Аймақтар • 02 Маусым, 2017

Қарағандыда «Ұлы дала елінің рәміздері жасасын!» атты облыстық форум өтті

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала елінің рәміздері жасасын!» атты облыстық форум өтті. Оған облысымыздағы танымал қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар, өндіріс орындарының қызметкерлері, кеншілер, өңірдің барлық аудандары мен қалаларының өкілдері және белсенді жастар қатысты. Форумды Теміртау қаласының Құрметті азаматы, еңбек жолын Елбасымызбен бірге бастаған Қуаныш Омашұлы ашты.

Қарағандыда «Ұлы дала елінің рәміздері жасасын!» атты облыстық форум өтті

Сондай-ақ, салтанатты жиынға облыс әкімі Ерлан Қошанов арнайы қатысып, барша жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтады.

- Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің арманы мен мұратын айқындайтын ерекше белгі. Ал, біз үшін рәміздер жай ғана нышан емес, онда ата-бабаларымыздың азаттыққа деген ұмтылысы, халқымыздың тәуелсіз ел боламын деген талпынысы бар. Ел рәміздері ең алдымен біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы.

Елбасы айтқандай, олар Тәуелсіздіктің қасиетін біріктіруші образдар. Қазақ халқында, «халықтың рухын көргің келсе жергілікті туына қара, елінің елдігін көргің келсе елтаңбасына зер сал, арман-мақсатын көргің келсе ұранын тыңда» деген нақыл бар. Мемлекеттің басты нышандарын жүрегіне басқан елдің еңсесі тік, рухы жоғары болады. Ендеше мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлей білу біздің парызымыз, – деді облыс әкімі.

Азаттықтың ақ туын желбіретіп, арайлап атқан бүгінгі таңға да жеттік. Мұның барлығы сонау зобалаң жылдардағы елім деп еңіреген, жерім деп жағасы жау қолында кеткен батыр бабаларымыздың Отанына атылған оққа құрыш кеудесін тосқандығының арқасында қолжеткен жетістіктеріміз. Қазір міне, қыранымыз көкте қалықтап, көк байрағымыз көрген көзге көзайым болып тұрғаны мәлім.

Ескі тарихтың елеулі тұстары өте көп. Ширек ғасыр бұрын Алтай мен Атырау арасындағы Ұлы далада өшкен отты қайта жағып, Тәуелсіздігін тұғырына қондырған Қазақстан 1992 жылдың 4 маусымы күні мемлекеттік рәміздерін бекіткен еді.

Енді міне сол рәміздеріміздің  бекітілгеніне де ширек ғасыр толып отыр. Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

​​​​​​​Мирас Асан,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы