02 Маусым, 2017

Арқаның жері де құт, желі де құт

786 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сарыарқадай сайын даласының асты-үсті қазынаға толы екендігі талай дәлелденген. Соның арқасында біз қазір әлемде өте сирек кездесетін осмий-187 эле­ментінен бастап, мыс пен болат, алю­минийге дейінгі аралықта метал­дардың сан түрін және Қазақстан бренді болып отырған сапалы астық өндіреміз. Қазақстан алтынының ең көп мөлшері де осы Арқа төсінен табылып отыр. 

Арқаның жері де құт, желі де құт

Осы өңірге тәуелсіз елдің елор­да­сының қоныс тебуінің өзі Сарыарқаның стратегиялық маңызын тіптен арттыра түскендей. Тіпті басқаны былай қойғанда, қы­сы-жазы сызылтып ән салып тұра­тын өкпек желі ше?! Оның да қасие­тін енді біліп келе жатырмыз. Сары­арқаның самалы – кең-байтақ қазақ жерінің жарым-жартысын алып жатқан осынау алып өңірдегі қала­лардың басты экологиялық тазалық­шысы ғана емес, сонымен қатар болашақта үлкен қуат көзіне айнала алатын да түрі бар.

Иә, осыдан бес ғасырдай уақыт бұ­рын Асан қайғы бабамыз желмаяға мініп алып, қазақ жерін кезіп жүріп, Ерейментауға келгенде «Ерейменнің құты жерінде емес, желінде екен» деп бекер айтпаған екен. Осы сөздің терең маңызы мен шындығын оның ұрпақтары ақыры бүгінгі технологиялардың дамыған заманында ғана анық ұғына бастады.

Осыдан 5-6 жыл уақыт бұрын Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағ­дарламасы Қазақстан Үкіметімен бір­­лесе отырып, біздің жеріміздегі жел қуатын және оның тұрақты соғу дең­гейін анықтау бойынша арнайы зерттеулер жүргізуді қолға алды. Осы үшін Қазақстанның әр өңірлеріндегі жел көбірек соғатын жерлерге қадалар қағылып, оларға жел қуатын есептейтін арнаулы құралдар орнатылды. Бұл құралдар жылдар бойы желдің екпіні мен соғу жиілігін үздіксіз есептеп тұрды. Сөйтіп, Қазақстанда жел энергетикасын дамыту үшін жел қуатының мүмкіндіктері алғаш рет нақты мәлі­меттер деңгейінде анықталды. Бұл мәлі­меттер біздің елімізде бірінші рет «Қазақстанның жел атласын» жасап шығуға мүмкіндік берді.

Бұл атластың алдағы уақытта Қа­зақ­стан үшін беретін пайдасы көп болмақ. Өйткені, біз енді электр қуа­тын өндіру үшін қай жерлерге жел қалақшаларын орнатуға болатындығын және ол қалақшалар бізге жыл ішінде қаншалықты қуат өндіріп бере алатын­дығын бұрынғыға қарағанда жақсырақ білеміз.

Мәселен, біздің мамандарымыз бұ­рын жел қондырғыларын орнату негізінен оңтүстік өңірлерде молырақ қуат береді деген пікірлер білдіріп, оған дәлел ретінде Жоңғар қақпасынан, Шу алқабы, Шелек аңғарынан соғатын қуат­ты желдерді келтіретін. Ал жел қуатын есептегіш құралдардың анықтауы бо­йынша еліміздің орталығы мен сол­түстік өңірлерінде желдің орташа жыл­дық қуаттылығы басқалардан басы­мы­рақ түсіп отырған көрінеді.

«Егер Қазақстанның жел атласын­дағы мәліметтерге жүгінетін болсақ, осы уақытқа дейін адамдардың дұрыс аңғарғанындай, Жоңғар қақпасы мен Шу алқабында қуатты желдер жиі болып тұрады. Бірақ  желдің кең ауқымдылығы мен тұрақтылығы Астанада, Қостанайда, Қызылжарда, Қарағандыда, Павлодарда  көбірек сақталады. Мәселен, осы аталған жерлерде желдің орташа жылдық қуат­тылығы 7 метр/секундтан айналса, Көк­шетау жақта тіпті 8 метр/секундтан да асады. Бұл аталған өңірлерде жел энергетикасын дамытудың жақсы мүм­кіндігі бар деген сөз», дейді БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Геннадий До­рошин.

Есеп бойынша желдің таралу кө­лемі Жоңғар қақпасында 800 шаршы шақырымды, Шелек аңғарында 2000 шаршы шақырымды құрағанда, Ерейментауда бұл көрсеткіш 62500 шаршы шақырымды құраған. Оның үстіне желдің белгіленген энергетикалық  қуат беру мүмкіндігі Жоңғар қақпасында 8000 МВт, Шелекте 20000 МВт болса, Ерейментауда 625000 МВт болған. Осыдан кейін Асан қайғы бабамызды әулие демей не дейміз.

Жалпы, зерттеулер нәтижесінде Қа­зақстан жерінің желден энергия өндіру әлеуеті әлемнің әр шалғайында орналасқан көптеген елдермен салыс­тырғанда өте жоғары екендігі анық­талып отыр. Ол жылына 920 миллиард ки­ловатт-сағат деп бағалануда. Бұл бү­кіл елдің бір жылда тұтынатын энергия мөл­шерінен 10 есе көп.

Салыстыру үшін айта кетейік, энергия тиімділігін бағалау саласында ин­жинирингтік және консалтингтік қызмет көрсететін Energy Partner компа­ния­сының мамандары Қазақстандағы күн энер­гетикасы жылына 2,5 миллиард кило­ватт-сағат, ал гидроэнергетика саласы жылына 30 миллиард киловатт-сағат энергия өндіре алады деп есептеп шы­ғарған. Демек, табиғи қуат көздері ара­сында да желдің энергия өндіру мүм­кіндігі өте жоғары болып отыр.

Сұңғат Әліпбай,
«Егемен Қазақстан»