Ол кезде балалар сабақтарын дайындап болған соң көркем шығармалар оқып, оқыған кітаптары туралы бір-бірімен қызу пікір алмасып жататын. Салық оқуды жақсы оқып қана қойған жоқ, сонымен бірге, өзінің салмақты мінезінің арқасында сыныптастарының арасында өте беделді болды. Жолдастары әлдеқандай бір пікірталас туа қалса не айтар екен дегендей оның аузына қарайтын. Орталау мектепті бітіріп, орта мектепте оқуын жалғастырған кездерде де ол озат оқушылар қатарында болды. Газет-журналдарға деген қызығушылығы да осы жылдары басталды. Көзіне түскен мерзімді басылымдардың бірде-бірін қалт жібермейтін. Соның арқасында сол балаң жігіт кезінің өзінде-ақ өмірде болып жатқан жаңалықтардан жан-жақты хабардар болып жүретін. Оның дүниеде орын алып жататын сан түрлі құбылыстарға қатысты өзіндік көзқарасы қалыптасып, болашақ мамандығын таңдауына да осындай жайттар себепкер болса керек.
Орта мектепті тәмамдаған арманшыл жас Алматыға жол тартты. Ондағы мақсаты – өзінің журналист болсам деген көкейіндегі көптен жүрген ойын жүзеге асыру. Ақыры ол конкурстың үлкен болғанына қарамастан, емтихандарды ойдағыдай тапсырып, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Мұнда да ол өзінің ізденгіштігімен, білімге деген ынтасымен, оқуда алғырлығымен көзге түсті. Университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Екінші курста оқып жүргенде-ақ жас жігіттің жазған мақалалары түрлі республикалық басылымдарда жарық көре бастады. Сондықтан болар студент Салықты «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті жұмысқа шақырды. Енді оған оқу мен еңбекті ұштастырып, өзіне көрсетілген сенімнен шығу үшін бүкіл қажыр-қайратымен тынымсыз еңбек етуге тура келді. Кейін университетті бітірген соң осы газетке жұмысқа орналасты. Бұл әрине, жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдаған жас маман үшін үлкен өмір мектебі еді. Журналистік қызметінің арқасында Қазақстанның көптеген жерлерін аралап, еңбек адамдарының өмір жолдарымен жақынырақ танысты, олар жөнінде көлемді очерктер мен суреттемелер жазды.
Дегенмен, әсем астананың қызықты өмірі қаншалықты баураса да елде, алыста қалған ата-анасы жиі-жиі есіне түсе беретін. Өйткені, үйдегі балалардың үлкені өзі болатын. Ақыры, әрі ойланып, бері ойланып, қой, жастықтың қызуымен сайран салып жүре бергенім жарамас, ауылға барып, әке-шешеме қолұшын берейін деген тоқтамға келді. Сөйтіп, Алматыдағы қызметін тастап елге оралды.
Келген бетте өзі туып-өскен Семиозер аудандық «Путь к коммунизму-Коммунизм жолы» газетіне бөлім меңгерушісі болып жұмысқа орналасты. Араға жыл салып газеттің жауапты хатшысы болды. Тағы бірер жылдан кейін редактордың орынбасарлығына жоғарылатылды. Мұның өзі оның ойында жүрген көптеген идеяларын жүзеге асыруына кең жол ашты. Газет бетінде өткір де талдамалық материалдар жарық көре бастады. Соның арқасында қос тілде шығатын аудандық газеттің таралымы 12 мыңға жетті. Кейін газеттің аты «Знамя победы – Жеңіс туы» болып өзгертілді.
Ал 1966 жылы көктемгі егіс науқаны қарсаңында аудандық партия комитетінің бюросы жасы әлі отызға да жете қоймаған Салық Молдахметовті газеттің редакторы лауазымына бекітті. Осы уақыттардан бастап басылымның пәрменділігі артты. Оның өзі газет бетінде жарияланатын мақалалардың мазмұндылығына мән берудің нәтижесінде мүмкін болды. Аудандағы еңбек озаттарының өмірлері кеңінен көрсетілсе, орын алған олқылықтар да газет назарынан тыс қалған жоқ. Сол жылдары арнайы беттер шығару ісі қолға алынды. Тағы бір айта кететін жайт, ауыл-село тілшілерінің белсенділігін арттыру мақсатында олармен семинар-кеңестер өткізу тәжірибеге енгізілді. Жақсы мақалаларымен танылған белсенді қоғамдық тілшілер мақтау грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталып тұратын. Бұл сияқты шаралар, әрине, газет беделінің артуына үлесін қоспай қала алған жоқ.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында С.Молдахметов Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің редакторы болып тағайындалды. Бұл жұмыста да ол өзін нағыз шығармашыл, өз ісіне берілген адам ретінде таныта білді. Газетте жаңа айдарлар пайда болды, жазатын тақырыптар шеңбері кеңейді. Ең бастысы, ол қарамағындағы журналистердің емін-еркін жұмыс істеп, қалаған тақырыптарын жазуына кең мүмкіндік ашты. Сол жылдары облыстық газет таралымының біршама өсуін де редактордың жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуінің нақты көрінісі деп түсінген дұрыс.
Салық Халықұлы мінезге бай, ашуын артта, ақылын алда ұстайтын, жаны жайсаң жан еді. Өмірде, жұмыста қандай бір қиын жағдайлар туындап жатса да байсалды қалпынан бір танбайтын Сәкең кез келген мәселені сабырлылықпен шешуге тырысатын. Ешуақытта да дауыс көтеріп сөйлеген емес. Әңгімелесе кеткен адамымен жеңіл тіл табысатын, сыйласқанмен сыйласа білетін. Сондықтан да ол жүрген ортасында өте сыйлы болды.
Сәкеңнің журналистік шеберлігі де жоғары болатын. Жазған дүниелерінде боссөзділік, әсірелеулер кездеспейді, нені болса да салқынқанды, байыпты да шынайы баяндауға тырысатын және орыс, қазақ тілдерінде бірдей жазатын. Облыстық, аудандық газеттерге басшы болған жылдарда қарамағындағыларға әділ қарауымен, адал еңбек еткен қызметкерлерді лайықты бағалай білуімен ерекшеленді.
Өкінішке қарай, бүкіл өмірін журналистикаға, оның ішінде газетке арнаған қаламгердің ғұмыр жасы ұзақ бола алмады. 1997 жылдың қысында, өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткеннен кейін көп ұзамай Салық Халықұлы дүниеден өтті.
Дегенмен, Сәкеңнің елі үшін атқарған еңбегі, облыстық, аудандық газеттердің дамуына қосқан зор үлесі ескерусіз қалған жоқ. Қызмет бабында аудандық, облыстық партия комитеттерінің бюро мүшесі, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болған ол бірнеше мәрте мемлекеттік наградалармен де марапатталды. Оның құрметіне өзі ұзақ жыл қызмет істеген Әулиекөл аудандық газетінің ғимаратында ескерткіш тақта орнатылды.
Әріптестері Сәкеңнің өнегелі өмірі мен елі үшін атқарған еселі еңбегін әркез ризашылықпен еске ала жүреді.
Қанапия Мырзағожин,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі