Әр дәуірдің өз ерекшелігі мен өз талабы бар. Бүгінгі дүниенің даму қарқынының шапшаңдығы мен саналуандығы сол ерекшелік пен талаптың жаңа міндеттерін де алға тартып отыр. Осы орайда, Қазақстандағы конституциялық жаңа реформа да қазіргі жаһандық жаңғырудың қазіргі және болашақтағы жаңа талаптары тұрғысынан жүргізілгендігін айтуымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді», деген тарихи сөзі біздің қоғамның демократиялық жолмен дамуын одан әрі тереңдете түсуге жол ашты.
Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелерін бүкілхалықтық, одан соң Парламенттің қос палатасы депутаттарының талқылауынан өткізіп барып және де Конституциялық Кеңестің тұжырымынан кейін «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қоюы әлем саясатшыларының назарын аударып, Қазақстанның демократиялық және құқықтық жолмен дамуын одан әрі тереңдете түскендігі тағы да қуатталды. Расында да, бұл тәуелсіз мемлекет болып құралғанына ширек ғасырдан астам уақыт енді болып отырған жас мемлекеттің тарапынан демократиялық қоғам құру жолындағы тағы бір ілгері қадам басқандығы еді.
Біз әуелден құқықтық және демократиялық мемлекет құруды мұрат тұтқан ел болатынбыз. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясының өзінде-ақ анық жазылып, анық айтылған да еді. Осы бағытымыздан айнымай, тарихтың аса қысқа мерзімінде көпэтносты халқымыздың бірлігі мен ынтымағын жарастыра отырып, алдымызға қуатты экономикасы бар, әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына ену және Мәңгілік Ел болу сияқты айқын міндеттер белгілеп дамып келеміз.
Қазақстанның аз жылдың ішінде әлемге танымал болуын, әлемдік қоғамдастықтар ортасынан ойып тұрып өз орнын алуын, зор бедел мен абыройға бөленуін біз бір ғана адамның − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Осы бір тарихи ақиқатты тереңінен зерделеген Парламент депутаттарының бірауызды ұсынысымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы ерекше орны, оның мәртебесінің мызғымастығы туралы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына орынды жазылғандығын айтқан дұрыс. Біз мұны Елбасына деген баршамыздың, яғни бүкілқазақстандықтардың құрметі мен адал ниеті деп бағалаймыз.
Биылғы жылдың 10 қаңтары күні Елбасы қол қойған «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң негізінен Мемлекет басшысының өзі ұсынған конституциялық реформа болып саналады. Өйткені, Елбасы 2015 жылы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде жасаған баяндамасында біздің дәстүрлерімізді ескере отырып, билік тармақтарын Президенттен Парламент пен Үкіметке қайта бөлуді көздейтін конституциялық реформа жүргізу мәселесін көтерген болатын. Соған сәйкес, Елбасы ұсынған және заңмен бекітілген конституциялық реформаның негізгі мәні Президенттің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беру, Парламенттің рөлін арттыру, Үкіметтің атқарушылық өкілеттігі мен экономика саласындағы оның дербестігін кеңейту сияқты аса маңызды жайларды қамтиды. Және де Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі мен есептілігі күшейіп, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқару органдары қызметінің құқықтық негіздері одан әрі жетілдіріле түсті. Бұл туралы Конституцияның 64-бабының 2-тармағында Үкіметтің алқалы орган болып табылатындығы және өзінің қызметінде республика Президентінің, Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты екендігі атап көрсетіліп отыр.
Сөйтіп, еліміз дамуының дәйекті және заңды жаңа бір реформасы жасалып, бұл жағдай саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын бес институттық реформа талаптарына жауап беретін жүйе құруға зор ықпал ететін болады.
Біз осы экономикалық және саяси жаңғыруларды ендігі арада рухани жаңғырумен бірге әрі қатар жүргізуге тиістіміз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде айтылғанындай, еліміздің ХХІ ғасырдың қатаң талаптарын ескере отырып дамуын қамтамасыз ету үшін ең әуелі сананы өзгерту, Елбасы айтып отырғанындай, әуелі «біздің санамыз ісімізден озып жүруі» керек болады.
Бұл орайда, Елбасы «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықты ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», − деп біздің халқымыз үшін рухани жаңарудың міндеттерін нақты айтып, көрсетіп те беріп отыр.
Елбасы айтып отырған бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау сияқты қағидаттар біздің әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарында тұруымыздың және Мәңгілік Ел болуымыздың басты әрі маңызды алғышарттары болып саналады деп пайымдағанымыз жөн. Осы орайда, Елбасының еңбегінде «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады» және де «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», немесе «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді», − деген қағидалары біздің ұлттық сана-сезіміміздің дамуы мен толысуы ол әлемдегі білімді де, іскер, озық ойлы халық болып бүгінгі жаһандану дәуірінің қатаң талаптары мен сынақтарынан абыройлы өтуімізге ықпал етер басты тірек бола алары анық. Өйткені, қазіргі технологиялық революция экономиканың кәсіптік сипатын, адам баласының сана-сезімін де жедел өзгертіп келеді.
Біз заманның қандай да болсын сын-тезіне түссек те, Елбасының тәуелсіздігіміздің алғашқы сәтінен орнықтырып, нығайтып келе жатқан ел бірлігі мен ынтымағын көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Бұл орайда, Елбасы жуырда болып өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында ел тұрақтылығы рухани жаңғырудың басты кепілі екенін атап көрсетті. Олай болса, Елбасы ұсынып отырған бүгінгі жаһандық әлеммен қабысатын және де Мәңгілік Ел болуымыздың мүддесі жолындағы талаптарға сай келетін қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қалыптастыра отырып, заманның талабына лайықты болайық.
Аңсар МҰСАХАНОВ,
Сенат депутаты