Аймақтар • 01 Маусым, 2017

ОҚО-да халыққа әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсету орталығы ашылды

126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте халыққа әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетудің бірегей орталығы ашылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

ОҚО-да халыққа әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсету орталығы ашылды

Мұнда бұдан былай мүмкіндігі шектеулі балалар мен мүгедек жандарға және жалғызілікті зейнеткерлерге көмек көрсетілетін болады. Жаңа заманауи сипатта жұмысын жандандырған мекеменің ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.

«Шымкент қаласының өзінде 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүруде. Соларға көмек көрсету - біздің басты мақсатымыз. Мүгедек жандарды  жан-жақты қолдап, олардың проблемаларын оң шешуге атсалысуымыз керек. Оған бүгін Шымкенттегі заманауи үлгіде ашылып отырған халыққа әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетудің бірегей орталығы өз үлесін қосады деген үміттемін», -деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бүгінгі таңда орталық қызметін 700 адам тиімді пайдаланып отыр. Атап айтар болсақ, мұнда жүйке жүйесі-неврологиялық ауытқуы бар балалар мен тірек-қозғалысы бұзылған мүгедек жеткіншектер ем-дом алады. Сондай-ақ  І және ІІ-топтағы мүгедектерге және жасы толуына байланысты өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын жандарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Орталықта педиатр, терапевт, невропатолог, психиатр, травматолог-ортопед, орта дәрежелі медицина қызметкері , тәрбиешілер, дефектологтар, әдіскер, логопед және психолог сынды білікті мамандар жұмыс істейді.

Бірегей орталықтағы Монтессори кабинеті балалардың ақыл-ой мүмкіндігін ашып, дамытуға күш салады.Ал,сенсорлы кабинетте психологиялық жұмыс жүргізіп қана қоймай, балалардың ұсақ моторикасын дамытуға негізделген.

Мұнан соң облыс әкімі Шымкент қаласындағы 110 орындық бөбекжай-балабақшасының құрылысын орнына барып, іргетасына естелік капсуласын салды. «Otau Group» компаниясының жеке қаржысына салынатын ғимарат келер жылы дәл осы мезгілде ел игілігіне берілетін болады.  Бұл нысан тірек-қимыл функциялары бұзылған және психикалық дамуы шектеулі балаларға арналып арнайы салынып жатыр. Яғни  осы бағытта жұмыс істейтін   № 17 «Достық» және  №37  «Айгерім» балабақшаларына сыйға тартылмақ.

Айта кетейік,  Шымкент қаласында 385 мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істесе, оның ішінде 7 арнаулы бөбекжай балабақшасы бар.