Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жетекшілік еткен отырысқа Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Ақпаратқа қол жеткізу, «Ашық үкіметті» енгізу және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңды іске асыру мәселелері қаралып, талқыланған басқосуда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыс жайында баяндады. Ол өз баяндамасында бүгінгі таңда министрлік мемлекеттік органдарды және халықты техникалық және ақпараттық қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Ал Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко Бас прокуратурада ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің жай-күйі туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, Эстонияның Деректерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас директоры Вильяр Пеэп Эстонияның ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасының сақталуын тәуелсіз қадағалау жөніндегі жұмыс нәтижелерін ұсынды.
Орайы келгенде сөз алған үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері дөңгелек үстелге қатысушылардың назарын ақпаратқа қол жеткізу бойынша практикалық эксперимент нәтижелеріне аударды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары болса, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң елімізді одан әрі демократияландыру, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін маңызды құжат болып табылатындығына тоқталды.
Жиынды қорытындылаған комитет төрағасы М.Әшімбаев қаралып отырған мәселенің жан-жақты әрі нақты талқыланғанын атап өтіп, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңды іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың жұмысында бірқатар кемшіліктер бар екендігін ескертті. Сондықтан да сындарлы ескертулер мен ұсыныстарды мемлекеттік органдардың ескеруі қажеттігі айтылды.
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»