28 Қыркүйек, 2011

Қазынашылық саласындағы алмасу

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қаржы министрлігіне қарасты Астана қалалық қазынашылық департаментінде PEM PAL қазынашылық қауымдастығының халықаралық семинары басталды. Семинар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйым­дастырылып отыр. 1-14 қыркүйек аралығында өткен Халықаралық валюта қоры миссиясы Қазақстанда бюджеттің атқарылуы және қазынашылық қыз­меті жалпы және тұтас ал­ған­да халықаралық стандарттарға сай келеді деп баға берген болатын. Оған қоса, Қазақстан қазы­нашылығы ақпараттық жүйесінің табысты қызмет етіп жатқандығы жүйеге деген таяу және алыс шетелдердің қызығушылығымен қуатталып отыр. Елімізде өтіп жатқан «Қазы­на­шылық операцияларында ақпа­рат­тық технологиялардың қолда­ны­луы» атты халықаралық семинар PEM PAL қазынашылық қау­ым­дастығының жетекші тобы мен Қаржы министрлігінің қазы­нашылық комитетінің, сондай-ақ Астанадағы Бүкіләлемдік банк кеңсесінің қолдауымен өткізілу­де. Семинарға таяу және алыс шет­елдерден 70 адам қатысуда. Олардың қатарында Албания, Армения, Беларусь, Босния және Герцеговина, Македония, Оңтүс­тік Корея, Франция, Германия, Австралия, Кения, Дания және басқа да елдердің сарапшылары бар. Семинардың басты мақсаты Қазынашылық қауымдастығына кіретін елдердің мамандары мен практиктерінің қазынашылық жүй­есіне заманауи ақпараттық тех­нологияны енгізу саласын­да­ғы тәжірибе алмасуы болып табылады. Аталмыш жүйе қазына­шы­лық саласындағы ақпараттан­дырудың көкейкесті деңгейге шы­ғуын қамтамасыз етіп қана қой­май, мемлекеттік қаржы саласын басқару жүйесінде де рефор­малардың алға жылжуына себін тигізуі керек. Үш күндік семинар барысында Бүкіләлемдік банктің мемлекеттік қаржы саласындағы ақпараттық жүйелер бойынша же­текші маманы Денер мырза осы тақырыпқа байланысты жуырда жүргізілген зерттеулер нә­ти­же­лерін жариялайды деп кү­тіліп отыр. Шараның алғашқы кү­нін­де Қаржы министрлігі Қа­зы­нашылық комитеті төрағасы­ның орынбасары Айгүл Байғожи­на, Ақпараттық технологиялар бас­­қармасының бастығы Ерлан Шал­ғым­баев еліміздің қазына­шы­лық жүйесіндегі ақпараттық тех­но­ло­гиялардың енгізілуінің тұ­сау­ке­се­рін жасады. Ал ертең осы мә­­селелер бойынша арнайы ша­қы­рылған Оңтүстік Корея, Дания, Франция және Ресей елде­рі­нің са­рапшылары өз инно­ва­ция­лық шешімдерімен бөліспек. Венера ТҮГЕЛБАЙ.