Ресей президенті Дмитрий Медведев елдің қорғаныс пен қауіпсіздікке арналған шығыны өте жоғары болып қала беретінін мәлімдеді. Мұндай ұстаныммен келіспейтін мемлекеттік қызметшілер, деді ол, өздеріне басқа жұмыс іздей берсін.
Италия премьер-министрі Сильвио Берлускониге қатысты оның бизнесмен Джампаоло Тарантиниді өзінің жеңгетайлық ісі бойынша тергеуге жалған мәлімет беруге мәжбүрледі деген күдік пайда болып отыр. Бұл туралы ANSA агенттігі хабарлады.
Австралия үкіметі әйелдерге тікелей соғыс іс-қимылдарына қатысты лауазымдарда қызмет етуге рұқсат беретін шешім қабылдады. Бірақ ол үшін нәзік жандылар ерлер нормативтерін орындауға қабілетті болулары тиіс көрінеді.
Мәскеудегі Пушкин алаңында оппозиционерлер Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің президенттік сайлауға түсуіне қарсы наразылық акциясын өткізді. Митинг Мәскеу билігімен келісіліп ұйымдастырылды. Шараға бірнеше жүз адам жиналды.
«Әл-Жазира» телеарнасы Кабул бюросының басшысы Самер Аллави дүйсенбі күні ХАМАС қозғалысымен ынтымақтастықта Израильге қарсы жасаған қылмысы үшін сотқа тартылды. Ол мұндай әрекетпен 1993 жылдан бері айналысып келіпті.
Американың Кубаға қарсы экономикалық тосқауылы арал мемлекетке триллион долларға жуық шығын әкелген. Бұлай деп Куба сыртқы істер министрі Бруно Родригес Парилью жария етіп отыр. Эмбарго режімін Вашингтон 1960 жылы енгізген болатын.
Алексей Кудрин Ресей Федерациясы вице-премьері және қаржы министрі қызметінен отставкаға кетті. Кудриннің отставкасы туралы жарлыққа президент Медведевтің қол қойғанын оның баспасөз хатшысы Н.Тимакова қуаттап отыр. Кудриннің бұған дейін Медведев үкіметінде істемеймін деп мәлімдегені белгілі.
Грузиннің «Рустави-2» телеарнасының журналистері Грузия парламентінің бұрынғы спикері Нино Бурджанадзенің Тбилисиде президентке қарсы акциялар ұйымдастырғаны үшін сырттай сотталған күйеуі Бадри Бицадзе Венада жүр деген хабар таратты.
Германия Ливияның астанасы – Триполиде елшілік ашты. Елшілік қызметке Райнар Эберле тағайындалған. Оның айтуынша, елшіліктің міндеті Жаңа Ливиямен саяси, экономикалық және мәдени байланыстар орнату болып табылады.
Эстонияның астанасы – Таллин қаласының мэрі Эдгар Сависаар көлігінің жылдамдығын аса жоғарылатып жібергені үшін айтыпты деп танылды. Ол сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген жол бойында 137 шақырым жылдамдықпен жүрген. Енді мэр айып төлеуі, тұтқындалуы немесе 12 айға көлік жүргізу құқынан айырылуы тиіс.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде әзірленді.