Театр • 02 Маусым, 2017

Көрермен «Қасіретті» жылы қабылдады»

396 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2000 жылы 15 маусымда Елбасы тұсауын кесіп, шымылдығын ашқан С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының іргетасын сол жылы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын бітірген 23 түлек қалаған болатын.

Көрермен «Қасіретті» жылы қабылдады»

 Содан бері кілең өнерлі жастардан құралған шығармашылық топ өңірдің төл мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, үнемі өсу, өрлеу үстінде. Бірнеше рет республикалық, аймақтық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері атанып, көрермен көзайымына айналған көптеген пьесаларды сахналады. Олардың қатарында Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Роза Мұқанова, Талғат Теменов секілді танымал драматургтердің шығармалары бар. 

Жуырда театрдың репертуары тағы бір тың туындымен толықты. Көрнекті жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» шығармасының желісі бойынша жас режиссер Фархат Молдағалиев «Қасірет» атты психологиялық драманы сахналап, жұртшылық назарына ұсынды. Спектакльдің премьерасына келушілер қатары көп болды. Біз осы өнер ордасының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театр­танушы Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВАНЫ әңгімеге тартып, қоғамның өзекті проблемасын қозғайтын қойылым жайлы айтып беруін сұраған едік.

– Айта кету керек, режиссер өз көрерменін логикалық ойлауға, қиялын ұштауға жетелеп отырады. Спектакль барысында образды түрде үйдегі өмір, нашақорлар мекені көрсетілетінін тапқырлық десе де болады. Уақыттың әр кезеңінде өтетін сахна кеңістігін құбылтып қолдануы құптар­лық. Қойылым үстінде Төлеген Момбековтің «Салта­нат» күйінің орындалуы кейіпкердің өткенге өкі­ні­шін одан бетер қоюлатып, жүректі тебірентпей қоймайды. Спектакльде хормен орындалып, үзінді келтірілген Абайдың әйгілі «Сегіз аяғының» өзі тұнып тұрғанын философия екенін көзі ашық, көкірегі ояу көрермен аңғарса керек. Бір сөзбен айтқанда, күй мен шығарма керемет үйлесім тапқан. 

– Сахналық-декорациялық безендіруде тағы қандай ерекшеліктер бар?

– Қоюшы-суретші Эльвира Бейсенбаева спектакльдің негізгі өзегін табу мақсатымен абстракциялық түрлендіруге көбірек жүгінгені және де бұл бағытта көп ізденгені байқалады. Шымылдық ашылысымен түнерген сахна көзге бірден шалынады. Бұл көріністі әркім өз қиял-көкжиегіне қарай әрқилы қабылдауы мүмкін. Дегенмен, ымырт мезгілін, енді ғана басталған түн уағын еске салатын картина қайсыбір сұмдықтың боларынан хабар беріп тұрғандай әсер қалдырары анық. Қоюшы-суретшінің тағы бір ұтымдылығы мынада: қойылымның шарықтау мезетінде мешіт сұлбасының шығуы фәни өмірдің шолақ екендігін айғақтайды. Жерге төселген матада бейнеленген адам табанының іздері негізгі тақырыпты аша түскен. Расында да, өмірдегі негізгі мақсат – ұрпақ өсіріп, артыңа жақсы өнеге қалдыру емес пе? Екінші жағынан, бей-берекет жатқан алуан түрлі із – әр пенденің жүріп өткен өз жолы, тағдыры. Біреу түзу сүрлеуге, екіншісі бұралаң соқпаққа тап болып жатады. Өмірдің болжаусыз қиындығы да, күрделілігі де осында. Кім қалай жеңіп шығады, ол – басқа әңгіме. Тура осылай болашағы енді қалыптасып келе жатқан өрен абайсызда нашақорлар тобына қосылып, бар арман-үмітін есірткі күл-талқан етеді. Мәпелеген әке-шешенің жалғыз тұяғы жоғары оқу орнында білім ала жүріп, ата-анасына болашақ келіндерін де таныстырып үлгереді. Өкінішке қарай, отбасылық қуаныш ұзаққа бармайды. Өзінің бұрынғы жарқын өмірінде соншалық ақкөңіл, аңғал мінезді жігіт бір-ақ сәтте ғасыр қасіретінің құрбанына айналып шыға келеді. Жас актер Айбол Қасым жарық күнде адасып жүрген Жалқытайдың психологиялық хал-күйін жап-жақсы бейнелеген. Әсіресе, кейіпкерінің есірткіге тәуелді тұстарын, мінез-құлықтарын барынша ашуға тырысқан. 

– Бас рөлдерді сомдаған актерлар туралы не айтар едіңіз?

– Кәмиланы бейнелеген актриса Дария Әбілмәжінованың ішкі темпоритмі зор, актерлік амплуасы кең. Оның пьесадағы өз рөлінің негізгі мақсатын дөп басқаны аңғарылып тұр. Басы артық мінез дарытпай, боямасыз күйде сахналауы көрерменін сендіреді. Аида Сұпатаева мен Дулат Тәшкен құрған мизансцена күңгірт тартқан қойылымға жылылық шуағын себелеп, алаңдаулы ата-ананың ұлына деген сенім отын жағады. Жалқытайдың сүйген қызын ата-анасымен таныстыруға үйге әкелген сәті, үстел басындағы алаңсыз әңгіме өте тартымды. Сахналық костюмдердің барлығы – күрең қоңыр. Яғни, қойылымның аты айтып тұрғандай айнала қасіретке толы екенін қапысыз аңғарамыз. 

– Ресми деректер бойынша елімізде 54,8 мың нашақор тіркелген екен. Қаншама ата-ата ауыр қайғының қасіретті жан азабын, мехнатын тартып жүр десеңізші. Жазушы да, режиссер де осындай құрдымның ұйығына батудан сақтандыратын тәрізді. 

– Есірткіге еліткендердің көпшілігі жастар екенін ескерсек, он екіде бір гүлі ашылмаған қаншама бейкүнә жандардың тамырына балта шабылып жатқанын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Бүгінде барша адамзатты қатты толғандырып отыр­ған өзекті тақырыпқа батыл бара білген белгілі қа­лам­гердің шығармасын сахна тілінде сөйлету оңай емес. Алайда, күрмеуі қиын мәселені психологиялық дра­ма­ға өзек еткен жас режиссердің төртінші туындысын қы­зылжарлық өнерсүйер қауым жылы қабылдағанын баса айтқым келеді. 
 Бәріміздің тілегіміз – дені сау ұрпақ, бақытты болашақ. Осы тұрғыдан алғанда, актерлік құрам мен режиссердің, суретшінің тыңғылықты еңбегі бір-бірін толықтырып, қоғам қасіреті арқылы арқылы басқаларға үлкен ой салады.
 
Әңгімелескен 
Өмір Есқали,
 «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы