Аймақтар • 01 Маусым, 2017

«Cерпін» жастарға қанат бітіреді

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысы жер асты кеніштеріне бай болмағанымен, адам ресурсына бай. Мәселен, Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласындағы халық саны алды 400 мыңға жетіп қалды. Халық тығыз орналасқан аймақта жұмыссыздықтың болуы заңды. Оның үстіне, облыстағы мыңнан асатын орта мектептердің түлек­тері білім саласына грант жеткілікті бөлінбегендіктен жеңілдікпен оқи алмайды.

«Cерпін» жастарға қанат бітіреді

Мемлекет бұл мәселенің ретін тапты. «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері Оңтүстіктің бес жарым мыңнан аса түлектері өзге облыстардағы оқу орындарына түскен.
Атап айтсақ, соңғы үш жылда Сол­түстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыс­тары мен Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Пав­лодар, Қарағанды және Атырау облыстарына барған 5627 түлектің 4698-і жоғары оқу орнына түссе, 929 талапкер колледж­дер­де білімін жалғастырыпты. Яғни, 2014 жылы «Серпін-2050» бағдарламасы ая­сында жоғары оқу орындарына 1050 грант бөлініп, 540 талапкер оқуға түссе, 2015 жылы 5000 грант бөлініп, оның 2580-ін оңтүстікқазақстандық түлектер жеңіп алған. Ал 2016 жылы 3162 грант бөлініп, 1578 талапкер грант иегері болды. 
Орта арнаулы оқу орындары туралы айтар болсақ, 2014 жылы 1000 грант бөлі­ніп, Оңтүстіктің 326 түлегі білім оша­ғына түссе, 2015 жылы 34 колледжге 1200 грант бөлініп, 359 талапкер білімін жалғастырды. Былтыр 31 колледжге 1000 грант бөлініп, өңірімізден 244 жас оқуға түсті.
Мамандардың мәліметінше, «Сер­пін-2050» бағдарламасы аясында 2017 жылға 5 мың грант бөлінеді екен. Оның 4 мыңы жоғары оқу орындарына арналса, 1 мыңы колледждер үшін беріледі.
Осыған орай, 2017 жылдың басынан бері барлық аудан, қалаларда аталған бағдарламаны насихаттау аясында 80 кездесу өткізіліп, оған 8 мыңға жуық жас қатысқан. Сонымен бірге, жақында өңірлердегі жас түлектер арасында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізу, жіберуші өңірлерде әлеуметтік жобаны кеңінен ақпараттандырып, таныстыру мақсатында «Серпін» күндері өткізілді.
Оңтүстік аймақтардағы мектеп бітіру­ші түлектерге солтүстік аймақтардағы жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде білім беруді наси­хаттау­ды іске асыру мақсатында 9 об­лыс­тағы 22 жоғары оқу орнынан және 30 ор­та арнаулы оқу орнынан өкіл­дер келіп, об­лыстың барлық 14 аудан, қала­ларын­да халықпен кездесу өткізді.
Бұл мәселенің тағы бір оңтайлы жағы, оқу орындарын бітірген Оңтүстіктің ұландары түгелдей туған жеріне қайта бермейді. Қазақстанның барлық жері әрбір қазақ үшін туған жер, алтын ұя. Тағдырын тоғыз облыстың бірімен байланыстырған олар сол өңірдегі адам ресурсын көбейтумен қатар өзіне жақсы жұмыс, жайлы тіршілік табады.
Жақында жастар саясатының іске асырылу мәселесі облыстық әкімдіктің кезекті мәжілісіне арқау болды.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Балмар­жан Нарбекова Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Астана қаласы және Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстарының жастар саясаты мәселелері басқармаларымен екі жақты меморандум түзілгенін айтты.
Жастарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламалардың орындалуында да жақсы жетістіктер бар. Мәселен, «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша биыл 80 маман баспаналы болып, 315 жас маман жұмысқа орналасқан. Ал орташа жалақысы 56 725 теңгені құрайтын «Жастар практикасымен» 1120 жұмыс беруші мекемеге 3005 жас жіберілген. 
Жиында облыс әкімі Жансейіт Түйме­баев «Серпін-2050» бағдарламасы аясында орта арнаулы оқу орындарына ауыл жастарын тартуды, облыс бойынша құрылыс жүргізіліп жатқан нысандарда тұрғылықты жұмыссыз жастарды тарту бойынша қала, аудан әкімдерімен бірлескен шаралар қабылдауды, барлық мәдениет үйлері мен клубтарда жастарға арналған үйірмелер ашуды міндеттеді.
Алтын құрсақ Оңтүстікте 800 мыңға жуық жас бар. Соның 65 мыңнан астамы жоғары оқу орнында оқыса, 70855 студент кәсіптік-техникалық колледждерде оқып жатыр. Ал «Серпін» бағдарламасы қалған жастардың ішіндегі білімге құштар түлектеріне үлкен мүмкіндіктердің тізгінін ұстатуда.
Жастар – еліміздің ертеңі. Білімді ұрпақ мемлекетіміздің келешегін кемел етеді. «Серпін» бағдарламасы нұрлы болашаққа осылай еңбегін сіңіріп жатыр.

Бақтияр Тайжан,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы