Аймақтар • 03 Маусым, 2017

Маңғыстауда 29-шы мешіт ашылды

608 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасиетті Рамазан айында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында жаңа мешіт ашылды.

Маңғыстауда 29-шы мешіт ашылды

350 адамға арналған екі қабатты Біріккен Араб Әмірліктері Қызыл жарты Ай Қоғамының қолдауымен салынған. Қазақстан мұсылмандары Дін істері басқармасының төрағасы, Бас муфти Е. Малғажыұлының бұйрығымен бұған дейін қарақия ауданының орталық мешітін басқарған Сисенбаев Жеңіс Сайын ауылындағы жаңа мешіттің имамы болып тағайындалды. 
- Біз Рамазан айында жақсы істің куәсі болып тұрмыз. Жаңа мешіттің ашылуы – өңіріміздің дін саласындағы тағы бір жаңа парақтың ашылуы. Мешіт – бірлік бастауы, ішкі татулық пен үйлесімділіктің орны. Мешіт санының көбеюі қоғамның діни негізінің беки түсуіне ықпал етеді. Жаңа мешіт бірлікті сақтауға, үлгілі жастарды тәрбиелеуге өз үлесін қосады деп сенемін. Рамазан айындағы оразаларыңыз қабыл, қуаныштарыңыз құтты болсын, ағайын! – деді Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов. 
Мешіттің лентасын Түпқараған ауданының «Құрметті азаматы», С.Шапағатов ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Икембай Терекбай мен Маңғыстау облысы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Тулетов қиды. 
Бұл – Маңғыстау өңіріндегі 29-шы мешіт, қазіргі таңда Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында тұрғындар өз күшімен мешіт тұрғызуда. 
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақтау