Иранның саяси жүйесінің өзіндік құрылымы бар. Конституцияда көрсетілгендей, елдің ең жоғары басшысы «Велаят-е Факих» тұжырымдамасына сәйкес, «Жоғарғы діни жетекші» (Рахбар) болып табылады (57-бап). Рахбардың заң шығарушы, атқарушы және сот билігі органдарына абсолютті билігі бар және ол қажет болған жағдайда президентті қызметінен босата алады. Сонымен қатар, Рахбарға қарулы күштер мен қауіпсіздік күштерін жөнелту және басқару, сондай-ақ ішкі және сыртқы саяси басымдықтарды анықтау өкілеттіктері берілген (110-бап).
Иранда Рахбар 86 мұсылман дінбасыларынан құралған «Сарапшылар кеңесі» тарапынан сайланады және өз міндетін өмірінің соңына дейін атқарады. Алайда, Рахбар құқықтық міндеттерін орындай алмай қалған жағдайда, пәтуа беруге қажетті қабілет, әділ, тақуа, шынайы саяси-әлеуметтік көзқарастар мен басқарушылық дағдылар сияқты ел конституциясының 109-бабында көрсетілген шарттарды жоғалтқан жағдайда немесе осы талаптардың біреуінен айырылғаны әшкереленген жағдайда қызметінен босатылады. Бұл шешімді тек «Сарапшылар кеңесі» шығаруға құқылы.
Конституцияға сәйкес, президент атқарушы биліктің басшысы және Рахбардан кейінгі мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады. Президент конституцияны жүзеге асыруға, тікелей Рахбардың лауазымдық міндеттеріне жатпайтын мәселелер бойынша атқарушы органға төрағалық етуге міндетті болып табылады (113-бап). Президент халықтың тікелей дауысымен төрт жыл мерзімге сайланады және қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды (114-бап). Конституцияға сәйкес, президенттіктен үміткер мына талаптарға сәйкес болуы тиіс: а) елдің азаматы болуы; ә) ирандық болуы; б) басқару қабілетіне ие болуы; в) сенімді, тақуалы және үлгілі өмір сүрген болуы; г) республиканың iргелi қағидаттарына және ресми мазхабқа (шиизмге) сенуі (115-бап).
Иран конституциясында президенттіктен үміткердің жасына және біліміне қатысты шарттар жоқ. Осы себепті, Иранда президенттіктен жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келетін кез келген адам үміткер бола алады. Президенттік сайлау туралы заңның 37-бабына сәйкес, президенттіктен үміткер болып табылатын адам үміткер болуға өтініш білдірер алдында, сол уақытта атқарып жатқан қызметінен босауы тиіс. Президент заңдарды іске асырумен қатар, жоспарлау, бюджет, басқару және жұмыспен қамту мәселелеріне тікелей жауапты болады. Бірақ бұл мәселелерді басқара отырып орындауды басқа да мемлекеттік қызметкерлерге тапсыруы мүмкін (126-бап). Сайланғаннан кейін Рахбардан өз мандатын алған президент қызметінен босату туралы ұсынысын тек Рахбарға білдіре алады және Рахбар бұл ұсынысты қабылдағанша президент өз міндеттерін атқаруға міндетті болады (110 және 130-баптар).
Иранның саяси жүйесінде президенттік сайлауға ықпал ететін тағы бір қуатты конституциялық институт – 12 мүшеден тұратын «Конституцияны қорғаушылар кеңесі» бар. Кеңестің міндеті мен өкілеттігі – парламенттік, президенттік, «Сарапшылар кеңесі» мен референдум сайлауларын және бұл сайлауларда үміткер болғандардың конституцияда белгіленген шарттарға сәйкестігін бақылау (99-бап). Кеңестің тағы бір басты міндеті, конституцияның баптарына түсініктеме беру және парламентте қабылданған заңдардың Ислам мен құқыққа сәйкестігін бақылау болып табылады (72-бап). Конституцияны қорғаушылар кеңесіне 6 заңгер мүшені бекіту және парламент мүшелеріне мандаттарды беру сияқты қызметтерді қоспағанда, «Конституцияны қорғаушылар кеңесінсіз» парламенттің (Ислам консультативтік кеңесі мәжілісінің) ешқандай заңдылығы жоқ болып саналады (93-бап).
Ирандағы президенттік сайлауда барлығы 1636 азамат үміткер болды. Алайда, «Конституцияны қорғаушылар кеңесі» үміткерлерді Иран конституциясы мен мемлекеттің дініне әрі режімге сәйкестігі тұрғысынан бағалап, 2017 жылдың 20 сәуірінде Ішкі істер министрлігі арқылы президенттік сайлауға тек 6 адамның үміткер бола алатындығын жариялады. Атап айтқанда, Хасан Рухани (Байсалдылық және даму партиясы), Исхак Жахангири (Құрылыс басшылары партиясы), Мұстафа Хашемитаба (Құрылыс басшылары партиясы), Мұхаммед Багер Галибаф (Прогресс және әділет үшін халық партиясы), Ибраһим Раиси (Жауынгерлік дінбасылар қауымдастығы), Мұстафа Мирсалим (Ислам коалициясы партиясы). Мұхаммед Багер Галибаф Ибраһим Раисидің пайдасына, ал Исхак Жахангири Хасан Руханидың пайдасына сайлаудан шыққандарын жариялады. Сайлауда басқа үміткерлердің жинаған дауыстары келесідей болды: Ибраһим Раиси 38,5% (15,786,449); Мұстафа Мирсалим 1,16% (478,215); Мұстафа Хашемитаба 0,52% (215,450). Сондай-ақ, 1,190,401 дауыс жарамсыз деп табылды.
Иран мемлекеті үшін сындарлы бір кезеңде қайта сайланған Руханидың екінші мерзімде жүзеге асыратын стратегиялық басымдықтарын 3 негізгі тақырыпқа бөліп қарастыруға болады:
1) Экономика: Мәлім болғандай, 2015 жылы 14 шілдеде ядролық мәмілеге қол қойылғаннан кейін санкциялар мен эмбарголардың біртіндеп алына бастауы белгілі бір дәрежеде Иран экономикасына оң әсер етті. Елдегі инфляция деңгейі 45%-дан 8,7%-ға дейін төмендеді. 2016 жылы ІЖӨ 2015 жылмен салыстырғанда 3,9%-ға өсіп, 412,3 млрд долларға жетті. Елде мұнай барлау жұмыстарымен қатар, мұнай өндірісі де артты. Алайда, халықаралық оқшаулаудың бәсеңдеуі мен санкциялардың жұмсаруы елде жұмыс орындарын (әсіресе, жастар арасында) арттыру бағдарламаларының дамуы мен жеке сектор мен шетелдік инвестициялардың артуына әкеле алған жоқ. Осы себепті, Рухани екінші мерзімінде экономика мәселесіне басымдық беруді, ел экономикасына көбірек инвестиция тарту мен жаңа бизнес бағыттарын қамтамасыз етуге бағытталған саясатты жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
2) Әлеуметтік-мәдени салалар: Рухани бұл салада адам құқықтары мен бостандықтарының дамуына, түрлі этностық және діни азшылықтардың әлеуметтік және саяси өмірге кеңінен қатысуына, мәдени саладағы кейбір шектеулерді алып тастауға, әйелдердің құқықтарына негізделген мәселелерді шешуге міндеттенді;
3) Сыртқы саясат және қауіпсіздік: Сайлауалды бағдарламада сыртқы саясат саласында байсалдылық және саналылық қағидаларын ұстана отырып, бүкіл елмен, әсіресе, Ислам елдерімен ортақ мүдделер негізінде өзара құрметке негізделген саясат сақталады деп көрсетілген болатын. Ядролық бағдарламаға байланысты «Жан-жақты бірлескен іс-қимыл жоспарын» ұстана отырып, Иранның өз міндеттемелерін орындайтынын, бірақ қарсылас тараптың да өз міндеттемелерін орындауы қажеттігіне баса назар аударылды. Және «Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі» жобасына ерекше көңіл бөлетінін айтты.
Алайда, конституцияға сәйкес, ел қауіпсіздігі мен сыртқы саясатқа іргелі өзгерістер енгізу міндеті президенттің емес, Рахбардың (Жоғарғы діни жетекшінің) құзыретінде болып табылады. Соңғы уақытта ел ішіндегі консерваторлар Рахбардың сыртқы саясатқа қатысты ұстанымына бірқатар сыни пікірлер айтуда. Осы орайда, Рахбардың ескертулеріне қарамастан, Махмұд Ахмадинежадтың президенттіктен қайтадан үміткерлігін жариялауы елдің саяси жүйесіне ықпал етуші топтардың (реформашылар мен консерваторлар) сыртқы саясатқа деген пікірлерінің біркелкі еместігін көрсетіп берді. Осылайша, елдегі консервативтік саяси топ АҚШ президенті Дональд Трамптың «Жаңа Таяу Шығыс» саясатына төтеп бере алатын әрі Батыспен ымыраға бара бермейтін Рахбарға мұқтаж екендіктерін сездіргісі келген секілді. Осыны ескере отырып, Рахбар алдағы уақытта реформашылар мен консерваторлар арасындағы саяси тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және соңғыларды өзіне қарсы қоймай, олардың сыни пікірлерін ескеріп әрі мемлекеттік діннің негізгі қағидаттарына негізделген сыртқы саясатқа басымдық беруі әбден ықтимал.
Осы орайда, Иран таяу шетелдердегі геосаяси мүдделеріне қарсы бағытталған және Дональд Трамптың Сауд Арабиясына жасаған ресми сапары кезінде осы елдің басшыларымен қол қойған екіжақты әскери альянс келісімдеріне қарсы Ресеймен (бәлкім, алдағы уақытта ҰҚШҰ-мен) әскери ынтымақтастықты одан әрі нығайтуы мүмкін және «Шиит жарты айы» географиялық аумағында белсенді сыртқы саясатқа басымдық беруі ықтимал. Осындай жағдайда Иранның Сирия, Ливан, Ирак және Йемен шеңберінде Сауд Арабиясымен ықпал етуге негізделген бәсекелестігі күшейе түсуі әбден мүмкін деп топшылауға негіз бар.
Айдарбек Әмірбек,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары