Медицина • 01 Маусым, 2017

Ұмытылмас күн полицей ерлігінің куәсіне айналды

213 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ерлан Таңжарықов учаскелік инспектор болып істейтін Калинин ауылдық округіне қарасты елді мекендер Таран ауданының орталығынан қырық шақырым жерде жатыр. Бәрі қатар орналасқан. Полиция капитаны Е.Таңжарықов осы ауылдық округтегі Береговое және Нагорное деген елді мекендердің тыныштығын күзетеді. 2016 жылдың 29 ақпаны Береговое ауылының тұрғындары Головколар отбасының да, учаскелік инспектордың да есінен шыға қоймас...

Ұмытылмас күн полицей ерлігінің куәсіне айналды

Түнгі сағат 04.00 шамасында шырт ұйқыда жатқан Ерланның желісіз телефонына біреу қоңы­рау шалды. Құс ұйқылы учаскелік инспектор жары, балалары оянып кетпесін деп, телефонын жедел алып, түймесін баса қойды. Ар жақтан «Степная көшесіндегі 5-үйде тұратын Юлия Головкомын, біз­­дің үйге тез жетіңіз», деп сы­быр­лаған қыздың аптыққан дау­­ысы естілді. Дабылды телефон қоңырауының тегін емес еке­нін сезді. Көз ілеспес шап­шаңдықпен киінді де, дереу «Нива» машинасымен он минутқа жетпейтін уақытта әлгі үйдің маңайына жетіп келді. Бірақ дәл Головколардың үйіне тоқтамай, оған жетпей, араға екі үй салып тоқтады. Таңғы ұйқының кезі ғой, ауыл тып-тыныш, иттер де үрмейді. Головколардың үйіне келді, дәліздің шамы жанып тұр, қалғаны сөндірулі. Полиция капитаны формада болатын, бірақ тапаншасын тастап кетіпті. Іштей «әттеген-ай!» деді, бірақ шегінерге жол, тәуекелден басқа амал жоқ. Есікті ашып, үйге кірді, терезеден таңның бозғылтым жарығы түскен әлі қаракөлеңке төр бөлмеден әрі қарап тұрған ер адамның сұлбасын көрді. 
− Ер адамның оң қолында пышақ бар екенін байқап қалдым, жерде байланып жатқан екі әйел­дің үстіне төніп тұр, − дейді Е.Таңжарықов. – Ойланып тұруға уақыт тығыз. 
Ол әскери самбо кү­ресінің әдіс­­теріне салды да, қыл­мыс­кер­дің қолынан пы­ша­ғын ұшы­рып жіберіп, қолын қай­ы­рып, тырп еткізбей тұрып, аудан ор­та­лығынан көмекші күш ша­қыр­ды. Жедел-тергеу тобы кел­ген­ше учаскелік инс­пектор қа­рақ­шы­ның Рудный қаласының 21 жас­тағы тұрғынының, про­ба­ция­­лық бақылауда есепте тұр­ға­нын анықтап та қойды. Ол түрмеден жақында ғана шы­ғып келген, бұрын да осындай қарақ­шылығы үшін сотталған азамат екен. Головколардың үйінде апалы-сіңлі екі әйел, қызы жә­не төсек тартып жатып қалған 
қа­рт анасы ғана тұратын. Үйде ер адам­ның жоқтығын пай­­даланып, әйелдерден ақша талап еткен. Ойы бұзық адам үй­ге кіргенде, қызы Юлия ағаш тө­сектің астына тығылып үлгеріпті. 
Осы жолы Юлияның үйіне жасалған қарақшылықты учас­келік инспекторға хабарлаған ерлігінің өзі Ерланның тұр­ғындармен жүргізген тынымсыз жұмысының нәтижесі деу­ге болар. Калинин ауылдық ок­ругінде жергілікті полицейді тұрғындардың барлығы біледі. Ол округке қарасты елді мекен­дерді ерінбей аралап, оларға тәртіп сақтау туралы түсінік жұ­мыс­тарын жүргізіп, кетерінде аты-жөні, телефон нөмірі жа­зылған визиткалық карточкасын беретін. «Егер күтпеген оқиға болған жағдайда күн-түн демей маған хабарласыңыздар», дейтін. Юлия мектеп оқушысы болса да зеректікпен оның телефон нө­мі­рін өзінің телефонына тіркеп қойған екен. Соның арқасында, қарақшының қанды шеңгелінен бір үйлі жан аман қалды. 
Сол күні түндегі бөрігуден енді босап отыра бергенде, Таран аудандық ішкі істер бөлімінен жедел ақпарат түсті. Таңжарықовқа балықшыларды құтқару ісі жедел тапсырылды. Ол Қаратомарға шұғыл жеткенде «ВАЗ-2113» маркалы машинасы мұздың ортасында тұр екен. Көктемге салым мұздың жұқарып қалған кезі, мұз үстінде көлікпен түгіл, жаяу жүрудің өзі аса сақтықты қажет етіп қалған кез. Ерлі-зайыпты балықшылар машинасын мұздан шығара алмай тұр екен. Учаскелік инспектор оны өзінің қызмет машинасына арқанмен байлап, жағаға тартып шығарды. Аяқ-қолдары үсіп кетуге сәл қалған балықшыларды Руд­ный қаласына дейін апарып салды. 
− Біздің Береговое ауылы Қа­ратомар су қоймасына жа­қын орналасқан. Жыл бойы оған балықшылар келеді. Егер біз кіріспегенде тал түсте балық­шылар су үстінде қатып қалатын екен, − дейді Е.Таң­жарықов. Кәбиса жылы ол осылай екі отбасын ажалдан аман алып қалды. Сол оқиғалардан кейін тұрғындар учаскелік инспекторға алғысын айтып, олар аудандық ішкі істер бөліміне хабарласқан. Өткен жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанда Е.Таң­жары­қовтың адал, патриоттық ісіне риза ауылдастары өзінен бұрын қуанды. 
Полицейдің ісі жеңіл емес. Ауылдарда екінің бірінде ұрлық болады. Учаскелік инспектордың соңына түсіп, ұрыны ұстамай қой­майтын табандылығын тұр­ғын­дар жақсы біледі. 2015 жылы жаз­да ауылдағы дүкенге ұры түсті. Ауыл дүкенінде дабыл бе­ретін құрылғы дұрыс іс­тей бер­­мейді. Ұрылар соны пай­да­ланып, үптеп кеткен ғой. Ер­лан дүкенге жақын жерден ма­ши­наның ізі мен шылымның қал­дығын байқады. Әбден психо­лог болып алған инспектор «осы шылымды ұры шегуі әб­ден мүмкін» деп, машинаның ізі­не түсіп берді. Шылымның тұ­­қылын орап салып алды. Із по­лицейді бір үйдің қасына алып кел­ді. Қақпадан үйге кіре берісте әлгі өзі тауып алған шылымның тұқылы тағы да алдынан шықты. Ұрылардың осы үйде екеніне оның күмәні қалмады. Олар дү­кен­­нен жымқырған азық пен зат­тардың барлығы үйден табыл­ды. Мұндай оқиғалар Е.Таң­жа­ры­қовтың тәжірибесінде жиі кездеседі. 
Таран ауданына қарасты Береговое, Нагорное елді мекен­дері Рудный қаласына жақын болғандықтан, ауылға келетін келімсектер баршылық. Қала болған соң, онда қылмыс та, түрмеден шығып келетіндер де көп. Қаладан нәпақасын тап­пағандар жақын ауылдар­ға ығысып келіп, ұрлыққа да, бас­қа қылмысқа да даяр тұрады. Жыл сайын осы ауылдық округте ішкілікке салынған оншақты адам ерекше есепте тұрады. Олар­­дың саны мұнан да көп бо­ла­тын, инспектор жергілікті ша­­руашылық басшыларымен келісіп, оларды жұмысқа орналастырып, есептен алды. 
Е.Таңжарықов оқудан кейін Таран ауданына жас маман ре­тінде келген болатын. Өзінің болашақ жарын да осы құтты мекенінен тапты. Зайыбы Динара оның күн демей, түн демей жүгі­ретін қиын жұмысын жақсы тү­сі­неді. Кейде түн ортасында, кейде таң ата жұбайының шығып кет­кенін сезбей де қалады. Қауіп­ті де қиын оқиғалар туралы өзіне кейін айтып бергенде ғана уа­йымдап жүретіні бар. Жас отбасында балалары өсіп келеді. 
Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінде облыс по­лициясының музейі жұ­мыс істейді. «Ерлігі үшін» меда­лін кеудесіне таққан Ерлан Таңжа­рықовтың суреті музейдегі ерлік істері үшін ел мақтанышына айналған әріптестерінің қатарын толықтыра түсті.

Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай