«Өткеніңнен өнеге алмай, болашағыңды болжай алмайсың» дейтін халқымызда нақыл сөз бар. Тауып та, танып та айтатын дала данышпандарының қай нақылының болсын жүйесіне жығылмау мүмкін емес. Осы үлгімен біз де басқан ізімізге қайта қарап, «нені ұттық, неден ұтылдық?» деп 2008 жылға қыр басынан көз тастадық...
Мүшелдің соңы – доңыз қазақ баласын тарықтырған жоқ. Ел 2008 – тышқан жылына жаңарған құрылым, дамыған экономикамен қадам басты. Басталған реформалар, жүргізілген құрылымдық өзгерістер нақты жемісін жегізді. Біз осы кезеңде дамуымыздың жарқын көріністерін көрдік. Сүттей ұйыған ұлт пен ұлыстардың береке-бірлік, ынтымақ-татулығы арқасында жасампаз табыстарға қол жеткіздік. Мұны ел Президенті де: «Өткен жыл Қазақстан үшін жан-жақты экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жолында тағы бір сенімді ілгері қадам басқан жыл болды», деп қорытындылады.
Дағдарыстан – дамуға
2008 – асығымыз алшысынан түскен жыл десек те, қиындықтар мен қауіп-қатерлерге толы болды. Мұны жасырмаймыз және жасыруға болмайды да. АҚШ-тан көтерілген қаржылық дағдарыстың алапат құйыны алдына келгеннің бәрін жайпап, құрдымға кетіріп жатты. Бұл жарты ғасырдан бергі еліміз бетпе-бет келіп отырған аса ірі «қара дауыл» еді. Қаржы-экономикалық дағдарыстың әсерінен мұнайдың да, металдың да бағасы құлдырады. Қаржылық нарық күн өткен сайын миллиондап ақшасын жоғалтып, ірі кәсіпорындар күйреуге бет алды. Көптеген елдер шегіне жете тоқырады. Жұмыссыздық, түрлі шерулер әлемнің әр бұрышында бас көтеріп жатты. Осы қарқынымен бұл дағдарыс бізді де жұтып қоюға тиіс еді. Алайда, өзін әрқашан сергек сезінетін басшымыз осындай қиын-қыстау кезеңде табандылық танытып, ел-жұртын соңынан ертіп, бұл тар соқпақтан да аман алып шықты.
Қаржылық дағдарыстан ел дағдарып, халық арасында қобалжу басталған тұста жыл құжаты Жолдауда ел басшысы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» екенін жария қылды. Ел-жұрты мұны естіп бір серпілсе, әлеуметтік салаға арналған бюджет көлемінің бір тиыны да қысқармайтындығына екі қуанды. Бұл – жұрт көңіліне сенім ұялатты. Дағдарысқа қарамастан мемлекет маңызды жобаларды жүзеге асыратынын жеткізді.
Қиын-қыстауға толы осы жылы түбегейлі даму мен жаңа өрлеуге бастайтын 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық бюджет қабылданды. Жаңа салық, бюджет кодекстері, бәсекелестік, қаржы тұрақтылығы туралы заңнамалар өмірге келді. Бұл айтарға ғана болмаса, атқарарға оңай шаруа емес болатын. Осы қабылданған заң арқылы бизнес өкілдері, өндіріс қожайындары өз қарекетінің жаңа тынысын тауып, экономикадағы тұрлаулылық айқындала түсті.
Істің нәтижелі болуы, әрине, бастаушысымен қатар, қостаушысына да байланысты. Тапсырма қатаң, міндет ауыр тұста ел Үкіметінің мойнына да зор салмақ түсті. «Үкімет пен Ұлттық банктің бірінші және басты міндеті – мемлекеттің экономикалық саясатын бірлесе үйлестіріп, инфляцияны Үкімет белгілеген межелерде ұстап тұру. Бұл міндет Қазақстанның барлық өңірлерінің әкімдеріне де қатысты, өйткені, ол халық мүддесіне тікелей әсер етеді», деген Елбасы пәрменінен кейін К. Мәсімов бастаған команда күткен межеден көрінуге барын салды. Нәтижесінде 2008 жылы құнсыздану 10 пайыздан аспай, экономикалық өсім 4 пайызды құрады. Мұның тағы бір себебі – Үкіметтің дер кезінде қабылдап және жүзеге асырған дағдарысқа қарсы жобасының дұрыстығы.
Әлемді дағдарыс жайлап, өндіріс орындары бірінен кейін бірі жабылып жатқанда Қазақстан 2008 жылы бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің әр облыстарында жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылды. Олардың қатарындағы ірілері: Қарағандыдағы металлургиялық кремний өндіру, Ақтөбедегі базальт талшығын өндіру, Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма өндірісі т.б. кәсіпорындар.
Өндіруші секторда осыған дейін үлес салмағы басым болып келген шетелдік компанияларға енді отандық еншінің артық болуын міндет етіп қойды. «Самұрық» холдингі мен өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар тау-кен металлургия саласын тиімді дамыту мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауы тиіс. Бұл үшін қазіргі тау-кен металлургия компаниялары акцияларының пакеттерін бір жағына шығарып, оларды нақты басқаруға кірісу, сондай-ақ сирек кездесетін металдарды қоса алғанда, қара және түрлі-түсті металдардың барланған кен орындары қойнауын пайдалану құқығын өз қолымызға алуымыз қажет» болды. Шикізат көздері негізгі экспорт түрі саналатын еліміз үшін игеріліп жатқан кеніштердегі отандық үлестің салмағы қаншалықты басым болса, қазақстандықтардың да қалтасы соншалықты қалыңдамақ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзімізде техника-технологияның кемдігінен, қажетті қаржының жоқтығынан мұнай-газ, металл, т.б. кеніштер еріксіз шетелдіктердің игеруіне беріліп келді. Және жіліктің майлы басы да солардың қолында болды. Енді, міне, уақыты келгесін Елбасы мұндағы басымдылықты өз қолымызға алу керектігін міндет етіп жүктеді. Бұл халықтың әл-ауқатының артуының басты кепілі болары сөзсіз екеніне көз жеткізді. Осы мәселеге шындап кіріскен ел Үкіметі Қашағандағы үлесімізді молайтып, кенішті игеру ісі мемлекет бақылауына алынды. Қазақстанның 2008 жылдағы экономикалық саясатының басты жетістігінің біріне – Қашаған жобасындағы отандық үлестің ұлғайғандығын жатқызуға болады. Кенішті игеру бойынша шетелдік компаниялармен жүргізілген ұзақ мерзімді келіссөздердің нәтижесі бойынша «ҚазМұнайГаздың» жобадағы үлесін бастапқы 8,33 пайыздан 16,81 пайызға дейін өсірді.
Сол жылғы Жолдаудағы Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасына ықпал ететін тұстарын атап өтпеуге болмайды. «Қазақстандықтардың, Қазақстан қоғамының барлық жіктері мен әлеуметтік топтарының әлеуметтік көңіл-күйін ұдайы жақсарта түсу мемлекет саясатының алдыңғы сапында болып келді және осылай болып қала береді» деген талап Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Осы тапсырманың нәтижесінде және елді дағдарыстың қалың тұманынан айықтыру жолында жүзеге асқан шешімдердің бірі – осыған дейін сенімді екі тірек болып келген «Самұрық» холдингі мен «Қазына» қорын біріктіру болды. Сөйтіп, ел дамуының кепілі саналатын екі ірі құрылым 2008 жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» болып қайта құрылды.
Тұрақтандырушы жоспар мемлекеттің іс-қимылын бес негізгі бағыт бойынша өрбітті. Осы іс-қимыл ауқымында мемлекет банк жүйесін тұрақтандыру мақсатында Қазақстанның жетекші төрт банкін жалпы сомасы 480 миллиард теңгеге қосымша капиталдандыру туралы шешім қабылдады.
2008 жылдың 2007 жылдан қандай артықшылықтары болды дегенде нақты санға жүгінбесек, айтпақ ойымызды анық жеткізе алмаймыз. 2008 жылғы қаңтар-желтоқсанда негізгі капиталға жұмсалған инвестициялардың көлемі 3 836,1 млрд. теңгені құрады, бұл бұрыңғы жылға қарағанда 4,6% артық. 2008 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 101 209,9 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39,9% өсті, оның ішінде экспорт 57,2%-ға, импорт 15,1%-ға артты. Пайымдаған кісіге осы да бірқыдыру мәселелерді аңғартса керек.
Ел өміріндегі көкейкесті түйіннің тағы бірі – үй мәселесі екені белгілі. Баспана арқылы әр шаңырақ көгеріп, көктейді. Өседі, өркендейді. Онсыз демографиялық ахуал да оңалмайтыны анық. Міне, осы түйткілді шешу үшін: «Мемлекеттік қызметкерлерге және бюджеттік саланың еңбеккерлеріне тұрғын үй құрылысының жинақ жүйелері арқылы жылдық мөлшері 4 пайыздан аспайтын алдын ала тұрғын үй заемдарын беруді жүзеге асыру керек», деп соған жауапты мекемелерге нақты тапсырма берілген болатын. Ол орындалды. Үкімет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 4 пайыздан аспайтын, әрі алдын-ала жарна төлеуді қажет етпейтін жеңілдікті несиелер мемлекеттік қызметкерлерге, сондай-ақ мемлекеттікке жатпайтын кәсіпорындар мен мекемелерде қызмет етушілерге берілді. Орташа айлық табысы 60 мың теңгеден көп емес жанұялар шаршы метрінің құны 56 515 теңгеден аспайтын үйлер алуына жағдай жасалды. Одан басқа жалға берілетін тұрғын үйлер жүйесі іске қосылды. Үкімет мұны жыл сайын үдемелетіп көбейтетіндігін мәлімдеді.
Дағдарысқа қарсы жасалған жоспарға сай тұрғын үй құрылысы және ипотекалық несиелеу саласындағы қиыншылықтарды еңсеруге 360 миллиард теңгеге бөлінді. Осы арқылы тәуелсіздігіміздің 17 жылдығында елімізде 5,8 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Осылайша, 2008 жыл – талай отбасылардың қоныс тойын тойлаған шаттық жылы болды.
Қазақ – ежелден еркіндікті аңсаған ел. Тұңғыш ұлттық демократиялық партия – «Алаш» бағдарламасында, азат ойлы алаш арысы – Барлыбек Сыртанов дайындаған алғашқы жарғының өзінде де еркіндік мәселесі ерекше айтылғаны белгілі (С.Өзбекұлы. Барлыбек Сыртанов. Алматы, Жеті жарғы, 1996). Ендеше, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейтін қазақ елі бағзы замандағы бабаларынан мирас болған осы қағидатты қатты қастерлейтіні заңды. Жыл басындағы Елбасы Жолдауындағы: «Бүгінгі күні ешкім де жаңа партиялардың құрылуына және өзіндік ой-пікірлер мен көзқарастарын айтуға тосқауыл бола алмайды», деген тұжырымы көптің көкейінен шыққаны анық. Осы орайдағы «Қазақстанның саяси жүйесін жетілдіру: заңнамалық аспектілер» тақырыбына арналған дөңгелек үстел әлгі тұжырымнан туындаған болатын. Халықаралық ұйымдар, Парламент, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, азаматтық сектордың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен ғалымдар қатысқан бұл алқалы топ «Саяси партиялар», ҚР «Сайлау», ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарға түзету енгізуді талқыға салды. Нәтижесінде «Нұр Отан», «Ақ жол», «Алға», «Қазақстанның коммунистік партиясы», Қазақстан Журналистер одағы, «Әділ сөз» халықаралық баспасөзді қорғау қоры, т.б қоғамдық ұйымдар заңнамаларды жетілдіру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген халық даналығын ұстаным еткен бұл іс-шаралар заңнамаларды ырықтандыру, Қазақстанда ашықтық, жариялылық, демократиялық принциптерін тереңдетуде прогрессивтік рөлге ие болғандығы сөзсіз. Осы қадамдар «Қазақстанда қазіргі заманғы саяси жүйені дамыту міндеті тұр. Бұл үрдісте саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да қоғамдық институттар басты рөл атқаруы тиіс», деген Елбасы сөзімен үндес шықты.
Осы жылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бақылау жүйесі құрылды. Партиялық бақылаудың тегеурінді шеңгелі, ең алдымен, қоғамымызды дендеп жайлаған індеттің бірі – сыбайлас жемқорлыққа шүйлікті. Өйткені, «бармақ басты, көз қыстыға» халықтың еті үйренгені соншалық, тамыр-таныстықты бейресми жүйе ретінде қабылдайтындай жағдайға жеткен болатын. Жоғарыдағы бастамалары арқылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға бел шешіп кіріскенін көрсетті. Әйткенмен басталған мәселенің аяқсыз қалмауы, діттеген мақсатын орындауы мемлекет органдары, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың көмегінсіз жүзеге аспасы анық еді. Сол үшін жалпы қоғамның белсенділігін арттырмай, бұл жолда әрбір азамат өзінің жауапкершілігін сезінбей жүктелген міндет толық орындалмақ емес. Осыны әбден танып білген Үкімет органдары, партия, қоғамдық ұйымдардың селбесуімен жемқорлыққа, жең ұшынан жалғасуға батыл да нәтижелі соққы беруге кірісіп кетті. Қатардағы қарапайым қызметшіден министрлік, ведомство басшыларына дейін осы жылғы «тазалаудан» шет қалмады.
Абылайдың арманы
2008 – дүниені дүр сілкінткен қиындығына қарамай, біздің елдегі өзгерісті анық бедерлеген айырықша жыл. Олай болатыны – осыдан 10 жыл бұрын бас қаланы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру мәселесі көтерілгенде көңіл-күйі күпті болған адамдар аз болмап еді. «Келешегі не болар екен, арты қайырлы болса игі еді?» десіп, екіұдай күй кешіп едік. Шынын айту керек, осындай алаң көңілде болғандардың бірі өзім едім. Себебі, ол жылдар ел жағдайы оңала бастаған, жұрт тұрмысы қалыпқа түскен мезгіл дегенімізбен, қыстан көтерем шығып, көкке тұмсық енді тиген тұс іспетті болатын. Шалыс бассаң шыңырауға кетіп, қате бассаң қатерге ұрынуың бек мүмкін. Сондықтан да бұл турасында екі қолын төбесіне қойып өре түрегелген әріптестеріміздің, зиялы қауым өкілдерінің кездескендігін енді жасырудың керегі не? Әрине, ол да өзінше елдікті ойлаған адал перзенттік үн қатудан туындағаны рас.
Елордамызды көшірдік, елдігімізді көрсеттік. 2008 жылы оған да он жыл толды. Ел орталығын ауыстыру әсте көктеуден жайлауға көшу емес екен. Ол осығанға дейін қаланған негіздердің нәтижесінде серпіліспен жаңа белеске көтерілу десек те болатындай. Мұны Елбасы: «Біз еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстырдық, елорданы Алатау бауырынан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Шын мәнінде, біз еліміздің жаңа астанасын салуға кірістік. Сол арқылы жаңа мемлекет құруға кірістік... Тәуелсіздіктің негізгі мәні – тарихтың жаңа бетін өз еркімен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық», деп атап көрсетпеп пе еді?
Рас, Қазақ елі астанасын алғаш көшіріп отырған жоқ. Абылай хан ордасын Көкшеден Түркістанға көшіргенде де, одан бергі Орынборды орда еткен алаш Ақмешітке, одан Алматыға ауысқанда да ұпайы түгелдіктен көшпеп еді. Ал, Ақмоланың Астана болып түлеуі – бұл мүлде бөлек жағдай. «Астананы ауыстыру – тек егемендікті орнықтыру мен Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің символы ғана емес. Бұл ХХІ ғасырға дейінгі стратегиялық қадам – еуразиялық қоғамдастықты қалыптастыру мен еуразиялық кеңістікті игеру, еуразиялық даму моделі мен еуразиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қадам. Бұл келесі ғасырда біздің бүкіл алып құрлығымызды тұтас қамтитын аса күрделі геосаяси және геоэкономикалық үдеріске кіргізу». Елбасының осы сөздерінің астарында қаншама салмақ жатқанын оқырман өзі де бағамдай алар. Әсіресе, мұндағы «еуразиялық қоғамдастықты қалыптастыру мен еуразиялық кеңістікті игеру» – бұл, сөз жоқ, біздің түпкілікті стратегиямыз. Ал, оған біз алғашқы қадамды жасадық.
10 жылдық – уақыт бізге елорданың тек саяси қала емес, алаш жұртын ұйыстырған рухани да орталық бола алғанын дәлелдеді.
Осындайда ойға оралады: қалмақ пен қазақ соғысқанда қалмақтың Шарыш деген батырының басын шауып, хан болған Әбілмансұр бір күні ел шетінде ұйықтап жатқан жерінен қапылыста қалмаққа қолды болады.
Қазақтан тоқсан кісі сауға сұрай барғанда қалмақ ханы Қалдан ел көзінше Абылайға: «Мен сені Шарыш сынды батырдың орайына өлтіргелі отырмын. Не арманың бар?» дейді. Сонда Абылай айтыпты: «Үш арманым бар: бірінші – мен кең далада жосып жүрген қазақ деген халыққа хан болып едім. Бір жерге қала салып, ірге тепкізе алмай, жосыған күйінде қалдырдым-ау деп арман қыламын, екінші – Шарышты қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім. Сен аты қалмаққа сауын айтып, әскер жібергенде мен дін мұсылманға хабар айтып, Шарышша қан майданда өлмей, қапыда ұйықтап, қолға түстім-ау; үшінші – мен төрт атадан жалғыз едім, балам жоқ еді. Өлсем, тұқымым құрып кетеді-ау деп арман қыламын», депті («Сарыарқа» газеті. 1917 ж. 5 қыркүйек. № 12). Есіл ер мойнына ажал құрығы төніп тұрғанда елімнің басын қосып, кең далама астана салмадым деп опынған екен. Тарих доңғалағы бәрін орнына қоюда. Абылай көрмеген бақытты бүгін, міне, ұрпақтары көріп отыр. Абылайдың бар қазақтың басын қосып, ірге тепкізсем, еңселі орда тіксем деген аманатын бүгін, міне, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев асқақ абыроймен орындап шықты.
2008 жылы Астананың онжылдық тойына әлем елдері көз тігіп, жетістіктеріне сүйінді. Аз уақыт аясындағы елеулі көз тоярлық келбетіне қарап, таңырқады, тамсанды. 10 жылдық мерейтойға арнайы келген Ресей, Түркия, Әзербайжан, Армения, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Грузия басшыларының толғаныстары, Астана туралы пікір-пайымдары да жоғарыда айтқандарымыздың куәсі. Басқасын былай қойғанда, ұлттық ерекшелігін дәріптеп, өзгелерге мұрын шүйіре қарайтын Жапонияның мемлекеттік өкілі «Астананы жиырма бірінші ғасырдың ғажайыбы» деп бағалауы сөзіміздің жанды мысалы бола алады. Астана, сөз жоқ, әлем елдерінің басшылары мойындағандай, бүкіл Орталық Азия өңіріндегі маңызды саяси орталыққа айналды.
Мәртебесі биік, ынтымағы ұйыған ел
2008 жыл – қазақ жұртының халықаралық беделді ұйымдармен де қоян-қолтық іскерлік қарым-қатынаста болған жылы. Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы белсенді рөлінен тыс, Түрксойға жетекшілік жасауы, Азиядағы ынтымақтастық үнқатысуына бас болуы біздің әлемдік деңгейдегі бекем орнымызды онан әрі нығайтты. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Парламенттік Ассамблеясының 17-ші сессиясы болды. Осы атқарылған іс-шаралар – біздің елімізді Орта Азиядағы мойны озық беделді саяси ойыншыға айналдырды. Еуропаның көңілі осылайша Еуразия кеңістігінің жүрегі іспетті қазақ еліне ауды.
2008 жылы Қазақ елі НАТО-ның да сенімді серіктесі ретінде бағаланды. Осы жылдың 9-12 маусымында НАТО Парламенттік Ассамблеясының президенті Ж.Лелло Қазақстанға алғашқы ресми сапарын жасады. Соның жалғасы болып 11-қыркүйекте НАТО бас хатшысының орынбасары Клаудио Бисоньероның еліміздегі тұңғыш сапары сәтті аяқталды. Дүниежүзілік кеңістікте елеулі рөлі бар Солтүстік Антлантикалық одақ жоғары басшылығының елімізге жасаған осындай бірқыдыру ресми іссапарларынан кейін біздің әлемдік ықпалдастықтағы саяси белсенділігіміз онан әрі арта түсті. Оған мысал НАТО-ның саммиттен кейінгі ең үлкен іс-шарасы – Қауіпсіздік форумы 2009 жылы Қазақстанда өтетін болып белгіленді.
Аталған іс-шаралардың бәрі жыл басындағы Жолдау рухын бойына сіңіріп тұрғанын мынадан аңғарамыз: «Біз Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен өзіміздің экономикалық және саяси ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта беруге тиіспіз. Өңірдегі тұрақтылық, ашық пікір алысу және өзара іс-қимыл таныту үшін берік негіз қалауымыз қажет. Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту мақсатында біз, сонымен қатар, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен және НАТО-мен сындарлы іс-қимылды кеңейте береміз».
2008 жылдағы НАТО-мен өзара іскерлік қарым-қатынастың тығыз болғандығының тағы бір көрінісі мынау: 7-11 сәуір кезеңінде Астана және Алматы қалаларында «НАТО мен Қазақстанның әріптестік аптасы» өтті. Оның аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының негізінде НАТО-ның депозитарлық кітапханасы ашылды, бұл – бір; екінші – 12-13 қарашада Қазақ елінің делегациясы Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың басшылығымен Валенсия қаласында өткен НАТО Парламенттік Ассамблеясы сессиясының жалпы отырысына қатысты. Сондай-ақ, ол жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелерінде, НАТО-мен қарым-қатынас турасында Қазақстан Республикасының ұстанымын білдірді.
Президент осы жылғы Жолдауында еліміз халықаралық дәрежеде танылуының жаңа сапалық деңгейіне көтерілгенін тілге тиек етіп, осыған орай: «Еуропаға жол» атты арнайы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты. Ол экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, басқарудың тәжірибесі мен технологиясын тартуға, заңдарымызды жетілдіруге, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің стратегиялық пайымын және өзіміздің күн тәртібімізді белгілеуге ықпал етуге тиіс» деген еді. Айтылған мәселе аяқсыз қалған жоқ, өз деңгейінде толық орындалды және нақты іс барысында жүзеге асты. Оның көрінісі ретінде 17 қарашада «Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Германияның Дюссельдорф қаласында болған «Қазақстанның экономика күні» шарасын атай аламыз. Аталмыш шара Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығының үш көкейкесті бағыттарына арналды. Оларды атап айтсақ мыналар: «Қазақстанда кәсіпкерлік ісін бастау және жүргізу жөнінде тәжірибелік ұсыныстар», «Неміс фирмаларының Қазақстандағы практикалық тәжірибесі» және «Жаңа неміс технологияларын тарту үшін Қазақстандағы құқықтық негіздер және инвестициялық климат».
Халқымызда «Теңіздің дәмі тамшысынан» дейтін сөз бар. Біз жоғарыда атын атап, түсін түстеп көрсеткен іс-шаралар «Ұлттың өрге басуы», «Қарқынды даму» сынды ірі өлшемдерге салсақ, тым қарапайым көрінуі де мүмкін. Алайда, «Мәскеудің бір күнде тұрғызылмағаны» сияқты, жойқын табыс та бір-ақ күнде аспаннан жаңбырша жаумаса керек. Сондықтан бұлар, сөз жоқ, еліміздің өрге басуындағы игі қадамдар. Осындай аяқ алысымыз арқылы біздер әлем алдында өз орнымызды бекіттік, болашаққа жағымды жаңалықтармен беттедік. 2008 жылдың сыртқы саяси жұмысының қорытындылары «Біздің елімізге жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді атсалысатын беделді де жауапкершілікті ел мәртебесін бекітті».
Еліміздің ішкі саясаты саласындағы атап айтар айырықша бір маңызды оқиғасы – «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның қабылдануы. Ассамблея туралы сөз қозғағанда осы институттың елімізде атқарып отырған рөлі, маңызы хақында айтпай кетуге болмас. Еліміз – көп ұлтты мемлекет. Өзге этностар қазақ ұлтын ұйытқы етіп, соның айналасына топтаса отырып, бүгінгідей ірі асуларды бағындыра алды. Қазір мейлі Еуропа, мейлі Азия немесе басқа құрлықтағы мемлекеттердің ішкі жағдайына үңілер болсақ, ондағы ұлтаралық қақтығыстар, дінаралық кикілжіңдер күн өткен сайын шиеленісіп, тіпті, мемлекетті ыдыратуға дейін алып келіп жатыр. Оларда да ұлтаралық топтастыру, этностарды ұйыстыру басты мәселеге айналып, сол үшін тиісті қадамдар жасалынғанымен, онысы күткен нәтиже бермегенін уақыт көрсетіп отыр. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттарды топтастырушы дүниежүзілік көп модельдің бірі болғанымен өміршеңдікке ие дара нұсқа екенін көрсетті.
Мәдениетіміз толысып, мұрамыз қайта түледі
2008 жылдың айтарлықтай алға басуының тағы бір сипаты – ұлттық мұраны қайта түлету, ұлттық мәдениет пен спортты қолдау үшін ірі-ірі жұмыстар атқарылғандығында болса керек. «Біз ғасырлар тезінен өткен ұлттық рух пен туған тілімізге, дәстүр-салтымызға қамқорлық жасап, бұдан былайғы кезеңдерде де олардың өрісін кеңейте беретін боламыз», деген Елбасы сөзінің аясында “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша 51 тарихи және мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді. Одан бөлек ондаған археологиялық ескерткіштерге қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қазақтың ойшыл ғұламасы Шәкәрім қажының 150 жылдық тойы салтанатты түрде аталды. Мемлекеттік тілді дамыту бойынша “Мемлекеттік тілді дамыту” президенттік қоры құрылып, бірқатар жаңа жобаларды өмірге әкелді. Осы жыл ішінде екі бірдей жаңа мәдениет ошағы – Шымкентте опера және балет, Қарағандыда қазақ драма театрлары ашылғанын білеміз. Одан басқа да ауыз толтырып айтар табыстарымыз мол болды. Бұлардың бәрін біз елдік пен егемендігіміздің қазығын нықтап бекіте түскен мәдени толысу, жаңару жолы деп бағалаймыз.
Дәл осы 2008 жылы Санкт-Петербург қаласының мәдениеті мен ғылымы және өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Ресей мемлекеті Мұстафа Шоқайды «Петербург тұлғасы» медалімен марапаттады. Мұны біреу біледі, біреу білмейді. Реті келгенде сөздің атасын өлтірмей айтпасақ болмас. Франция мен Германия сияқты өркениетті елдер мойындап, бүкіл түркі дүниесі тәнті болған тұлғамызды біз осы қаншалықты бағалай алдық? Тәуір-ақ қадірлеп жатырмыз ғой дейін десең, Алматыдағы адам бармас шетте жатқан көшесінің түрі анау, көрген кісі ұялатын. Елордада да атына лайық қасқайып тұрған бір мүсіні жоқ. Дегенмен, үмітсіз – шайтан... Қаны сұйымаған қазақ азаматтары бар болса, ол да жуық арада іске асып қалар деп үміттенеміз.
***
Қазіргі кезде Одақтан «отау» болып бірге бөлініп шыққан республикалардың қайсыбірі жадап-жүдеп, төңкерістен көз ашпай жатса, енді бірі экономикасы құлдырап, реформалары тоқырап, халқы баз кешіп сенделіп, көрші елдерде босып жүр. Тіл-аузымыз тасқа, оның жанында қазақ елі айдарынан жел есіп тұр десе де жарасады. Тек, ұзағынан болғай...
Тағы да есімізге ескі тарих оралады: «Бек ұлдары – құл болып, пәк қыздары – күң болып» Табғаш жұртына бір кездері берекесіздігімізден бодан болған ел едік. Қиын жағдай, қыспақ күндер Абылайды да саяси қажеттілік үшін Ежен ханға бағыныштымын деп хат жазуына мәжбүр етіп еді. Енді, міне, сол миллиардтар елінің бүгінгі билеушісі 2008 жылғы Олимпиаданың ашылу қарсаңында тұңғыш Президентімізге былай депті: «Олимпия ойындарының ашылуына 80-нен астам мемлекеттер мен үкімет басшылары келеді. Бірақ та мен жеке қабылдауды үш мейманға ғана – Президент Дж. Бушқа, премьер В. Путинге және Сізге ғана жасаймын».
Миллиардтар ханы тағынан түсіп, миллионға сәлем бергені еліміздің халықаралық аренада, сөз жоқ, елеулі саяси ойыншы екендігін білдіреді. Бұл да болса қадірлі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімімен тікелей байланысты. Осыдан асып біздің де айтарымыз жоқ.
Намазалы ОМАШҰЛЫ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор.