Әр мемлекеттің рәміздері сол елдің жаратылысына, табиғи даралығына, шығу тегіне байланысты бейнеленіп, ұлттың салт-дәстүр, болмыс-бітімінен, тіпті мінезінен хабар береді десек те болады. Мысалы, біздің мемлекетіміздің Туының шымқай қызыл, я шымқай көк болмай, аспан түстес көгілдір болуы еліміздің ашық аспан астында бейбіт өмірді қалайтын мінезін білдіреді. Көгілдір түс өте мейірімді, жанға жайлы, жағымды түс. Бұл түстен даладай кең қазағымның дарқан пейілін аңғару қиын емес. Себебі, ұлан-ғайыр кең дала бабаларымыздың ықылым заманнан мекені болған және сол жерді ешкімге бодан етпей қорғап қалған.
Мен басқа ешбір мемлекеттің туынан көк түсті кездестірмедім. Мұның өзі қазаққа ғана бұйырған түс. Ортасында шұғылалы күн. Шуағын төгіп, жылуын шашып тұр. Күн – тіршілік көзі. Оның қызуынан жер дүние нәр алады, қуаттанады. Осындай алып күші бар дөңгеленген күнді қанатымен аялай ұшып қыран кетіп барады. Қандай әдемі үйлесім! Қыран өте қырағы, таза, текті құс, өзінің әлсіздігін еш уақытта көрсетпейді. Бұл да біздің халқымыздың қиындықтан қорықпайтын қайсар мінезін танытатын тектілік. Ал енді елтаңбаның шеңбер тәрізді болуының өзі халқымыздың біртұтастығын бейнелейді.
Жалпы, біздің қазақ дүниенің дөңгелектігін әр қажеттілігінен білдіріп отырған. Мысалы, киіз үйіміз, оның шаңырағы, қасиетті қара қазаны, арбаның дөңгелегі, толып жатқан ыдыстары, т.б. Ежелден сақталған осы біртұтастық, татулық, ынтымақ, кеңдік ұғымы Елтаңбаның әр өрнегінен байқалады. Ондағы шаңырақтың, керегенің, босағаның таңбалары ұлтымыздың бояусыз болмыс-бітімі. Құтты тіршілігінің куәсі. Текті тұлпардың дала еркесі киік мүйізімен ыңғайластырылып орналастырылуы да көп мазмұнға ие. Тереңнен толғайтын қазақ қашанда ойын астарлап жеткізгенді ұнататын халық. Сондықтан Елтаңбамыз да мазмұнды, мағыналы. Кез келген шетелдікті әжептәуір ойландырып, ұлтымыздың өмір тарихынан сыр шертіп беретіні даусыз.
Туымыз бен Елтаңбамыздағы әр өрнектің басқа емес, алтын түске боялуы тіпті ғажайып. Қазақ ең ардақтысын алтынға балаған. Оның қасиет-кепиетін айна қатесіз танып-білген. Тұрмыс-тіршілігінде «алтыннан ардақты», «алтын асықтай», «алтын сақа», «ақ алтын» деген іспетті теңеулерді көп пайдаланған. Әнұранымыздың мәтіні жаттауға оңай, әуені патриоттық рухқа толы. Онда келтірілген «аспан», «дала», «ерлік», «елдік», «даңқ», «намыс», «бірлік», «тәуелсіздік», «мәңгілік», «ұрпақ», «қазақ» атаулары құлаққа сонша таныс, сонша жағымды. Гимндегі сөз қазақтың өзі. Ал енді осынша мағынаға ие, осынша мазмұнға бай рәміздеріміздің құрметтелуі, қадір тұтылуы, насихатталуы заңды емес пе?!
Кейде баспасөз беттерінен мемлекеттік рәміздердің қолданылуында кездесіп қалатын өрескел заң бұзушылықтарды оқығанда, кәдімгідей ренжисің. Мекемелерде ілулі тұратын тудың жұлым-жұлым боп жыртылуы немесе өз заңдылықтарына сәйкес орналастырылмауы, сондай-ақ ескірген (оңып кеткен, т.б.) тудың қоқыс шығаратын қалтаның кебін киюі, мұның бәрі немқұрайдылықтың кесірі. Әрине, бұл бұрынырақта болған келеңсіздіктер. Қазір мұндай өрескелдіктер кездеспейтін шығар. Солай болғаны мақұл.
Жалпы, мемлекетіміздің рәміздеріне деген құрметті балалардың кішкентай кездерінен үйреткен дұрыс деп ойлаймын.
Рәміздерімізді насихаттау, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін жеткіншектерге серпін беретін рухты жырлар керек. Мәңгі өлмеске тірілген ұлт рухының сөзі рәміздерді айшықтау үшін де маңызын жоғалтпақ емес. Бойында рух күші мықты ұрпақ қана өз елінің қасиетіне құрметпен қарайды.
Зеберкүл ШАРДАРБЕКОВА,
«Қаратау» орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Жамбыл облысы,
Талас ауданы