28 Қыркүйек, 2011

Қиналғанда қолұшын берді

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мен өр Алтайдағы Өскемен аймағының тұрғынымын. Осыдан екі жыл бұрын сүттей ұйып отырған қызымның отбасына қиын күндер туды. Қызым қатты науқастанып ауруханаға түсті, әлі де ем алу үстінде. Ол аздай, күйеу балам туберкулезге шалдығып, ол да ауруханадан бір-ақ шықты. Бастарында баспана жоқ, айлық табысын (балаларға тиесілі жәрдемақы 22 000, қызымның ІІ топтағы мүгедектік зейнетақысы 17 000 теңге) қосқанда, барлығы 39 000 теңгені құрайтын отбасы үшін ол жеткіліксіз, ауыр жағдай. Оның үстіне күйеу балам науқасына қарай есепке алынып, еңбекке жарамсыз болып табылғанмен, Үкімет мүгедектігіне орай жәрдем бермеді. Ал биыл сол қызымның алты баласының бесеуі бірдей мектепке барарда қиналғанымыз-ай! Не істеймін, өзімнің бір көзім кемтар, еш жерде жұмыс істемеймін. Қолымда анам тұрады. Егде жастамын. Іштен шыққан шаранам емес пе, қызымның балаларына мен қарамағанда, кім қарайды? Көмек сұрап, тентіреп кете жаздадым. Неде болса көргелі Өскемен орталық мешітіне бардым. Нұрлан қажы Байжігітұлы деген имамға жағдайымды айттым. Ол «иншалла, бірер күнде көмек аласыз» деді. Қуанып қалдым. Шығып келе жатқанда қолдарына құжаттарын ұстап, жәрдем сұраған қаншама қамкөңіл жанды көрдім. Алланың нұры жауғыр,  айтқанындай, имамнан бастап мешіт қызметкерлері жағдайыма үлкен түсіністікпен қарады. Немерелерімнің зәру киім түрлерін тегіс алып беріп, ел қатарлы мектеп табалдырығын аттауына ықпалдарын тигізді. Ал осындай игі істерге ұйытқы болып, Алла жолында адал қызмет етіп жүрген азаматтарға сіздердің газет арқылы аналық алғысымды білдіргім келеді. Біздің Өскемен мешітінің имамы Нұрлан Байжігітұлы! Біздің Шығыс жеріне басқан қадамыңыз құтты болып, еңбегіңіз жана берсін! Біз сияқты қиын-қыстауда жүрген жандарға қол ұшын беріп, әрдайым аналардың баталарына кенеле бер деймін. Гүлбаршын ҚАЛИҚАНҚЫЗЫ. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Желдіөзек ауылы.