Байқауды қорытындылау кешінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Тәрбиенің бәрі отбасынан басталады. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық құндылықтарды санаға сіңіру қажеттігін айтты. Отбасы құндылығын арттыру мақсатында қолға алынып жатқан шаралар көп. Бұл байқау да отбасы институтын нығайтуға, берекелі де бақытты шаңырақтарды көпшілікке насихаттауға арналған», деді. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зылиха Таласбекованың айтуынша, байқауға қатысуға облыс бойынша 97 отбасы өтініш білдірген. Соның ішінде жетістіктерімен дараланған жеті отбасы облыстық кезеңнің жүлдегерлері атанды. Ал республикалық байқауға Атыраудың атынан екі отбасы барады. Бірі – жылыойлық Асабаевтар әулеті. Кісенбай Асабаев –Атырау облысының құрметті азаматы. Ұзақ жылдар бойы шопан болған ол ата таяғын ұрпақтарына табыстаған. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның қол жеткізген табыстары аз емес, Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Ленин» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Осындай ұлағатты жаннан тәрбие алған ұрпақтары да елге еңбек сіңіріп жүр. Қазір жеке шаруа қожалықтары бар. Жұбайы Дәметкен Асабаева – «Алтын алқалы» ана. 11 перзент сүйген олар 41 немере мен 26 шөберенің қызығына кенеліп отыр.
Екінші отбасы – исатайлық Жұмағазиевтердің әулеті. Закария Жұмағазиев ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған жан. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақ КСР-нің халық ағарту ісінің үздігі», «Аға мұғалім» деген марапаттары бар. Отанасы Тотанмен 14 ұл-қыз тәрбиелеген. Олардан өрбіген 51 немере мен 14 шөбере –шаңырақтың шаттығы. 23 мұғалім шыққан бұл отбасын ел ұстаздар әулеті ретінде жақсы біледі.
Жүлделі екінші орынды атыраулық Әжіғалиевтер мен махамбеттік Қуанышевтар еншіледі. Жылыой ауданынан келген Шарғабаевтар, мақаттық Оразәлиевтер мен қызылқоғалық Имашевтар үшінші орынға ие болды. Облыстық кезеңге қатысқан Достановтар (Атырау), Азановтар (Индер), Ғибатуллиндер (Исатай), Харесовтер (Құрманғазы), Ерекеновтер (Қызылқоға), Мұханғалиевтер (Мақат), Қанатовтар (Махамбет) Алғыс хаттармен марапатталды.
Өнегелі өмірлері көпке үлгі отбасылар қазақ жерінің қай қиырында да кездеседі. Олардың бақыт жайлы тұжырымдарын сыйластық, береке мен бірлік деген қасиетті сөздер анықтайды. Ырысы мен ынтымағы ұйыған әулеттерді ел алдына шығарып, дәріптеу кезек күттірмейтін іс. «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының басты мақсаты да – осы.
Бақытгүл Бабаш,
«Егемен Қазақстан»
Атырау
Суретті түсірген
Рақым Қойлыбаев