Бұл өте жауапты жұмыс екені айтпаса да түсінікті. Бюджеттің орындалуына (кіріс, шығыс бөліктері), мемлекеттік сатып алу процестерінің барлық рәсімдерінің заң шеңберінде атқарылуына бақылау жүргізе алатын, сонымен бірге, аталған әкімдіктерге берілгелі отырған коммуналдық меншікті басқара алатын мамандар мен басшылар ауылдық жерлерде тапшы екені белгілі.
Ал заңда көрсетілген ротациялау жұмысы толыққанды орындалмауда. Себебі, аудандарда, ауылдарда қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ жылдан бері шешімін таппай келеді. Мұндай үйлер тек ауыл әкімдіктерінде ғана емес, сонымен қатар, облыстық маңызы бар қала, аудандардың және облыстардың орталықтарында да болуы тиіс. Сонда ғана облыс орталықтарынан, аудан орталықтары мен қалалардан қатынап ауыл басқаратын «атүсті» жұмыс емес, сол елдердің тыныс-тіршілігін, ыстық-суығын бірге көріп жүрген маманның, басшының тыңғылықты жұмысын көрер едік және әртүрлі күдікті сұрақтардың туындауы мен заң бұзушылықтарға жол берілмес еді.
Тұрғын үй құрылысы жергілікті бюджет есебінен шешілуі тиіс екені белгілі. Алайда, барлық өңірлер өз бюджеттерімен бұл жұмыстарды жүргізе алмайтыны да анық. Еліміздің атқарушы билік органы жоғарыда баяндалғанның негізінде шағын елді мекендерді кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін жекешелендіруге жатпайтын қызметтік үй қорын қалыптастыру мәселесін қарастырса, ауылдардағы маман кадрлар мәселесі бірте-бірте оң шешімін тапқан болар еді.
Байділдә ЖЫЛҚЫШИЕВ,
Мәжіліс депутаты