Дәстүрлі шараның басты мақсаты – еуропалық классиктер туындыларының үздік үлгілерін насихаттау. Жиылған қауым алдымен Еуроодақ қаржыландыратын жасыл экономика, адам құқықтары, туризм мен білім беру сынды жобалардың жетістіктері мен нәтижелерін көрсететін жәрмеңкемен танысты.
...Ерекше сәулетімен көз тартар театр бүгінде өнерсүйер қауымның ат басын жиі бұратын орнына айналған. Әсіресе, шетелдік қонақтар мұнда жиі келеді. Бүгін де театрға ағылып жатқан қауым арасында қазақ та, басқа ұлт та, шетелдіктер де көп. Тілі бөлек, түрі басқа болғанмен, өнер деген сиқырлы күш жинаған жандар XVII-XIX ғасырларда қалыптасқан Батыс Еуропаның классикалық музыкасымен сусындамақ.
Сахна төрінде Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасының Әнұрандары қалықтап, Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігінің басшысы Траян Христеа мен Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко көпшілікті Еуропа күнімен құттықтады.
...Сахнада – Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі. Дирижердің бұйрығын бағып отыр. Зал сілтідей тынған... Концерттің шымылдығы грек композиторы Никос Скалкотастың музыкалық туындысымен түрілді. Зал ішінде шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық, мың түрлі сазды үн әуезі жанды баураған ғажап музыка құдіретіне елтіген көпшілік әлем мәдениетінің классикалық туындыларын бірінен соң бірін тыңдап, екі сағат уақыттың қалай өте шыққанын аңдамағандай. Тұла бойды шымырлатып, алпыс екі тамырыңды идіретін классикалық композиторлардың шығармалары бірінен соң бірі қалықтады. Пит Хейн, Панчо Владигеров, Ференц Листтің рапсодияларымен еліткен оркестр Эмилс Дарзиньш, Себастьян Бах, Сезар Франк, Иоганн Штраустың көркем туындылары қазақ астанасында қалықтады.
Концерт соңын Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай» туындысымен аяқтаған өнерпаздарға көрермен тік тұрып қошемет көрсетті...
Жансая Шыңғысханқызы