Медицина • 01 Маусым, 2017

Құтты шаңырақтан қуаныш арылмайды

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Берекесі жарасқан отбасына бақыт қонады. Мұндай жандардың отбасылық тарихын естіп, жетістіктерін көру де қалған жұртқа рухани азық беретін секілді.

Құтты шаңырақтан қуаныш арылмайды

Аудандар мен қалалардан балалары және немерелерімен қол ұстасып сахнаға шыққан отбасылары бейнеттің соңында зейнеті болатынын, бақ пен береке ақыл мен төзім, сыйластық, махаббат пен сүйіспеншілік, мейірім жүрген жерге қонақтайтынын айтып тұрғандай болады.  

Осы уақытқа дейін «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы рес­публика бойынша төртінші рет өткізілді, оның аудандық, қалалық, облыстық және рес­публикалық сатыларына Қос­танай облысынан 400-ден аса отбасы қатысты. Биыл да «Мерейлі отбасы» байқаулары сатылай өтіп, іріктелгендер облыстық сынға қатысты. 
Бұл жолы байқаудың «Пара­сатты отбасы» аталымы­мен Денисов ауданындағы Аят ауылында тұратын Мақаевтар отбасы ие болды. Ғалам атай мен Қарлыға әжей он бір бала тәрбиелеп өсірген. Барлығы да еңбекте, өмірден орындарын тапқан, балалы-шағалы. От­ба­сының ортақ иігілігіне айнал­ған шаруа қожалығын Ғалам атайдың өзі басқарады. 
– Көп балалы отбасының қуанышы көп, қиындығы жоқ, өйткені бірлесіп көтергеннен, бірлік болғаннан кейін ауырлық ешқашан білінбейді, – дейді Ғалам атай. 
«Өнегелі отбасы» аталымы­мен Сарыкөл ауданында тұра­тын Мишенковтар отбасы ла­йық деп танылды. Юрий мен Екатерина алты бала тәр­биелеп отыр. Отағасы да, отанасы да «Аманжол-Агро» шаруашылығында жұ­мыс істейді, алтын астық өнді­реді. Балалары шетінен жақ­сы оқиды, тәртіпті, үлгі­лі. Кіш­кентай Мишенков­тар спорт­пен айналысады, му­зы­ка мектебіне барады. Гір көтеру­мен айналысатын ұлы Васи­лий аудан, облыс қана емес, ел намысын дүлдүлді жарыс­тарда қорғап жүр. Өткен жылы Еуропа чемпионатына қаты­сып, күміс медаль алып қайтты. 
– Баланы еңбекке, адам­гершілікке, адалдыққа баули­мыз, өзіміз үлгі болуға тыры­самыз. Үлкен қызым Аня Юрий екеуміздің көмек­шіміз, әкесі екеуміз күні­мен жұмыстамыз, балалар­ға, үйге қарайды. Іні-сіңі­лі­­лері айт­қанымен жү­реді, тың­дай­ды, – дейді «Күміс ал­қа­лы» ана Екатерина. 
«Ме­­­­рей­лі отбасы» аталымы­мен бай­­қау­дағы Амангелді ауданы, Қарасу ауылында тұратын Мұздахановтар отбасы лайық деп шешілді. Бұл көп балалы ғана емес, аты Қостанай-Тор­ғай өңірінен асып, респуб­ликаға белгілі өнерлі отба­сы саналады. Айтбай мен Ханзада Мұздахановтар 4 бала тәрбиелеген, немерелер өсіп жатыр. Айтбай ағаның 1977 жылы 36 жасында өндірістік жарақаттан бір қолын кесуге тура келді. Қиындықтар болмай қалған жоқ. Өнер дарыған жігерлі кісі 9 жылдан кейін кесілген қолына сым жалғап, қасиетті домбырасын қайтадан ұстады. Қазір 60 күйдің, 40 әннің авторы. Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Амангелді ауданының құрметті азаматы. Мұздахановтар балаларын, немерелерін музыкаға баулы­ды. Ал әкенің өнер жолын қызы Анар жалғады. Ол қазір Ас­тана қалалық академиялық филармониясының белді күй­шісі. Айтбай аға Ханзада екеуі 55 жыл отасып, 15 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. 
– Қандай қиыншылық көрсең де, отбасындағы сыйлас­тықты сақтауға тырысу керек, – дейді Ханзада апай. 
– Жігер, отбасына деген адалдық, елге деген сүйіс­пен­шілік керек, – деп толық­тырды Айтбай ағай. 
Ұлттық байқауда «Пара­сатты отбасы» мен «Өне­гелі от­басы» аталым­дарына 150 мың­ның, ал «Мерейлі отбасы» аталымына ие бол­ған  Мұздахановтарға 300 мың теңгенің сертификаты тап­сы­рылды. Жеңімпаз отба­сы маусым айында Астана­да өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысады. 

Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы