Арнайы және бірыңғай аяқ киім өндірісімен, яғни әр түрлі жұмыс түрлеріне арналған аяқ киім, қарулы күштер өкілдеріне арналған, Sharkey брендімен аяқ киімдер өндірумен және қысқы, жазғы, корпоративтік, күзет қызметкерлері үшін киім өндірісімен айналысатын "Zhamal-ai LTD" ЖШС адамдардың қауіпсіздік жағдайларын жақсарту үшін өзінің өнімдері мен қызметтерін заман талабына сай шыңдап отыр. Мекеме басшыларының жұмысындағы негізгі қағидаларының бірі – киімдер мен арнайы аяқ киімдерді кешенді жеткізу болып табылады. Тауарларды Қазақстаннан тыс елдерге тасымалдау мақсатында, өнімдерді Қазақстандық және халықаралық стандарттарға сәйкес сертификациядан өткізіп отырады. Кәсіпорын «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «ЭмбаМұнайГаз» АҚ, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, «Oil Construction Company» ЖШС , «Мангыстауэнергомунай» ЖШС, «АргымакТрансСервис» ЖШС және т.б. компанияларды арнайы киімдермен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ кәсіпорын ҚР Қорғаныс министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, «Ішкі әскерлер комитетіне» бірыңғай аяқ киім жеткізуші болып табылады.
Өндіріске қажетті шикізат пен материалдар сатып алу - зауыттың тұрақты қажеттілігінің бірі. Өндірістің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында, компания басшылығы «Казкоммерцбанк» АҚ айналым қаражатын толықтыру мақсатында 75 млн. теңгені 36 ай мерзімге несие алуға шешім қабылдады. Жоба өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қолдау бағдарламасы арқылы жылдық 6% мөлшерінде қаржыландырылды.
- Қаржыландыру арқылы біз "Zhamal-ai LTD" ЖШС жұмысынан жаңа жетістіктер күтеміз және оған сенеміз. Себебі, бұл кәсіпорын іргесі бекіген, өз жұмысын жолға қойған қабырғалы кәсіпорын, дейді Маңғыстау облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының менеджері А.Момбеков.
Гүлайым Шынтемірқызы,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы