02 Маусым, 2017

Елтаңба - елдіктің арқауы (Жандарбек Мәлібековпен сұхбат)

1338 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл елдіктің айрықша нышаны саналатын Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына – 25 жыл. Ал Қазақстан үшін осы маңызды мәселе туралы сөз қозғала қалса, ойға бірден Жандарбек Мәлібековтің есімі оралады. Ол 1992 жылы Мемлекеттік рәміздерге жарияланған конкурс туралы хабарландыруды көргеннен кейін Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасын жасау жұмыстарына белсене кіріседі. Әрине, ол үшін, ең алдымен, дүние жүзіндегі барлық мемлекеттің елтаңбаларын қарап шығып, ой сүзгісінен өткізеді, еліміздің тарихы мен дәстүрін зерттеп-зерделейді, осылайша, қазақтың өзіне тән тыныс-тіршілігінен, ерекшелігінен, дүниетанымынан хабар беретін, салт-дәстүрін әспеттейтін қайталанбас дүниені ойлап табады.

Елтаңба - елдіктің арқауы (Жандарбек Мәлібековпен сұхбат)

 –Жандарбек аға, Мемлекеттік рәміздер – елдіктің арқауы. Ендеше, Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның Тәуелсіз Қазақстанның өмірінде алатын орны жөніндегі сіздің ой-пайымыңыз қандай?

–Ежелден еркіндік аңсаған қазақ халқы азаттық, тәуелсіздік алу арманына осыдан ширек ғасыр бұрын, 1991 жылы қол жеткізді. Қазақстан әлем мойындаған дербес мемлекетке айналды. Осыдан кейін еліміздің Парламентінде тұңғыш рет Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Әнұран қабылданды. Әлемнің әр қиырында әлі де өз туы, елтаңбасы, әнұраны жоқ ұлттар бар. Олар өз тәуелсіздігі үшін күрестерін жалғастырып келеді. Ал Қазақ елі атамекеніне еш жерден көшіп келген жоқ, ешқайда көшіп кеткен жоқ. Шегі мен шеті көрінбейтін кең жазиралы Ұлы Далада елдігін, салт-санасын, дәстүрі мен мәдениетін қалыптастырды. Біз жиі айтып жүрген «Мәңгілік Ел» – халқымыздың бүгіні мен ертеңінің өміршең идеясын, жастардың отаншылдық сезімін, дүниетанымын, ой-санасын, рухани негізін күшейте түседі. Сондықтан, әрбір мемлекеттік рәміз, яғни Ту да, Елтаңба да, Әнұран да елдің осы бір ең басты идеясын, арманын, негізін, болашағын бойына жинақтай білуі тиіс.

 – Жасалғанына ширек ғасыр болған Елтаңбаға, ондағы элементтердің философиялық мәніне тағы да тоқталып өтсеңіз...

−Әр адам – бір ұлттың өкілі, бір мемлекеттің азаматы. Ал енді ол ұлт немесе мемлекет өміріне түрлі деңгейде қатыса алса, бұл – оның азаматтық бағдарын, парызы мен белсенділігін көрсетеді. Бұл ретте, мен Елбасының қолдауымен ел тарихындағы ең маңызды шара – Мемлекеттік рәмізді даярлауға қатыстым. Содан бері, міне, 25 жыл өтіпті. 

 Біздің Мемлекеттік елтаңба – шеңбер іспеттес. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасына, мұрасы мен мұратына зер сала отырып, әрбір белгімен, бейнемен, нышанмен, меңзеумен ел мәңгілігін шендестіреді. Бұл рәміздің архитектоникасы – киіз үй – ел тарихының, философиясының алтын арқауы. Осының бәрі геральдикалық көріністермен сипатталған. Геральдикалық көріністер – Елтаңбадағы ұлттық тарихымыздың, мәдениетіміздің, дәстүріміздің құндылықтарына қысқаша түсініктеме беретін рәміздік үйлесімділік.

Сонымен, Мемлекеттік Елтаңбаның негізгі герльдикалық элементі – киіз үй. Ал оның көгілдір түс аясындағы бөліктерін «Шаңырақ», «Кереге» және «Босаға» бейнелері құрайды. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы «Жылқы киік» бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. «Жұлдыз, «шаңырақ», «уықтар», «тұлпарлар», сондай-ақ, «Қазақстан» деген жазу алтын түспен бедерленген.

Шаңырақ – бұл пішіні бо­йынша көк күмбезін еске салатын және дәстүрлі мәде­ниетте тір­ші­ліктің негізгі бас­тауы­ның эле­менттері болып табы­латын киіз үйдің басты жүйе құраушы бөліктерінің бірі. Яғни, шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтың ортақ үйінің, біртұтас Отанының белгісі.

Тұлпарлар – Мемлекеттік Елтаңбадағы өзекті гераль­дикалық элемент саналады. Мә­селен, қиял ғажайып кие­лі тұлпарлар мен қанатты «жыл­қы киіктер» «Есік» қорға­ны­­нан табылған бұдан екі жа­рым мың жылдан астам уа­қыт бұрынғы сақ ханзадасы – «Алтын адамның» бас киі­мінде бейнеленген. Бұл – сақ­тар кие тұтқан тотемдік сипат­тағы жануарлар. Олардың Елтаң­бадан көрініс табуы – елді­гіміздің іргетасы сонау сақ дәуірі замандарынан бері қаланып келе жатыр де­генді білдіреді, қазақ елінің тари­хы мен мәдениеті де сақ заманынан тамыр тар­тып жатқанын ұқтырады. Яғни, Елтаңбада тұлпарлар­дың «Жылқы киік» бедерімен ай­шық­талуының өзіндік мәні бар. Солтүстік Қазақстандағы көне Ботай мәдениетіне қарап, Сақ, Ғұн кезеңдеріне дейін де, кейін де жылқының ерек­ше қастерленгенін, әдет-ғұ­рыптың ажырамас бір бө­лігіне айналғанын аң­ғ­а­рамыз. Ордабалық, Сарай­шық, Тар­бағатай, Маңырақ, Сауыр тауында, Қаратаудың Сауыс­қандысында петроглифтердегі жан-жануарлар бейнесі әлі де зерттеуді талап етеді. Бұл қай­таланбас өнер туындылары мәде­­ниетіміздің бөлінбес тари­хы болғандықтан, ол мемле­кет­тік Елтаңбамызда жеті сақиналы қасиетті мүйіз және босаға бел­гісі түрінде көрініс тапты.
 Мемлекеттік Елтаңбада бес бұрышты жұлдыз бейнеленген. Ол – микроғарыш пен адам белгісі. «Әр адамның өміріне бағдар беретін жұлдызы болады» дейді халық. Бұған қоса, қазақта «Жұлдызың биік әрі жарық болсын!» «Жұлды­зың жансын!», «Жұлдызың жоғары болсын!» деген де сөз­­дер, бата-тілектер бар. Де­мек, жұлдыздың астарына үңілсек, оның осындай да сим­вол­дық мәні бар.Осы жұлдыз мемлекетке де тән. Біз де өз мемлекетіміздің жұл­дызы жарық әрі биік болатынына сенеміз. Қазақстанның әрбір азаматы сол жұлдызды бағдар етіп алуы, ел жұлдызының алға бастайтынына, жаңа жол­ға, болашаққа жете­лей­ті­ніне үміт артуы ләзім. Сон­дай-ақ, бес бұрышты жұл­дыз­дың бей­неленуі қазақстан­дық­тар­дың әлемнің барлық халық­тарымен ынтымақтастық пен дос­тық орнатуға ниетті ел болу­ға деген талпынысын білдіреді. 

Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің белгісі. Сон­­дай-ақ, онда алтын түс­пен үйлесетін ашық аспан­ды, бейбітшілік пен берекелі тір­шілікті білдіретін көгілдір тудың да түсі бар.

– Осы рәмізді талқылау барысында ерекше есте қалған сәттер де болды ғой...

– Әрине. Бір ғана мысал айтайын. Елтаңба жобасын Пар­ламенттің XII сессиясында талқылау кезінде депутаттар арасында: «Жұлдыз – Кеңес заманының символы» деушілер де болды. Сол кезде Президент Н.Назарбаев: «Елтаңбадағы бес жұлдызға советтік жүйе қалдығы деп қарауға болмай­ды. Жұлдыз советтік заманнан да бұрын болған. «Қазақта жұлдызың биік болсын», дейді. Біз тәуелсіздігімізді жаңа­дан алған мемлекетпіз. Біздің өз жолымыз, өз жұлдызымыз болуы керек», – деп тұжырым­да­­ған еді. Сондықтан, жұл­дыз­ды Ел­таңбаға енгізген Мем­лекет басшысы Н.Назарбаевтың өзі-тұғын. 

– Мемлекеттік Елтаң­баға Метрология және стан­дарттау комитеті жаңа стан­дарт енгізгенін білеміз. Ол өткен жылдың 1 қаң­тарынан жүзеге асты. Өзгеріс енгізудегі мақсат не? 

– Бүгінгі күнге дейін Мем­ле­кет­тік Елтаңбаның қатаң стан­дарты болған емес. 2008 жыл­­дан бері 7 жылдай менің жетек­ші­­лік етуіммен Қазақстан мем­ле­кет­­­тік Метрология және стан­­дарт­тау комитетінің маман­дары­­мен бірлесіп, «Мекен KZ» ком­паниясының өндіріс ұжымы­мен бірге терең ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұл ретте, бұған дейін Елтаңба бөлік­тері­нің атауы болмаған. Сол себепті Елтаңбаның 40-тан астам элементіне «мүйіз сақи­­на­лары», «тұлпарлар­дың жалы», «желбау», «кереге», «бас­­құр», «қошқар мүйіз» секіл­ді тарихи және дәстүрлі атау­лар берілді. Сондай-ақ, әр эле­мент ғылыми түрде зерт­­теліп, оларға математи­ка­лық өлшем­дер жасалды. Әрбір атауға және түсіне мазмұн­дама мен сипаттама берілді, әр бөлік­тің нақты өлшемдері анық­талды. Алай­да, менің автор­лық талаптарым мен Пар­ла­мент бекіткен заң­ды­лықтар толық­тай сақталды. Бұдан кейін ҚР СТ 989-2014 стандарттың талап­тарына сай Қазақстанның Мем­лекеттік Елтаңбасының эталон­ды үлгісі жасалды. Ол 2016 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап еліміз бойынша өндіріске енгізілді. 

– Сіз архитектура сала­сының бірден-бір өкілі ретінде дәстүрлі архитектураға жаңа леп, жаңа үрдіс, жаңа сипат, жаңа стиль енгізуді мақсат тұтып жүрген азаматсыз. Ол – қазақтың «тек», «тектілік» сөздерінен тікелей тамыр тартатын «ойтек» ұлттық стилі. Сіз ұсынғалы отырған «Ойтек» архитектурасының өзегі неде?

– XX ғасырдың екінші жартысында Парижде «хай-тек» стилі пайда болып, ол әлі күн­ге дейін өз ықпалын жүргізіп келе жатқаны баршаға аян. «Хай-тек стилі тек архитектураға­ ғана емес, тіпті тұрмыстық киім-кешек өндірісіне, қолөнер заттарына да еніп кетті. Бұл үрдіске балама немесе тө­теп беретін стиль немесе архи­тектуралық мектеп әлі қалып­таса қойған жоқ. Бірақ, әлем бұл стильді толық әрі тұтас қабылдап отыр деген ойдан да аулақ болу керек. Себебі, «хай-текке» әр ел өз төлтума сәулет үлгілері мен жобаларын балама ретінде ұсынып жүр. Бұл, сөзсіз, ойланатын әрі қол­дап-қуаттайтын бағыт. Мәсе­лен, бүгінде дәстүрлі ар­хи­тектуралық мектебі бар Скан­динавия, Швеция, Фин­лян­дия, Балтық жағалауы елдері, шығыста Жапония, Қытай, Араб мемлекеттері өздеріне тән архитектуралық үлгіні бағыт ретінде ұстанып отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл ұлттық ар­хи­тектура маңызының уақыт өт­кен сайын артқандығын, кең өріс алғандығын аңғартады. 

Жалпы, архитектура мем­лекет дамуының да көрсет­кіші. Себебі, егер, мемлекет іл­гері­лесе, дамыса, ол экономи­калық өсудің бір барометрі – архитектурада да көрініс табады. Біз ұсынғалы отырған «ойтек» стилі – міне, осының амалы. «Ойтек» қазақтың «ой» және «тек» деген екі сөзінен, екі ұғымынан құралған. Ой – ұлттық «менді» айғақтайды, сондай-ақ, «ұлттық логика» дегенді де меңзейді. 

Қазақ – текті халық. Сон­дық­тан, біздің ұлттық сәулет өнеріміз де тектілік негізі­нен құрылуы тиіс. Тек – тамы­ры­мыз, ұлттық болмыс-біті­міміз. Сондай-ақ, тек ұғы­мын­да жауапкершілік пен та­лап негіздері бар. Ендеше, ой мен тек сөздерінен өріс алған «ойтек» стилінің өзегі терең­де жатыр дер едім. Себебі, «ойтек» архитектурасының фило­софиялық негізі ұлты­мыздың ой-санасынан, ақыл-па­расатынан тамыр тар­­тып қана қоймай, ел мен жер иесінің тектілігін айшық­тай түседі. Болашақта «ой­тек» архи­текту­ра­сынан халқы­мыз­ға тән гу­манистік ақыл-ой, еркі­н­дік, қонақ­жайлық, ашық­тық, қай­сар­лық, яғни, сақ дәуі­рі­нен келе жатқан этно­ге­незис белгілері көрініс таба­ды деп ойлаймын. «Ойтек» архитек­тура­сының рухани тірегі – ұлтық сана, парасат және ақыл болуы тиіс. 

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен 
Ләйла Еділқызы, 
«Егемен Қазақстан»