28 Қыркүйек, 2011

Алғашқы жеңіс

280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше кешкісін Баку төрін­де бокстан ересектер арасын­да өтіп жатқан әлем чем­пионатында шаршы алаң­ға 52 кило салмақтағы былғары қолғап шеберлері шықты. Қазір біздің боксшылар осы­лай күн сайын бір-бірден рингке шығып,  айқасып жа­тыр. Тек әлем чемпионатының екінші аптасында ғана бокс­шылар екі кездесуден өткізетін болады. Ал әзірше, бізге кешке дейін ұлттық құраманың бір ғана өкілінің жекпе-жегін кү­ту­ге тура келіп отыр. Кешегі салмақтағы айқас­тар­да біздің елден Олжас Сәт­ті­бай марокколық Абдельфаттах Надильмен алғашқы кездесуін өткізді. Жекпе-жекте біз­дің боксшы басымдық таныт­ты. Бірінші раундта қарсы­ла­сын аңдып, соққылар дарытып отырды. Бірақ қаншама рет соққылар жасаса да бірінші раундты 1:0, екінші раундты 6:4 есебімен аяқтады. Ал соңғы раундта марокколық есені қай­таруға тырысқанымен одан еш­теңе шықпады. Біздің боксшы болса, әрі қарай сауатты қор­ғанып, айласын асыра білді. Қорытынды есеп – 14:7. Сөй­тіп, бізге әлем чемпионатын­дағы алғашқы жеңісті Олжас Сәттібай әкелді. Енді 2 қазан күні Олжас Сәттібай ирландиялық Майкл Конланды жеңген молдовалық Александр Рыщканпен кездеседі. Егер осы сында Олжастың жолы болып жатса, онда оның жолы олимпиялық жүйе бо­йын­ша француз Нордин Кубиалилимен түйіседі. Міне, осы кезде қазақ боксшысына оңай болмайтыны белгілі. Оның қар­сыласы тәжірибелі боксшы. Кубиалили жеребе тартылған күні алғашқы айналымда қарсыласы болмаған соң, қатыспады. Сол себепті бірден 1/16 финалға жолдама алды. Осы бәсекеде отандасымыз французды жең­се, онда оның әрі қарай жолы ашылады деуге болады. Әлем чемпионатының ең қызықты да тартысты айқас­тары міне, сол кезде басталады. Қазір финалға шығу үшін алақандарын ысқылап жүрген боксшылар көп. Ресей құрама­сын­да өнер көрсететін армян Миша Алоян, кубалық Роберси Рамирес, Эриспанди Савон және басқалар жүлдеге дәмелі. Кеше 52 кило салмақтағы кездесуде Әзербайжан боксшысы жеңіліп қалды. Бұл алаң иелері­нің өз жеріндегі алғашқы жеңілі­сі. Ал Ресей мен Куба, олардың өкшелерін басып келе жатқан Қытай, Украина, Өзбекстан сияқ­ты елдердің өкілдері ұтылып жа­тыр деген хабарды естіп отырған жоқпыз. Қайта, осы күні бізге әлсіз саналатын Австрия, Аргентина, Албания, Македония, Египет, Чехия, Дания, Иран, Словакия, Венесуэла мен соларға ұқсас басқа да елдердің өкілдері бір-бірлерін жеңіп, бір-бірлері­нен жеңіліп жатыр. Олардың бәрінің атын атап, түсін түстеп жату артық болар. Әлем чемпио­наты басталарда жарыстың фавориті саналған Қытай, Ресей, Куба елдерімен салыстырғанда, олар­дың жүлдеге үміті тіптен жоқ деуге болады. Ал АҚШ, Әзер­бай­жан, Армения, Өзбекстан, Қытай, Ук­раина, Үндістан сияқты елдер­дің жөні бөлек, әрине. Олар кем дегенде бір алтын немесе күміс жүл­дені алуға үмітті. Әрі кетсе қо­ла жүлдені уыстап әкетуге дайын тұр. Біздің еліміз болса, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтқандай, бір алтын, бір күміс және бір қола медальге үміттенсе, Лондон Олимпиада­сы­на бокстан бес жол­даманы жеңіп алуды мақсат етуде. 28 қыркүйек күні 81 килода Әділбек Ниязымбетов молдова­лық Владимир Челеспен кездеседі. Бұл айқаста кімнің жеңетінін айту қиын. Бірақ Ниязым­бетов­тың жеңетінін ішіміз сезеді. Одан кейін 69 кило сал­мақ­та екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев эквадорлық Карлос Санчеспен, 30-ы күні 64 килода Данияр Елеусінов шотландия­лық Джош Тэйлормен, 1 қазан­да 60 килода Ғани Жайлауов жапон Шота Накаямамен, сол күні 75 кг.-де Данабек Сужанов Тайпей өкілі Ю Тин Янмен қолғап түйістіреді. Содан кейін 91 килода Василий Левит АҚШ боксшысы Уильямспен кездессе, аса ауыр салмақтағы Иван Дычко серб Милутин Станковичпен айқасады. Сербия өкілі біздің елге жақсы таныс бокс­шы. Ол осы кезге дейін «Астана арландары» кәсіпқой клу­бын­да өнер көрсетіп келді. Қа­зір оның көмегінен біздің бокс мамандары бас тартып, орнына басқа адамды аламыз деп отыр. Біздің бапкерлердің бәрі чемпионатта Біржан Жақыптан басқа боксшыларға жеребе жол­дас болғанын айтуда. Дегенмен, дүйсенбі күні Қытай­дың Олимпиада чемпионы Зоу Шиминнің Доминикан Респуб­ликасы боксшысын әрең дегенде ұтқанына қарап Баку төрінде осал боксшыны табу қиын сияқ­ты ма дейсіз. Қорыта айт­қан­да, шаршы алаңдағы айқас­тар­дың қалай өрбитінін бір Жаратқанның өзі ғана біледі. Бұл біздің ғана емес, аузынан Алласы түспейтін ұлттық құра­ма мүшелерінің жиі айтатын сөзі деп біліңіздер. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан». – Бакуден (Әзербайжан).