақ күресінде тік тұрып күреседі», дейді қайта-қайта тақылдап. Сонда күрестің басқа түрлерінде жатып күресе ме екен?! «Қазақ күресінде төрттағанға салмайды», десе жетіп жатыр ғой.
Балуандар арпалысып жатыр. Жүргізуші сарайды жаңғыртып ауыз жаппай сөйлеуде. Балуандар жүйкесіне қаншама салмақ түсіп жатыр десеңізші. Қалың жанкүйер жүргізушінің бей-берекет сөзін емес, балуандар белдесуін тамашалауға келді. Бұл не, турнир ме, шоу ма?
«Саят әдісінен еш нәтиже шығар емес», дейді «көрегендікпен». Төбеден тоқпақпен ұрғандай мына сөзден кейін балуан қалай күреседі, айтыңызшы?! «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Өзі би, өзі төреші. Тым еркінсіп кетті. «Шаштан тартып, көзді шұқымаса болды, басқа бар айланы қолдануға болады», деп қойып қалғаны. Неткен жауапсыздық, неткен сорақылық.
Күрес ережесі өзгереді, үздіксіз дамиды. Бокстағы екі минуттік раунд уақыты үш минутке қайта өзгерді. Өте дұрыс. Мықтының мықтысы үш минуттік раундта өзін көрсетеді. Жақында дзюдо күресінде де өзгеріс болды. Жасалған әдіске берілетін бұрынғы юко мен вазари ұпайлары қазір бір ғана ұпаймен бағаланады. Мұның өміршеңдігін уақыт көрсетеді. Мүмкін, биылғы әлем чемпионатынан кейін бұрынғы ережеге қайтып оралар. Қазақ күресінің де ережелері тайға таңба басқандай болса ғой дейсің қиялдап.
«Көк шапандағы балуанға қатаң ескерту» дейді де, сол қолын балуан иығына қойып, бас бармағын шошайтады төреші. Қарсыласына оң қолын бағыттап, көлбете созады. Көк күртешедегіге қатаң ескерту берілді, қарсыласына ұпай байлады. Бас бармақты қайқита шошайту «жарайсың!», «бес!» деген мақтау мағынасын білдірмей ме?!
«Бүк ұпай», деп төреші алақанын жаза қолын көлбете созып балуан жасаған әдісті бағалайды. Бүк деген сөздің өзі бүгіліп жату емес пе?! Аяқ-қолын бауырына алып, бүрісіп жатқан адамды бүк түсіп жатыр дейді қазақ. Әдісті осылай бағалап көрсету көңілге қонымды ма?!
«Құлағым болған соң естимін де, көзім болған соң көремін де», деген екен баяғыда бір бейбақ. Жағымсыз көріністерді ысырып тастап, енді екі ауыз сөзбен кілемдегі айқасты түйіндейік. Турнир кезінде ерекше әбжілдігімен, әдістерді мінсіз орындайтын ерекшелігімен Аманғали Жартыбаев дара көзге түсті. Ол үшінші айналымда Ахмад Бобоевты 12 секунта оң жамбасқа алды да, бұрқ еткізді. Бар болғаны 12 секунд!
Төртінші айналым. Жартылай финал. Дәурен Нұралинов пен Әлімжан Жұмахметов белдесуі. Түйе мен тайлақтай. Дәурен салмағы 130 келі, Әлімжан 90 келі. 40 келі айырмашылық. 130 келіні көтеріп лақтыру оңай емес. Дәурен жамбасқа салып алып ұрды да финалға шықты.
Финал. Руслан Әбдіразақов пен Дәурен Нұралинов айқаса кетті. Алыптар белдесуі. Руслан – тәжірибесі мол балуан, «Қазақстан барысы» турнирінің екі дүркін жүлдегері. Салмағы 120 келі. Дәурен оңтайлы сәтте қайыра лақтырды. Әккі Руслан әуеде аунап бара жатып Дәуреннің өзін түсіріп кетті. Ал үшінші орын үшін белдескен арпалыста Виктор Демьяненко Әлімжан Жұмахметовтен айласын асырып кетті.
«Өлмей тұрып өнеріңді сына да,
Тірілерге қалдырып кет мұраға», – дейді дана қазақ. Біздің мұраға қалдыратын өнегелі өнеріміздің бірі – осы қазақ күресі. Олай болса, қазақ күресінің тізгінін ұстаған жауапты адамдар ұлт күресінің тазалығы, абыройы, беделі үшін үздіксіз күресулері керек шығар.
Зейнел Жекейұлы,
журналист
Алматы