Медицина • 02 Маусым, 2017

Ұлт саулығы - елдің гүлденіп, көркеюінің негізі

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы» тақырыбында партиялық тыңдау өтті.

Ұлт саулығы - елдің гүлденіп, көркеюінің негізі

Шараға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшысы Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко, денсаулық сақтау мәселесі бойынша партиялық тәлімгер Зәуреш Аманжолова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Мәжілістегі партия фракциясының және ҚХА депутаттық тобының мүшелері, вице-министрлер, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық және өңірлік медициналық орталықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сондай-ақ, сарапшылар қауымдастығы мен бейнебайланыс режімінде аймақ өкілдері де қатысты.

Қазіргі қоғамдағы денсаулық сақтаудың маңызы жөнінде пікір айтып, жиынды ашқан М.Құл-Мұхаммед халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сапасын арттыру Елбасы саясатының ең маңызды бағыттарының бірі екендігіне ерекше тоқталды.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өмірлік маңызы бар аталған саланың дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің басты саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы бұл маңызды мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысын одан әрі қатаң бақылайтын болады. Халықтың денсаулығы – мемлекеттің гүлденіп-көркеюінің негізі», – деді.

Өз кезегінде негізгі баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 2016 жылғы қорытындысы бойынша бірқатар бағыттар жөнінде нақты деректер келтірді.

«Атап айтқанда, қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің негізі қалыптасуымен қатар, еліміздің жеті аймағындағы қалалық емханаларға ауруларды басқару бағдарламасын енгізуге арналған жаңа жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Үкіметтік емес ұйымдар, жеке секторлар және фарминдустрия өкілдерінен тұратын сапа жөніндегі бірлескен комиссия құрылып, Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр енгізу бойынша жұмыстар да жалғасын табуда. Бесінші бағыт бойынша міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп, адам ресурстарын стратегиялық басқару және медициналық білімді жаңғырту бойынша нақты жобалар да қолға алынуда. Және соңғысы аталған салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке басымдық берілуде. Осыған орай, министрлік жанынан Бизнес-кеңес өз жұмысын бастап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті және инфрақұрылымды дамытудың жол картасы дайындалу үстінде», – деді министр.

Алқалы кеңеске қатысушылар салаға қатысты жауапты мамандарға өздерін толғандырған сан түрлі сауалдарын жолдап, жауабын алды. Әсіресе, халық қалаулылары медициналық мекемелердегі мамандардың тапшылығы мен қызметкерлердің біліктілігін арттыру, медқызмет сапасына бақылауды күшейту, медициналық мекемелерді интернетпен тиісті деңгейде жабдықтау, санитарлық автокөлікпен қамту, емделуге квота алу, бөлшектеп сатылатын дәрілік препараттардың бағасын реттеу, сондай-ақ, науқастардың тексерілуге және емделуге кеткен шығындарын өтеу сынды өткір мәселелерді ортаға салды. Сол себептен де бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі медициналық қызметті орталықсыздандыру, саламатты өмір салты жөніндегі бағдарламаға айрықша көңіл бөлу және адам ағзасына қауіпті қалдықтармен ауаны ластайтын өндіріс орындарының жауапкершілігін күшейтуге қатысты нақты ұсыныстар жолданған жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі маңызды реформаның мән-маңызы да жан-жақты талқыланды. Бұл тақырып бойынша Қор жетекшісі Елена Бахмутова арнайы баяндама жасады. Сөйтіп, денсаулық сақтау саласының өзекті тұстарына назар аударылып, тиісті шараларды қолға алу қажеттігі пысықталған кеңесті қорытындылаған Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндай басқосулар өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешу жолдарын уақытында ұсынуға мүмкіндік беретінін айтты. «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, партиялық тыңдау кезінде жасалған ұсыныстардың барлығы жақын күндері тиісті органдарға жолданбақ.

Айта кетейік, елімізде соңғы 5 жыл ішінде 381 денсаулық сақтау нысандары салынған болса, оның 19-ы – аурухана, 41-і – емхана және 314-і – дәрігерлік амбулатория. Мемлекет медициналық мекемелерді заманауи қымбат жабдықтармен қамтамасыз ету жайын да назардан тыс қалдырмауда. Нәтижесінде, медициналық көмек көрсету жоғары технологиялық деңгейге жетті. Әсіресе, кардиохирургия, трансплантология, нейрохирургия, травмотология, ортопедия және тағы басқа салалар бойынша көрсеткіштер жоғары. Сол сияқты маман даярлау ісі де ілгерілеп келеді. Бүгінде елімізде және шетелдерде оқыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дамыған елдермен тәжірибе алмасу ісі де жүйелі жолға қойылды. Сондай-ақ көліктегі медицина, қашықтықтан кеңес беру медицинасы және телемедицина саласы қарқынды дамып, елімізде аталған саланың жетіліп, заманауи технологиямен жабдықталуына байланысты министрлік квотасы бойынша шетелде емделуге мұқтаж науқастардың саны азаюда.

Нұрлыбек Досыбай,                                                          

«Егемен Қазақстан»